"Танымайтын адамнан сорпасын сұрап іштім": қарағандылық келіншек өз басынан өткен оқиғаны бөлісті

0
296

"


Сурет: www.jiyobangla.com

"Осы сайтқа біраз уақыт бұрын жүкті келіншектің жазбасы жарияланыпты. Оқып, көңілім әбден толқыды. Тіпті көзіме жас келді десем, күлмессіздер. Өйткені, менің де басымнан осыған ұқсас оқиға өткен еді. Ондай жағдайлар еш ұмытылмайды екен ғой" деген ERNUR.KZ оқырманы өз басынан өткен жайтпен бөлісті.


"Екінші балама аяғым ауыр кез болған. Ол кезде жаңадан еншімізді алып, үлкен қалаға енді келген кезіміз. Көпқабатты үйде пәтер жалдап тұрамыз. Қалада алыс ағайын, ауылдастар болмаса, жақын араласатын туысымыз жоқ. Сол кезде бір жағы жалғызсырағаннан, екінші жағы қажет кезде көмек бере қоятын ешкім болмағаннан қатты қиналған едік. Әсіресе, мен төрт қабырғаға қамалып қалдым. Күйеуімнің жолын күтіп отырамын. Бірақ бос отырмаймын, қолымдағы балам мен ішімдегі шарананың жағдайын жасаумен шаршайтынмын.

Бір күні баспалдақпен көтеріліп бара жатсам, бір есіктен бұршақ сорпасының иісі бұрқырап жатыр. Өтіп кеттім. Үйге келгесін әлгі иісті қайта аңсаймын. Мұрыннан әлдеқашан кетіп қалған ғой, ойымнан кетпейді. Содан біраз күн бойы бұршақ сорпасын ішкім кеп жүрді.

Баяғыда студент кезде жатақхана асханасында аптасына бір рет беретін. Сол кезде ұнатпаушы едім. Ал қазір дәмі таңдайыма келіп, аузымның суы құрыды әбден. Өзім жасап ішіп көріп ем, ұнамады. Көршілердің көбі орыс, олар жиі жасайды. Бірақ ешқайсымен сөйлесіп көрмегем, өздері суық амандасып өте шығатын халық қой. Сұрауға дәтім бармады. Кафелерде де көп сатпайды екен.

Бұршақ сорпасын ішпегеннен кәдімгідей ауыра бастадым. Басқа тамақ батпай, әлсіреп жүрмін. Бірде ойыма идея келе қалды да, осы тұрғын үйдің ватсап чатына қазақша және орысша етіп екі тілде хабарландыру жазып жібердім. «Жүктімін. Бұршақ сорпасына жерік боп жүрмін. Дайындап берсеңіздер, ақысын төлеп сатып аламын» деген сияқты мәтінде. Күйеуім екеуміз күліп қоямыз тағы.

Түстен кейін бір келіншек жекеме жазды. Сорпа әкеп бергісі келетінін айтып, пәтер нөмірін сұрапты. «шын ба, өтірік емес пе екен» деп күмәнданып, өзім барып әкетем дедім.

Екі подъезден кейін тұрады екен. Барсам, үйде екі баласымен өзі ғана екенін айтып, қоярда-қоймай үйіне шақырды. Буын бұрқыратып, қаймағын қосып, сорпасын берді. Балама өзі суытып ішкізіп отыр. Ал мен ештеңеге қарамай, кептірген нан салып тұрып терлеп-тепшіп ішіп алдым. Содан кейін ой, жаным кіріп, көңілім жайланып, екеуміз танысып, шай үстінде әңгімеден жібердік.

Кейін сол келіншекпен құрбы болып кеттік. Күйеулеріміздің жасы әрқилы болғанмен, өзіміз құрдас екенбіз. Әлі күнге араласып, сыйласып тұрамын.

«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген бар емес пе. Қазір жеріктік, жүктілік жайлы сөз болса, бірден осы жайт есіме түседі. Әрі адамдардың, әйелдердің бір-біріне көмегі, демеуінің қаншалықты құнды екенін түсіндірген оқиға болды. Содан кейін өзім де жүкті әйел көрсем жердемдесуге, жағдайын сұрауға, жерік асын әперуге асығып тұрамын."