​«Қыздың қайтып келуі өлікті қайта қазып алғанмен тең бе?»: маңғыстаулық ана атасына ренішті

0
13 996

Естімеген елде көп...


​«Қыздың қайтып келуі өлікті қайта қазып алғанмен тең бе?»: маңғыстаулық ана атасына ренішті

Фото: roc21.com

Қазақта «Қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман», «Кеткен қыз шиден тысқары» деген сөздер бар. Бірақ «кеткен қызды қайтып әкелу өлген адамды қабірінен қайтадан қазып алғанмен тең» дегенді естігенсіз бе?

Маңғыстаулық Нарқыз есімді ана да бұндай сөзді бұрын-соңды естімегенін айтады. Алайда қайынатасы осы бір сөзді қайталап, алып-қашудың құрбаны болған қызын аттаған босағасында қалуға мәжбүрлепті. Соңы өкінішпен аяқталған.


Өкінішті оқиғасын Нарқыз ана ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді. Ол адам өмірінен салт-дәстүр, қатып қалған қағидалар артық па дейді.


«Жалғыз қызым бар еді. Одан кейін төрт ұлды дүниеге алып келдім.

Қызымның тағдырына қатты алаңдайтынмын. Бойжете бастағаннан «Жақсы адам жолықса екен, өз сүйгеніне тұрмысқа шығуды нәсіп етші» деп, Тәңірден тіледім.

Бірақ адамның айтқаны бола берсе қанекей, арманым орындалмады. Қызым мектепті бітірген күні оған көз тігіп жүрген бір жігіт алып қашып кетті.

Сол күні жүрегім өрекпіп бір жамандықты сезгендей болдым. Қызымды бітіру кешіне жібергім келмеді. Бірақ ол қатарынан қалғысы келмей, өтініп сұранды. Көңілін қимадым.

Аудан орталығына кафеге кеткен қызды таңға дейін көз ілмей күттім. Өзім де жас болдым. Мен де мектеп бітірген соң сыныптастармен қыдырып, таң қылаң бергенде ғана үйге қайтқанмын. Ата-анамды сол кезде мен де әбден уайымға салған екенмін ғой.

Таңертең үйге екі кісі сау етіп кіріп келді. Хабаршылар екен. Үйдегі барлық мәселені қайынатам шешетін. Ол не айтса сол заң еді. Бірақ бұл жолы мен қайынатаммен келіспедім. «Жас қой. Мектепті енді ғана бітірді. Қиналады. Оның үстіне сөз байласып жүрген жігітіне тұрмысқа шықса да бір сәрі. Өзінен жеті жас үлкен жігіт оның нәзік жанын түсінер ме екен?!» деп жыладым.

«Алып келем» дедім. Қуғыншылармен еріп кетпек болдым. Атам қарсы болды. «Әкелмейсің. Үйге кіргізбеймін» деп отырып алды. Қуғыншылар барып келген соң да менің жылап жүргенімді көрген атам «Бері кел. Отыр мұнда» деді қатқыл дауыспен. «Қыздың қайтып келгені мен үшін өліммен тең» деді сосын. «Қызымның тағдыры тұрғанда жұрттың сөзі не керек? Жұрттың алдындағы абыройыңызды ойлайтын жағдай емес. Мектепте үздік оқыған қызымның армандары бар еді ғой» деп атама ренжідім.

«Қазақта қыз бойжеткенне бастап оң жаққа шымылдық құрып қояды. «Оң жақта отырған қыз» деген сөз содан қалған. Ал енді есіңе түсірсейші, енең қайтқанда да оң жаққа шымылдық құрып жатқыздық емес пе? Марқұмды соңғы сапарға жөнелткенде де оң жақтан шығарады. Қызды ұзатқанда да солай. Өлген адамды қайтіп үйге кіргізбейді. Шиден тысқары болды ма, ол бақиға кетті деген сөз бұл. Өлікті жерлеуге алып кетіп бара жатқан адамдар артына қарамайды. Кетіп бара жатқан қызға да «артыңа қарама» дейді. Болды ол енді сенің адамың емес. Басқа рудың ұрпағын көбейтеді, соларға қызмет етеді. Ұмыт. Өлген адамды қалай ұмытсаң, қызыңды да солай ұмытуың керек» дегенде, ары қарай тыңдағым келмеді. Бірақ одан асып ешнәрсе істей де алмадым.

Сол кезде неге атамды тыңдадым деп қазір өкінем. «Менің қызым, мен туғанмын. Оның тағдырын мен шешем. Араласпаңыз» деуім керек еді. Жас болғам ғой, әйтпесе қазіргі әйелдер өз перзентінің тағдырына ата-енені араластырмайды.

Не керек, мен ойлағандай қызым келіндік өмірде қатты қиналды. Күйеуін сүйіп кете алмағанын талай рет айтты. «Жиіркенішті адаммен бір жастыққа бас қою қандай азап еді» деп те жылағаны әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді.

Ол балалы болғаннан соң да «Мама, мені ажыратып алыңызшы. Шыдай алмаймын» деп бірнеше рет үйге келген. Атам «Ендігәрі жалғыз келуші болма» деп үйден қуып шыққан еді. «Ата, ол дөрекі адам, ол мені бір күні өлтіріп қояды» деп жылап еді, атам «Сол үйден өлігін шықсын, қайтып келме» деп ұрысты.

Содан кейін қызым үйге келмейтін болды. Ішіндегі мұңын да айтпады.

Екіншісіне жүкті кезінде ауруханада жатып көз жұмды. Біз оның ауруханаға түскенін де білмедік, ешкім айтпады.

Дәрігерлердің айтуынша, қызымның бауырына зақым келген. Олардың болжамынша, қатты соққы тиген, бауыры езіліп кеткен. Бұны естіп жүрегім езілді.

Арада бірнеше жыл өткен соң қызымның ата-енесімен көрші боп тұрған әйелді бір тойда кездестіріп қалдым. Ол күйеу баланың қызымды күнде ұрғанын, көкала қойдай етіп тепкілеп тастайтынын айтты. «Тепкілегеннен бауыры езіліп кеткен ғой» дегенде, құлынымдап жыладым. Арыз жаздым, күйеу баланы сотқа бердім. Бірақ іс жабулы қалды. Өйткені менде ешқандай дәлел жоқ. Дәлел қара жердің астында.

Содан бері тағы да талай жыл өтті. Қызым тірі болғанда қыркүйек айында 45 жасқа толар еді. Қызым шырылдап жылағанда оған араша түсе алмағаныма әлі күнге дейін өзімді кінәлаймын. Айтқанынан қайтпай отырып алған марқұм қайынатамды да әлі кешіре алмай жүрмін...

Жақында сол қызымның қызын ұзаттық. Ол өз сүйгеніне тұрмысқа шықты. Бақытты болсыншы!»

Бүгінгі заманды бұдан 20-23 жыл бұрынғы күндермен салыстыруға болмайды. Десек те, әлі де қыздың келісімінсіз алып-қашатындар жоқ емес дейді Нарқыз ана. Ол қыз келіспесе, оны алып-қайту керек дейді.



Ұқсас оқиғалар:


«Көлігімен алып жүргені үшін өз балам бензин пұл сұрайды»: шымкенттік ана тәрбиеде жіберген қателігін айтты

«Әйелім 10 жылдан бері қасыма жатпайды»: елу жастағы азамат не үшін ажыраспай жүргенін айтып берді