​«Құрбым өзіне күйеу сатып алды»: түркістандық әйел құрбысының құпиясын жайып салды

0
1 461

«Мен күйеуімді сатып ала саламын» дейтін...»


​«Құрбым өзіне күйеу сатып алды»: түркістандық әйел құрбысының құпиясын жайып салды
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Қазақтың даналығына әр сәт сайын таңданамын. Әр сөзінің астарында мән бар, мағына бар ғой. Баяғыда әжеміз, әке-шешеміз «тіліңе ие бол, жақсы сөзге де, жаман сөзге де бір әумин» депа айтса, дым мән бермейтінбіз. Ал шындығында отыз тістен шыққан әр сөзің тағдырыңа айналады екен ғой», - дейді түркістандық Әлия есімді оқырманымыз.
Оның ең жақын құрбысы күйеуін бұрынғы әйелінен кәдімгідей сатып алған. Оқиғаның қалай болғанын Әлия ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.
«Айгүл екеуміз он бір жыл бірге оқыдық. Айырылмастай дос болдық. Үйіміз де қатар еді, жұбымыз жазылмайтын. Оның қайсар мінезі бар еді. Өз дегеніне жетпей қоймайтын. Бойжетіп, жігіттер қырындап, бала сезім ояна бастаған кез еді. Бәріміз болашақ күйеулеріміз туралы қиялдап, әңгімелейтінбіз. Сонда Айгүл «осыдан көресіңдер, мен бизнес-вумен боламын, қалада, ыстық суы, туалалеті бар үйде тұрамын. Өзім сүйген адамды ақшама сатып ала саламын» дейтін. Біз оның сөзін күле тыңдайтынбыз. «Адам саған зат па, сатып ала салатын?» деп мазақтайтынбыз.
Мектеп бітірген соң екеуміз де Алматыға оқуға түстік. Айгүл жігіт атаулыға мүлдем назар аудармады. Ешкімге көңіл бөлмеді. Мектепте оқуға аса көңіл бөлмеуші еді, студент болғалы кітаптан бас алмайтын болды. Бар білгені оқуы мен кітапхана болатын. Дипломын қолына алған соң Айгүлдің айы оңынан туды. Ол Шымкентке келді де, бірден жеке бизнеске кетті. Мемлекеттік деңгейдегі тұлғалармен жұмыс істеді. Арамызда ең бірінші болып сол шетелдік көлік мінді, керемет үй алды. Біздің қолымыз бала жаялығынан құрғамай отырғанда Айгүл ата-анасынан бастап бауырларына дейін жағдайларын жасап, бәрін Шымкенттен үй әперіп, отырғызып қойды.
Өкініштісі сол, Айгүл жасы отыздан асқанша отбасы құрау туралы ойланбады. Ойланған да болар, бірақ кездескен кезде жігіт туралы әңгіме қозғасақ басын ала қашатын. «Жақсы жігіт жоқ қой қазір» деп бір-ақ ауыз сөзбен тыйып тастайтын да, тендер, бизнес жайлы әңгімелерін бастап кететін.
Бір күні Айгүл менің үйіме келді. Шай іштік, әңгімелестік. Оның бірдеңе айта алмай, қипақтап отырғанын ішім сезді. «Не болды, Айгүл? Сен бірдеңе айта алмай отырсың ғой» дедім оған. Сол-ақ екен ішіндегі бар құпиясын жайып салды. «Қалай айтарымды білмей отырмын» деп әңгіменің тиегін ағытты келіп.

