«Өз қызындай көрмейді»: алматылық келіншек ренішін айтты

0
2 578

Ал сіз «Өз қызымдай көрем» деген сөзге сенесіз бе?


«Өз қызындай көрмейді»: алматылық келіншек ренішін айтты

Кейбір енелер келін түсірерде «Өз қызымнан кем көрмеймін» дейді. Бірақ бұл сөзге ешкім сенбейді. Ал өзгенің қызылшақа нәрестесін бауырына басқан ата-ана ше? Олар асырап алған сәбиді өз туғанындай жүрегімен жақсы көре ме?

«Меніңше, олар өз баласы туғанша ғана шын жақсы көреді. Одан кейін барлық мейір-махаббатын өз қанынан жаралған перзентіне арнап, асырап алған баласын ұмыт қалдырады. Тіпті асыранды баласының өмірі күл болса да жүрегі ауырмайды», - дейді алматылық Гүлбақыт есімді келіншек.

Оның бұлай деуіне, соңғы айларда басынан өтіп жатқан жағдайлар себеп боп отыр екен.



Гүлбақыт бұл туралы, жанын қорғасындай ауырлатқан ата-анасының сөзі мен оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Менің туған анам перзентханада жан тапсырған екен. Маған жарық өмір сыйлаған да өзі бұ дүниемен қоштасып кете барған. Ал әкем кішкентай мені тоғыз жылдан бері құрсақ көтере алмай жүрген жеңгесіне беріпті.

Әкемнің айтуынша, ағасы мен жеңгесі тізерлеп отырып жылап, жалынып мені сұраған. Онсыз да екі аптаның ішінде абыржып, жүнжіп кеткен әкем амалсыз олардың айтқанына көніпті. Ағасы мен жеңгесі әкемнің банктен алған мойнындағы кредитін жауып берген көрінеді. Бұл жайында мен бойжеткенде ағайын-туысқандардың бірінен естігем. Мені ақшаға сатқаны үшін әкемді кешіре алмадым.

22 жасыма дейін менен шындықты жасырған, асырап алған әке-шешеме де қатты ренжідім. Бірақ жек көріп кетпедім. Өйткені олар маған бақытты балалық шақ сыйлады. Жетімдіктің дәмін татқызбады. Қатарымнан қалдырмады.

Інім туылғанда мен ес біліп қалған едім. Әке-шешемнің қарым-қатынасы өзгергенін, салқындықты байқағанмын. Ақиқатты білгенде де інімнен әке-шешемді қызғанбадым. Өйткені анам «Сені тумасам да өз қызымдай көрем. Омырауыммен емізбесем де алпыс екі тамырымды иітіп, ана бақытын сездірген сені ініңнен де артық көрем» деп жиі айтатын еді. Ұзату тойымды да дүркіретіп жасап, менен ақша аяған емес. Бірақ бұның бәрі жалған екенін кейін білдім ғой...

Жыл басында інімнің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол жекеменшік дәріханасында мемлекеттен тегін берілетін жасанды сүттерді екі жыл бойы сатып келген екен.

Інім екеуміз де медициналық колледжді фармацевтика мамандығы бойынша бітіргенбіз. Әке-шешем ініме дәріхана ашып берді. Мен декреттік демалысқа шыққанша сол дәріханада провизор боп жұмыс істедім. Кейін енем ауырып, мен үйде отырдым. Осы уақыттарда інім дәріханада заңға қайшы іске барған.

Ал анам енді інімнің қылмысын менің мойныма ілгісі кеп отыр. «Інің әлі үйленбеген, жаның ашысын. Өмір тарихына таңба түседі ғой. Ал сенің күйеуің, балаң бар. Білгір адвокат жалдап, лажы болса түрмеден алып қалуға тырысамыз» деді. Мүмкін келісер ме едім, бірақ анам бұл сөзіне өзі де кепілдік бере алмай отыр. Егер қамалып кетсем не болады? Бұл жағын ойлап отырған жоқ.

Қарсы болдым. Келіспедім. Осы кезде анам мені асырап-баққанын, диплом әпергенін, бәрін-бәрін жіпке тізіп, міндетсінді. Ұрысты, айқайлады. Өзі айыпты сезіндім.

Анамның айтқан сөздері мен ұсынысынан соң осынша жанталасқан жарық түкке тұрмастай өмірден баз кешкім келді. Жүрегім мұздады. Шағылып тұрған шағымда енемнің «Ініңнің қылмысын мен-ақ көтерейін. Сенің орныңа мен отырып шығам» деген сөзі жылатты. Әрине бұл мүмкін емес, мүмкін болған жағдайда мен бұған жол бермеймін. Менің келісімсіз ата-анам інімнің қылмысын маған іле алмайтынын да жақсы біледі. Сондықтан мені көндіре алмай әуре.

Жанымды ауыртқаны, сәби шағымнан бауырына басқан анам мені темір торға қамағысы келсе, енем аман алып қалғысы келеді. Анам емес, енем өз қызындай көріп отырған жоқ па? Осыдан кейін ешкім асырап алған перзентін туғанындай көрмейді деп қалай айтпасқа?..

Шынымды айтсам, қазір асырап алған әке-шешемнен ата-енемді артық көрем. Бұл шыным...»


Әрине бес саусақ бірдей емес. Асырап алған баласын өз баласынан кем көрмейтін ата-аналар көп. Әлде... Сіз қалай ойлайсыз? Пікіріңізбен бөлісе отырыңыз, оқырман.


Ұқсас оқиғалар:


«Тіс көрсем біреу қайтыс болады»: ақтаулық бойжеткен өзінің түсінен қорқатынын айтты

«Қазір базарда жүрмес едім»: шымкенттік келіншек ағасына жол бергеніне өкінеді