«Салақтығынан шаршадым»: шымкенттік келіншек енесінен бөлек кетудің амалын таппай жүр

0
1 571

«Апталап жуынбайды...»


«Салақтығынан шаршадым»: шымкенттік келіншек енесінен бөлек кетудің амалын таппай жүр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Әйел баласы үшін жеке бас тазалығы мен үйінің ұқыптылығы бірінді орында тұруы керек. Тазалықпен дос болмасаң мені шешем демей-ақ қой!». Бізді анамыз осы сөзбен өсірді. Келген кісі үйден қыл таппайтын. Көрпе-төсек деген сәл қисайып қалса, бұзып тастап, бізге қайта жинатушы еді. Сол тәртіп біздің миымызға бағдарлама боп орнығып қалған ба, осы күні енеме жыным келіп жүр», - дейді Меруерт есімді келіншек.


Екі жыл бұрын тұрмысқа шыққан оқырманымыз енесінің салақтығынан шаршағанын айтып, ERNUR.KZ тілшісіне шағымын айтты.


«Жақында үйімізге атамыздың алыс ауданда тұратын үлкен әпкесі қыдырып келген. Екі күн қонақ боп үйімізде жатты. Ол кісінің аузы батыр, өктем-өктем, турасын айта салатын мінезі бар. Ары-бері шапқылап, ас-ауқаттың қамымен жүрген мені көріп енеме қарата «Әй, Күлайша, келінің жақсы, көз тимесін, пысық екен. Үйді айнадай қылып ұстап отыр, осы келіннің сіңлілері жоқ па екен, кіші балама алайын» деді. Мен оны арғы бөлмеден есітіп тұрмын. Сонда енем «Бәрін өзім үйреттім ғой, келгенде түк білмейтін, менің үйретуіммен адам болды» деп беті бүлк етпей әңгіме айтты. Жайлап шәйнегімді алып қастарына бардым. Үлкен әпкеміз енемнің қандай адам екенін біледі ғой, әлгі әңгімесіне мырс етті. Сөйтім маған көзін қысып «Е, сенің топырағыңнан жаралаған екен де, сен арамыздағы ең «пысығысың» ғой» деп маған қарап күлді.


Қазір үлкендер жағы «келінім салақ» деп келіндерін жамандайды ғой. Ал мен енемнің салақтығынан шаршадым. Жаңағы әпкеміз де кекетіп күліп отыр ғой. Енемнің қандай адам екені оларға да мәлім негізі.


Біз Бексұлтан екеуміз бір-бірімізді ұнатып, шаңырақ көтердік. Қыз-жігіт боп жүрген шағымызда ол мені анасымен таныстырған. Өте ұқыпты, әңгімесі әдемі жан сияқты көрінген. Кейіннен, сол шаңыраққа келін боп түскенде енемнің шынайы «бейнесін» көрдім. Алдында бес батпан кір-қоқыс тұрса да былқ етпейтін бейғамның өзі екен.


Мен келін боп түсерде екі қайынәпкем келіп, айналаның бәрін жинастырып, тазалап кеткен екен. Ал оған дейін қалай өмір сүргендерін білмеймін. Жыным келетіні, атам да, күйеуім де енемнің салақтығына үйреніп қалған. «Мынауың не?» демейді. Ал менің ата-анам тазалыққа өте сақ қарайды. Бізді де солай тәрбиелеп өсірген. Отырған, тұрған жерімізді күн сайын жинап, жуып-шайып отырамыз.


«Ұлы сөзде ұят жоқ» дейді ғой, енем апталап ішкиім ауыстырмай жүре береді. Сосын сонысын ұялмай «жуа салшы» деп маған береді. Ананы жумақ түгілі қараудың өзі қорқынышты. Шомылмайды. Тек бір жаққа барарда ғана «жуынып, шайынып алсаңызшы» деп айтып жүріп шомылдырамыз. Адам деген таңертең тұрғанда шашын бір тарап, буып-түйіп қояды ғой. Ал ол кісі шашын тек жуған кезде ғана тарайды. Білмеймін, осы заманда өз басының тазалығын сақтамай жүру қаншалықты қисынды екенін...


Мен бір жаққа кетсем үйіміз шашылып, ыдыстар жуылмай, кір сасып тұра береді. Енем тазалауды, жинауды тіптен ойламайды. Біздің үйде ыдыс көп. Сол таза ыдыстарды бірінен соң бірін пайдаланып отырады, жууды мүлдем ойламайды. Қайынәпкелерім әр келген сайын маған алғысын айтады. Шешелерінің сыры өздеріне мәлім ғой, қайтсін енді.


Енемнің салақтығының кесірінен төркініме барып емін-еркін апталап жата алмаймын. Үш күн жатсам, келген соң үйімді танымай қалам. Даланың заттары үйге, үйдің заттары далада бығып, қоқып жата береді. Күйеуіме «немене бәле, айналаның бәрі кір, быт-шыты шығып кетіпті» деп айтсам, «қайтесің енді, мамам қартайды, күші жоқ қой» деп шешесін ақтап алғысы келеді. Бірақ ол кісі менің мамамнан жас, күш-қуаты тасып тұр.


Аңдығаны телефон, жасөспірім балалар телефонды құшақтап, екі бүктеліп жатады ғой. Енемнің жатысы тура сондай. Таңертең шай ішіп алады да, телефонын құшақтап жатады. Түскі шайға дейін пысылдап ұйықтап алады. Түскі асын ішіп болған соң тағы сол көрініс. Сосын ондай адам түнде қайтіп ұйықтасын?! «Түнімен ұйықтай алмадым, мазам жоқ, денсаулығым болмай жүр» деп қыздарына шағымданады.


Өткенде өзі күні бойы ұйықтап алған. Түнімен телефон шұқылап үйдің ішінде жүрді. Мен шаршап, ұйықтап қалғам. Сөйтсем азанда енем «Сенде түк қимыл жоқ, жүрегіңді май басып қалған ба, түнімен қорылдап шықтың. Мына бөлмеде отырған маған естілді» деп жыныма тиді. Сонда күні бойы үйдің шаруасын күйттеп, бала-шағаны бағып, ас-ауқаттың қамымен шапқылап жүрсем де «аз қимылдайды» екем.


Кейде өз қоқысының ортасында отырсын деп бөлек шығып кеткім келеді. Бірақ балаларым әжесін жақсы көреді. Енем де былайша ешкімге зәбірі жоқ, жақсы адам. Ата-анам қыдырып келсе төрге шығарып, ерекше құрмет көрсетеді. Бірақ салақтығы мені әбден шаршатты. Бұл қашанға дейін жалғасады екен?!»