"Бұл мінезі бізге жақсы болғанмен, өзіне зиян боп шықты"
Сурет: zillow.com
"Қызымның кішкентай кезінде тілалғыштығына бәріміз сүйсінетінбіз. Не айтсаң да, екі етпейді. Жұмсасаң, тымпыңдап жүгіре жөнеледі. «Қандай рақат! Қандай жақсы қыз» деп жүрдік. Бірақ, 7-8 жасқа келгенде мұндай болғаны өзіне зиян екенін түсіндім" дейді ERNUR.KZ порталына хабарласқан жас ана.
"Басқалардың көңіліне қараймын деп, өзі қалаған көп нәрседен бас тарта салады. Сыныбында да өз ойын айтпайды, тек басқалар қандай шешім шығарса, соған бағынатынын байқадым. Мұндай мінезбей кейін әркімге жем болады, қандай адам жолығатынын кім білген, күйеу не енесі түтіп жіберса, түгі қалмайды ғой деп, қызымды басқаша тәрбиелей бастадым.
Бұрын киімді өзім әкеп беремін, ол соны кие беретін. Енді өзіне таңдататын болдым. Алдымен «Саған қандай үлгі ұнайды? Сыныптастарың не киіп жүр? Қазір қандай киім сәнді? Биыл жаңадан не шықты?» деп сөйлесіп, интернеттен суреттер көріп, талқылай бастадық. Киім алуға өзін ертіп барып, өз таңдауын жасауға үйреттім. Арасында «Не жегің келіп тұр? Бүгін сенің қалаған тамағыңды пісіремін» деп сұрап, қалауын айтуын қалыптастырдым. Каспиіне азын-аулақ ақша салып, «Өзің қалаған нәрсеге жаратарсың» деймін. Кейде сабаққа барғысы келмесе, «Жарайды, өзің шеш. Бірақ апайға өзің жауап бересің» деп, одан да басқа жағдайларда шешім қабылдау еркіндігін бердім. Анда-мұнда ертіп барып «Маған қарама, өзің қалаған нәрсеге тапсырыс бер» деп үйреттім.
Оңай болмады, әрине. Шешім қабылдамауға, басқалардың шешімімен жүруге әбден көндігіп қалған. Сонда да менің сұрақтарыма жауап беремін деп жүріп өз таңдауын жасауды үйренді, талғамы қалыптасты. Қызым ашылып, өз ойын айтатын болды.
Ойын сауатты, агрессиясыз жеткізе алуы үшін пікірталасқа үйрете бастадым. «Мен былай ойлаймын. Келісуге міндетті емессің. Сенің ойың басқаша болса, онда тұрған ештеңе жоқ. Тек пікіріңді білгім келеді» деп біраз тақырыптарды талқыға салдық. Әлі де сөйтеміз. Ер-әйел, жоғары-төмен деп бөлінбеу, теңдік, адамның қоғамда өзін ұстауы, мамандық таңдау, тағы басқа көп тақырыптарда айтар ойы терең.
Қыз тәрбиесі десек, бірден ата-бабамыздың тыйымдарын айтып шығамыз. Ол да дұрыс болған шығар өз уақытында. Бірақ, білетінім, қазіргі кезде қыздар момақан, жуас болмауы керек. Өйткені, оларды өз үйінен тыс жерде ешкім аяп, аялап, әлпештеп жатқан жоқ. Орайы келсе, әлімжеттік жасауға дайын тұрады. Келін боп барған жерінде өз баласындай көріп, жаны ашып жатқандар аз. Керісінше, күйеуден бастап, енесі, қайын сіңілі, қайын апалардың түтіп жейтінін көп көріп жүрміз. Сондықтан, қыз баланы баса бермеу керек сияқты. Ертеңгі күні өзін қорғай алатын батылдық керек."