"Жеткіншек қызымның артымнан жүгіргенін, «Кетпеші, мама» деп етегімнен тартқанын күттім"
Сурет: asset-2.tstatic.net
"Айтайын дегенім, тұңғыш қызымның мінез-құлқы. Отбасындағы тұңғыш бала ғана емес, әулеттегі тұңғыш немере болғандықтан, ата-ененің бауырына салу деген дәстүр әлі де бар ғой. Әсіресе ауылдық жерлерде. Мен де солай тұңғыш рет ана атандырған қызымды ата-енемнің бауырына салып, атасы мен апасының қызы деп өсірдік" деп ERNUR.KZ қызметкеріне басындағы жайды баяндады қызы үшін мазасы қашқан ана.
"Жалғыз қыз деп отырғаным – қыздан жалғыз болғандықтан. Одан кейін тағы екі ұл босандым. Олар әлі кішкентай.
оған басын қатырып, қызымның болашағын ойлап отырған ешкім жоқ. Табиғатымнан сөзге сараң адам
болғандықтан, осы он бес жылдың ішінде енеммен бір іщай десіп көрмедім. Аяусыз жұмсаса да, кешіре білдім.
Сондағы бар жұбанышым «балаларым үшін» деген ойым болатын. Қазірде енем мені сол жалғыз
жұбанышымнан да айырып тынды. Қызымды өзіме қарсы тәрбиеледі.
«Апасының қызы» деп өсірген жалғыз қызым атымды атағаны былай тұрсын, «әй», «мынаны істемепсің ғой» деп зекитін болды. Енем жоқта сөйлесейін деп оқталсам, «Қойшы, сен не білесің? Мектептен соң оқымағансың ғой» деп жанына жолатпайды. Кейде ұрып болса да қайта тәрбиелегім келеді, әттең. Тек үйдің берекесі қашпасын дейсің.
Жолдасыммен арамыз суып кеткелі қашан... Әкесі дүние салғалы бері өз бетімен кетті. Ішеді, жиған-тергенді
шашып әлек. Шешесі баласынан ала алмаған өшін менен алып, күнде ұрыс бастап отырады. Тамақ та
батпайды соңғы кезде. Өмірімнің ертеңін елесте алмай, тұманда адасып жүрген жандаймын. Аядай ауылда
сырласатын жақын жан да жоқ. Шешеме айтасам «Шыда. Жарты өмірің өтті ғой сол үйде, балаларың бар» деп жұбатып әлек.
Жолдасымды «мынаның адам болмайтын түрі бар деп» қалаға жұмыс істеуге жіберді. Бар шаруа менің мойнымда. Тіпті кейде көрші тұратын қайынсіңлім «Кір жуып жатыр екенсің ғой, менікін де жуа салшы, жұмыстан қолым тимей жүр» дейтінді шығарды. Оның үстіне енем де «Оның жұмыстан қолы тимейді, сен боссың ғой, үйін жинап келші» деп жіберетін болды. Бәрі жүйкемді жұқартып бітті.
Шыдамның да біткен жері осы-ау деймін. Өмірімде алғаш рет енеме «Бұл үйге қырсық әкелген мен шығармын. Мен кетейін онда» дегенім сол еді, «Мынаған тіл бітейін деген екен. Кетсең – кет» деп кеудемнен итеріп, сыртқа бір-ақ шығарды. Ашуға булыққан күйі «Енді ол үйдің табалдырығын» аттамаймын деп ант беріп, қақпа есігін тарс жауып кете бардым.
Тұла бойым алай-түлей болса да, кеудемде бір үміт жеткіншек қызымның артымнан жүгіргенін, «Кетпеші, мама» деп етегімнен тартқанын күтті. Бірақ ол дыбыс естілмеді. Бірнеше айдан кейін қызымды ертіп, жолдасым кешірім сұрап келді. Екі ұлымды өзіммен бірге алып кеткен болатынмын. Оларға айтқанымды істете алсам да, қызыма әлім келмеді сол кезде. Менімен бірге еріп кетпей, сол жерде қалды.
Күйеуім келіп кешірім сұраған соң, балаларымыздың болашағы үшін «Жарайды. Бірақ мені өзіңмен бірге қалаға алып кет» деген шартпен қалаға келдік. Жолдасым сол баяғы тірлігіне қайта басты. Ішеді, ақша да жарытып таппайды. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз.
Жүйкем жұқарған ба, қазір ештеңеге төзгім келмейді. Бұл күнге де қолымды бір-ақ сілтеп, ұлдарымды ертіп бөлек тұрып жатырмын. Бірақ аналық жүрегім әлі де тыныш емес. Жасөспірім шақтағы қызымның қиын мінезіне алаңдаймын.
Менің жарқырап жаңа киім кимей, бой жазып отырысқа бармай, ертелі-кеш солар үшін сүрген он бес жылғы өмірімді қызыма кім түсіндірер екен? Теріс тәрбие алған ол ертең қандай келін, қандай ана болмақ? Оның тағдырына алаңдағаныммен, түк те істей алмайтындығым қынжылтады. Себебі енем маған қарсы тәрбиеледі. Мені ол ана тұрмақ, адам ретінде де сыйлай білмейді.
Қызымның бойжете бастаған шағында шаңырақ бұзылып, кетіп қалғанымды да басқаша түсіндіріп, санасын өтірікпен улап жатпағандығына кім кепіл? Енді менің не істеуім керек? Апасының барлық айтқаны дұрыс бола бермейтінін, оған менен жақын адам жоқ екенін қызыма қалай түсіндірем?"