​«Нағашы ағамның қорлығы өтті»: зорлықтың құрбаны болған бойжеткен үрейден әлі арыла алмай жүр

0
2 883

«Он үш жылдан соң кешірім сұрап хат жазды»


​«Нағашы ағамның қорлығы өтті»: зорлықтың құрбаны болған бойжеткен үрейден әлі арыла алмай жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Пәлен жерде кәмелетке толмаған қызды зорлап кетіпті», «Кіп-кішкентай бүлдіршін педофилдің құрбаны бопты» деген әңгімені естіген сайын сол бір кездегі өзімнің басымнан өткен оқиға көз алдыма келеді де, қайтадан кірпідей жиырылып, жан-дүнием арпалысқа түседі», - дейді Дәмира есімді бойжеткен.


Ол өзінің туған нағашысынан қорлық көрген екен. Азапқа толы балалық шағын Дәмираның өзі ERNUR.KZ тілшісіне жасырмай айтып берді.


«Жасым отызға таяп қалды. Әлі тұрмысқа шықпадым. Шыққым да келмейді. Жігіттерге жиіркеніп, қорқып қараймын. Себебі он үш жасымда туған нағашы ағам зорлап, ол тірлігін бір жыл бойы жалғастырып жүрді.


Қазір жеңгелерім, әпкелерім, әке-шешем «қашан тұрмысқа шығасың» деп сұрай береді. Олар тіпті мені жігіттермен таныстырмақ болды. Бірақ ішімдегі үрейді, басымнан өткен сұмдық жағдайды оларға қайтіп айтам? Жігітпен кездесуден, олармен оңаша қалудан өткен азап жоқ. Түнде үйден шықпауға тырысамын. Үйде басқа еркек болса оңаша қалғым келмейді. Еркек атаулының бәрі мені зорлауға дайын тұрғандай елестейді.


Бәрі түсінікті болу үшін басынан бастайын. Менің әкем мен шешем бір ауылдан. Яғни нағашыларымыз бізге, біз оларға барып-келіп жүре береміз. Қыстың кезі еді, әкем мен шешем Алматыға тойға кететін болды. «Дәмира, үйдің отын жағып беріп, балаларға бас-көз бол деп Азаматты шақырдым. Тамағыңды өзің істерсің. Ол тек кешкісін, малын жайғастырып болып келеді. Қорықпай отыра беріңдер» деп кетіп қалды.


Сол күні кешкісін нағашым біздің үйге келді. Екі інім, бәріміз бірге тамағымызды ішіп, мен ыдыс-аяғымды жуып, бөлмеме жатып қалғам. Екі інім де кешке дейін сырғанақ теуіп, бірден ұйқыға кеткен. Бір кезде тынысым тарылып, ауа жетпей шошып ояндым. Үстімді зіл басып қалған. Анықтап қарасам үстімде нағашым жатыр. Сөйлеуге де, қарсыласуға да мұрша бермеді. Одан кейінгі оқиға есімде жоқ. Бір есімді жинаған кезде ол «жуынып ал» деп ескертті. Шомылуға барғанда аяқ-қолым дірілдеп, астымнан қан кетіп жатқанын көрдім.


Оңбағанның тірлігі мұнымен біткен жоқ. Бөлмеме кірсем, ол мені күтіп отыр екен. Барынша айқайлап, көмек сұрадым. Бірақ жеті түнде мені кім естісін. Жалынғаныма да, жылағаныма да қараған жоқ. Екінші мәрте «тірлігін» істеп, түк болмағандай киіне бастады. «Осының бәрін мамама айтамын» деп жылап жібердім. «Айт, айта бер, қайта маған жақсы. Әкең сендерді шешелеріңмен қоса үйінен қуып шығады. Содан біздің үйге келіп тұрасыңдар. Рахат емес пе, қайта күнде қызыққа батамыз» деп қарқылдап күлді.


Азаматтың мына сөзінен кейін ойланып қалдым. Себебі әкем ішіп келген сайын «Балаларыңды ал да, кет төркініңе» деп шешеме айқайлайтын.


Нағашы ағам одан кейін де үйге келетін. Үш айдан соң тағы да зорлады. Сол жағдайдан кейін мен жастығымның астына пышақ қойып жататын болдым. Үйде ешкім жоқта тағы келген. «Енді тиіссең сені де, өзімді де өлтіре салам» деп бақырып жібердім. Содан сескенді ме, әлде айыбым ашылып қалады деп қорықты ма, содан кейін тиіспейтін болды. Төрт айдан соң мектепті бітірді де, қалаға оқуға кетті. Демалыста келеді, келсе де біздің үйге соқпайды. Ұялады-ау...


Алғаш рет зорлағаннан кейін мен түнімен түсімде нағашымды көріп шығатынмын. Жаман түстің кесірінен талай рет шошып оянып, анамның зәресін алатынмын. «Сені ұшықтау керек» деп өзінше білгенін істеп жататын. Бірақ мендегі дерттің ұшықтаумен кетпейтінін қайдан білсін?


Қазір өзім де университет бітіріп, балабақшада тәрбиеші болып істеймін. Ол мамандықты да «еркегі жоқ ұжым» деп әдейі таңдағам. Жұмысқа тіке барып, тіке қайтамын. Жігіт көрсем кірпідей жиырылып қаламын.


Осыдан бір жыл бұрын нағашым мені туған күніммен құттықтап, телефоныма хат жазып жіберіпті. «Бәрі үшін кешір» деген сөзі бар. «Кешір» дей салу оңай. Жүрекке түскен таңбаны қайтіп кетірем енді. «Екі қызыңды осылай зорлап кетсе не істер едің?» деп жаздым. Одан жауап келмеді.


Жоғары оқу орнында маған бір жігіт ессіз ғашық болды. Күнде гүл, тәттілер беретін. Өзі сымбатты, ауқатты отбасының баласы. Алғашқыда жасанды қыздық жасап алып, тұрмысқа шыққым келді. Бірақ байқап қарасам онымен оңаша қалудан қорқады екем. Үнемі жаныма группалас құрбымды ертіп аламын. Жеке кездесуге шақырса, әртүрлі сылтауларды айтып, бармай қалатынмын. Менің бұл әрекетім намысына тисе керек, жарты жылдан соң қарасын батырды.


Пешенеме жазылған осы шығар. Ешкімге өкпелемеймін. Бірақ өз оқиғамды айта отырып, қазіргі ата-аналар ұлдарына дұрыс тәрбие беруі тиіс дегім келеді. Бізде «қызға қырық үйден тыю» деп барлық жауапкершілікті қыздарға артып қоямыз. Ал, шындығында зорлық-зомбылық пен күш көрсетуді бастайтын еркектер екені анық қой. Ер балаға анасы, әкесі, ұстазы нәпсіні тыюды, қызға құрмет көрсетуді, бір сәттік ойнастың өмір бойы өкініш сыйлайтынын түсіндірсе, онда мұндай жағдай азаяр еді...»


«Күйеуі екеуі әйелдерді бопсалап ақша табады»: жамбылдық келіншек құрбысының құпия тірлігін жайып салды


«Екі балам қара шаңыраққа таласып отыр»: түркістандық кейуана балаларының алауыздығына алаңдайтынын айтады


«Ауруханада жатсам да ақша сұрай береді»: жас келіншек анасына деген өкпе-ренішін жеткізді