Электр станцияларындағы жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр

0
86

Өткен жылыту маусымында отынмен қамтамасыз ету мәселелері үнемі бақылауда болды.


Электр станцияларындағы жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр

ERNUR.KZ. Энергия көздерінің қоймаларында 5,6 млн тонна көмір және 152 мың тонна мазут қоры жиналды. Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың көмірге деген қажеттілігі 7,5 млн тонна деңгейінде айқындалып, 8,15 млн тонна көмір дайындалды. Осылайша, жоспар 109,8 %-ға орындалды. Бұл жұмысты тиімді үйлестіру үшін Комитет, ЖАО, «Қазақстан темір жолы» АҚ және көмір өндіруші кәсіпорындардан құрылған республикалық штаб қызметі ұйымдастырылды. Бұл жайлы ҚР Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев ОКҚ брифингінде мәлімдеді.

Өңірлерде көмір тапшылығының жасанды жолмен туындауына жол бермеу мақсатында Комитеттің аумақтық департаменттері мен көмір тұйықтарына бару арқылы мониторинг жүргізілді.

«Өткен жылыту маусымында қабылданған шаралардың тиімділігі мен қорытындыларын негізге ала отырып, 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық басталды. Тозығы жеткен жабдықтарды күрделі жөндеу бойынша ауқымды жоспар бекітіліп, олар кестеге сай асырылуда. Биыл электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінде 1 энергия блогында, 4 қазандықта және 2 турбинада жұмыстар аяқталды. 3 энергия блогында, 25 қазандықта және 11 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде», – деді спикер.

Сонымен қатар барлық электр станцияда 27 энергия блогы, 294 қазандықта және 252 турбинада ағымдағы жөндеу жұмыстары іске асырылады. Сондай-ақ 17 095 шақырым электр беру желілерін және 444 қосалқы станцияны жөндеу көзделген. Бүгінде 1,2 мың шақырым электр желісі, 91 қосалқы станция және 505 тарату пункті жөнделді.

Жылу желілері бойынша 2026 жылға арналған қайта жаңғырту және жөндеу жоспары 377 шақырымды құрайды. Қазір 170 шақырым жылу желісінде жұмыстар басталып, оның шамамен 3%-ы аяқталды.
Жөндеу науқанын іске асыру қорытындысы бойынша тозу деңгейін электр станцияларында – 52%-ға дейін, электр желілерінде – 65,7%-ға дейін, жылу желілерінде – 48%-ға дейін төмендету күтілуде.
Комитет төрағасының айтуынша, коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықты көмірмен қамтамасыз ету процестерін цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Цифрлық шешімдерді енгізу көмір жеткізілімдерінің ашықтығын арттыруға, әкімшілік рәсімдерді қысқартуға және көмір қозғалысын түпкі тұтынушыға дейін тиімді бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.