Сөйтсем, Айгүл бір жігітке ғашық болып қалыпты. Жасы отыз беске жеткенде жігіт жайлы әңгіме айтқаны маған қызық көрінді. Содан, құрбымның әңгімесінен ұққаным, ол жігіттің әйелі бар екен. Бірақ араларында бала жоқ. Әйелі көтере алмай жүр екен. Соның салдарынан соңғы уақытта жиі ұрыс-керіс болып, аралары суи бастапты. Ол жігіт те Айгүлді ұнатып қалыпты. Екеуі біраз уақыттан бері жарасып, жүре бастаған.
Енді болған жағдайды жігіттің бәйбішесіне жұқалап жеткізу керек екен. «Менімен бірге жүрші, әйеліне барып, болған жағдайды түсіндірейік» деді. Маған сеніп, осындай тірлікпен өтініп келген соң сөзін жерге тастай алмадым.


Сонымен, біз ертесі Жандостың үйіне бардық. Қала шетіндегі «хрущевкалардың» бірінде тұрады екен. Екі бөлмелі жұпыны пәтер. Жандос пен әйелі заңды некеде демесек, жігіт соңғы бір ай бойы Айгүлмен бірге тұрып жатқан еді. Есікті ұзын бойлы, арықтау келген сары келіншек ашты. Сабырлы екен, ләм-мим деместен төргі бөлмеге кіргізді. Басына түскен тағдырға мойынсұнып қойған ба, тұрмыстың тауқыметі қажытып жіберген бе, артық-ауыс әңгіме айтпады.
Айгүл әлгі әйелге бар жағдайды түсіндіріп айтты. Қазір Жандостың өзімен бірге тұрып жатқандығын да жасырған жоқ.
«Сен қарсы болмасаң, біз Жандос екеуміз үйленсек деген шешімге келдік. Өз еркіңмен Жандосты маған бер. Сенің ауылда ауырып жатқан әкең барын да білем. Оны емдеуге қаржыларың жетпей жатқан секілді. Мен қаражат жағынан көмектесемін. Тек бізді қарғай көрме. Жандосты әбден тексерттім. Денсаулығында кінәрат жоқ екен. Араларыңда бала да жоқ. Бағын байлама, ұрпақ сүйіп, бақытқа бөленсін. Әрі сауабын аласың. Сенің де өз теңіңді табатыныңа сенемін» деген кезде әлгі әйел еңіреп жылап жіберді.
Айгүл екеуміз әрең дегенде жұбатып алдық.
Бетін жуып, су ішкен келіншек біраз уақыт аузын ашпай отырып қалды. Сәлден соң, «Адамгершілігіңіз бар екен. Сыртымнан жүріс жүрмей, бар шындықты өзіме келіп айтқаныңызға риза болдым. Тағдыр солай болған шығар. Жандостың қырсық мінезіне шыдай алсаңыз, бердім сізге. Ажырасу туралы арызды өзім жазам. Ал әкеме көмектесем десеңіз өзіңіз білерсіз. Қолыңызды қақпаймын. Жандосқа айтарсыз, мына үйді менің атыма қалдырсын. Бөліске салмасын. Бар талабым – осы» деді. Айгүл екеуміз үйден шығып бара жатқанда ол әлгі әйелге «мынаны сізге Жандос беріп жіберді» деп бір конверт ұстатып кетті. Үйден шығып, көлікке келгенде Айгүл өксіп-өксіп жылады. Мен оның көңіліндегі аласұрған сезімдерді іштей сездім де, жұбатпадым. Шер тарқатып алсын дедім...
Міне, содан бері он жылдай уақыт өтті. Қазір Жандос пен Айгүлдің екі ұлы бар. Тәп-тәуір отбасы болып кетті. Айгүлдің ісі өрге домалап, дәулеті одан сайын арта түсті.
Таяуда менің туған күніме балаларын ертіп келген. Он жыл бұрынғы осы оқиғаны еске алдық. «Сол кезде Жандостың әйеліне не беріп кеттің?» деп сұрадым. Әйелдің әуестігі қалсын ба? «Ол коверттің ішінде жиырма мың доллар бар еді» деді. Сол заманда жиырма мың долларға неше үй, неше жер алуға болатынын ойлай беріңіз енді. Күйеуді сатып алмағанда не болды? Құрбым бала кезде айтқан уәдесін орындады...»