«Ол күйеуінің екінші әйелі болайын деп жүргенімді білмейді...»
иллюстрациялық коллаж үшін суреттер ашық дереккөзден алынды
Тағдыры таразыға түсіп, ар мен намыстың, тұрмыс пен сезімнің талқысында иленгендер айналамызда аз емес. Бірі шешімін тапса, екіншісі өкінішке ұрындырып жатқанын көп естиміз.
ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан бойжеткен өзінің аса ыңғайсыз жағдайға қалғанын және одан қалай құтыларын білмей жүргенін айтып, сырын ақтарды.
- Ең алғаш оны жұмыс орнымнан көргенде жүрегім тоқтап қалайын деді... Оның әйелі мен балалары бар екенін білетінмін, сырттай танимын да. Бірақ бір ортада жұмыс істеймін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті... Құдай мені қателігім үшін жазалап жатқан болар?!, - деген ол сүйіктісінен де бас тарта алмай жүргенін мойындады.
Оның әйелін танығалы бері екінші әйелдікке қуана келісетінін де жасырған жоқ.
- Онымен кездейсоқ таныстығымыз телефон нөмір алмасып, соңынан кездесумен жалғасты. Тез жарасып кеттік. Алдаған жоқ, әйелі және үш ұлы барын айтты. Отбасылы еркек болса да сезімнің жетегіне ерген мен одан бас тарта алмадым. Жеке қалғанда ақылға салып, енді кездеспеймін деп қанша уәде берсем де қоңырау шалғанда өзімді тоқтатуға еркім жетпеді.
Рас, қаржылық жағдайы жақсы. Менен сыйлықты аямайды. «Егер әйелім мен ұлдарым түсіністік танытып, разылық берсе екінші етіп некелесіп үйленемін» деген ниетін де жасырған емес. Әйелін деменен кем жақсы көрмейтінін жиі айтады. Сол адалдығы үшін жақсы көремін бе, өзім де түсінбеймін.
Бір талабы – екеуміз ешқашан бірге фотоға, видеоға түспейміз.
Тіпті, оның әйеліне бірнеше рет екеуміз сыйлық таңдадық. «Ерекше сыйлық әпергім келеді, көмектесші» деген соң бар ынтаммен кірісемін. Тіпті, қызғаныш жоқ ішімде, соған таңғаламын. Өткен жылы туған күніне орай екеуіне демалыс аймағына тамаша отырыс ұйымдастырып, сол жерге тапсырыспен гүл мен сыйлықты тосынсый етіп жеткізіп беруді өз мойныма алдым. Қуанып қалғанын видеомен жіберген сүйіктім маған алғысын айтты.
Сенесіз бе, өзімді сол отбасының бір мүшесі сияқты сезінемін.
Ең қызығы да шыжығы былтыр күзде жұмыс орнымды ауыстырғанда болды. Екі ай бойы қарсы алдымдағы орын бос тұрған, бала күтімімен үйде отырған әріптесіміздікі екен. Бір күні бөлім басшысы келіп тамаша жан, әріптес, қамқор әпкеміздің жұмысқа шығуына орай кішігірім тосынсый жасайық деген ұсыныс тастады. Мен ертеңгілік оның жұмыс орнына бір шоқ гүл мен торт қойып, «Біз Сізді күттік!» деген ашықхат қалдыруды ұсындым. Бәрі қолдап, солай жасадық.
Ертеңіне жұмысқа келсем, қарсы алдымда сүйіктімнің әйелі отыр. Сырттай таныған ештеңе емес, қарсы алдыңда әрі күнде бірге отыратынымды ойлап арқамнан тер бұрқ етіп абдырап қалдым. Бізді таныстырып жатыр, «әдемі қыз екенсің» деген ол жылы жымиып, іштартты. Сол кезде өз ісіме өкіндім бе әлде ұялдым ба, ішім оттай қызып кетті.
Содан бері міне, жылға жуықтады. Сүйіктімнің әйелімен бірге күнде шай ішеміз, әңгіме айтамыз. Күнде таныған сайын оның періштедей жан екенін мойындаймын да, өзімді жерлеймін. Бірақ сүйіктімнен де бас тарта алмаймын. Ол мені өзінің жақын інісімен таныстырғысы келетінін, «мендей қызға» өте жақсы жігіт кездесуі тиіс екенін жиі айтады. «Алтын қызсың ғой, жігіттер қайда қарап жүр екен?» дегенде, үлгере алмай жатқан жұмысыма көмектесіп, ауырып қалғанда жағдайымды сұрап жиі хабарласқанда әпкемдей жақсы көріп кетемін. Сөйтемін де оның күйеуімен кездесіп жүргенім үшін өзімді жек көремін.
Екіұдай өмір жақсылыққа апарсын ба, соңғы кезде жүйкем де сыр бере бастады. Басқа жаққа кетіп қалғым-ақ келеді. Бірақ екеуін де қимаймын. Сүйіктімнен бұрын қазір мен оның әйелін жақсы көріп кеткен сияқтымын. Бұрын «екінші әйел, тоқал» деген сөздер түрпідей тиетін еді.
Қазір екеуін де танитын болған соң шынында екінші әйел болып, оны енемдей сыйлап, әпкемдей сырласып, сол отбасының бір мүшесіне айналғым келіп тұрады...
Мұным дұрыс па, бұрыс па, өзім де білмеймін, - деген бойжеткен мұндайда қандай шешім қабылдау керектігін білмей жүргенін де жеткізді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Қыздың қайтып келуі өлікті қайта қазып алғанмен тең бе?»: маңғыстаулық ана атасына ренішті
«Анам короновируспен ауырып жатқанда тұрмысқа шықтым»: жамбылдық келіншек оқиғасымен бөлісті