"Абысыным маған бауырларын жамандап отырады..."
сурет көрнекілік үшін media.az сайтынан алынды
"Абысынымның өскен ортасы, тәрбиесі басқа. Ол да көп жанды отбасыдан шыққан. Бірақ бауырларымен қашанда араздасып, ренжіп жүреді. Үнемі маған әпкесін, сіңлісін жамандап отырады" дейді ERNUR.KZ порталының оқырманы.
"Байқағаным, абысынымның бауырлары бір-бірінің кемшілігін жұртқа жария етіп, масқаралағанды жақсы көреді екен. Той-томалақ жасаса, ертеңіне «Әпкемді байқадың ба, сазарып отырды. Іші күйіп кеткен шығар» дейді. «Әпке деген анаңдай адам ғой. Ол тілеулес. Іші күйетіндей сенің құрбың немесе абысының емес, неге бауырларың туралы олай ойлайсың?» деп мен шыр-пыр болам.
Абысыным ұлын үйлендіргенде кәрі шешесі келді. Басқа облыста тұрғандықтан бір апта жата қонып кетті. Сонда байқағаным, құдағи балаларын бір-бірімен салыстырып, «Кенже балам бәріңнен озды. Оның ұл тойында 40 жылқы түсті», «Сіңліңнің күйеуі озды. Шешесіне қымбат тон кигізді» деп отыр. Мақтасын, бірақ бауырларымен салыстырып, «сенен озып кетті» деуге болмайды ғой?!
Кішкентайынан балаларын бір-бірімен бақталас етіп өсіргені байқалады. Содан кейін абысыным әпке-сіңлілерін ең жақын сырласындай көрмейді, күндесі ретінде қабылдайды.
Өкініштісі, абысыным да ұл-қыздарын алалап, бір-бірімен бәсекелес етіп тәрбиелеп жатыр. Жақында абысынымның студент қызы үйге қыдырып келген. Сөз арасында тұрмыстағы әпкесі жөнінде сұрап едім, «Ой, ол босанған соң семіріп кетті. Көресіз ғой, оны жездем тастап кетеді. Ал мен диета ұстап артық салмақ жинамауға тырысам. Мен оның күйеуінен де зор жігітке тұрмысқа шығам. Сол кезде әпкем көреалмай, іші күйіп кететін шығар...» деді. Сөзі мені шошытты. Абысыным сияқты қызы да өз бауырларын жаудай көретіні қынжылтты.
Әрине, абысыным қызына осындай бол деп тәрбиелеп жатқан жоқ шығар, бірақ ол анасының сөзінен, ісінен үлгі алып жатқаны анық.
Біз кішкентайымыздан анамыз бен әкеміздің татулығын, бір-біріне деген махаббатын көріп өстік. Өзім тұрмысқа шыққан соң ыдыс-аяғы сылдырламайтын отбасының болмайтынын түсіндім. Әке-шешеміз де мәңгі тату болып, ын-шынсыз өмір сүрмегенін ұқтым. Мінсіз отбасы болмайтынын да білдім. Бірақ таңқалатыным, олар балаларының көзінше ұрысқан емес. Біз мектепте кезде, оңашада мәселелерін талқылап, бәлкім айқайласып та алған шығар деп ойлаймын. Өйткені екі түрлі мінезді, екі түрлі тәрбие алған адамның үнемі келісіммен үйлесім тауып өмір сүруі мүмкін емес.
Күйеуіммен келіспей қалғанда мен ата-анамның дастархан басында, біз отырған жерде ұрыспағанын еске аламын да өзімді сабырға шақырамын. Әрине, бұл айтар сөзді, өкпе-ренішті ішіңе жұта бер деген сөз емес. Оңашада ашық сөйлесіп, талқылау керек. Сонда ғана ерлі-зайыпты бірлесіп мәселені шеше алады.
Анамнан алған тағы бір үлгіні айтайын. Енесіне құрметі ерекше еді. Марқұм әжемнің мінезі шайпау болатын. Кірпияз. Балаларына ерке мінезін де көрсеткісі келетін. Әсіресе қартайғанда ол мінезге кәрілік қосылып, анамның жүйкесін жұқартатын. Анам түгілі біз әжеміздің кейбір қылықтарынан мезі боп кететінбіз. Сондай енеге қарсы сөйлемеген, шыдаған анама бас иемін. Ал мен анда-санда бір келетін енемнің сөздеріне, ісіне шыдай алмай, ол кеткен соң әпкелеріме, жеңгелеріме, тіпті анама айтып шағымданатынмын. Кейін ақыл кіре келе елемеуді, оны сол қалпында қабылдауды үйрендім. Ал қазір қартайған анамның кейбір қылықтарына шыдай алмай «Түу, мама...» деп, қатты сөйлеп қоям, ренжітіп алам. Кейін дереу әкемнің жымиғаны есіме түседі де, әп-сәтте ашуым басылады.
Әпке-сіңлімен, аға-інімен татулығымызға жұрт таң қалады. Біріміздің басымызға қиындық түссе жылдам байланысқа шығып, бір-бірімізбен ақылдасып, шама-шарқымызша көмектесеміз. Қазір зейнет жасында болсақ та жиі бас қосып, бір-бірімізді іздеп тұрамыз.
Айтайын дегенім, әке-шешенің әр ісі үлгі екен балаға. Бізді ата-анамыз ұрсып немесе ұрып тәрбиелеген жоқ. Ұяда көргенімізді ұшқанда қайталадық."