«Апталап үй бетін көрмейді, менімен сөйлеспейді де»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Қазақ әйелдері өте төзімді. Талай әйел «Балам үшін», «Мүмкін өзгеріп қалар» деген үміттің жетегіне еріп, адам төзгісіз теперішті бастан өткеріп, өзін құрметтеуді ұмыт қалдырған. Солардың бірі – Гүлнұр. Өмірі әбден шырмалып, тығырықтан шығатын жол таппаған соң ERNUR.KZ редакциясына хабарласып, оқырмандардан кеңес сұрап отыр.
«Қызылордалықпын, бірақ мектеп бітірген соң Шымкентке келіп, әпкемнің үйіне жайғастым. Әпкем мені медициналық колледжге оқуға түсіріп, бар жағдайымды жасады. Оны бітірген соң қаладағы перзентханалардың біріне акушер болып орналастым. Сол жерде босануға келген бір қызбен әңгімеміз жарасып кетті. Жетісайдың қызы екен, перзентханадан шыққанша әңгімелесіп, нөмірімді алып, кетерінде мені өзінің ағасымен таныстырғысы келетінін айтты. Мен оның бұл ұсынысына қарсы болмадым, себебі артымнан жүгіріп, сезімін білдірген жігітім жоқ-тұғын.
Маратты бір көргеннен сүйіп, ұнатып қосылдым деп айта алмаймын. Көңілді, әзілдің түбін түсіретін жігіт екен. Бірте-бірте оған бауыр басып, ақырында үйленуге бел будық. Негізі адамның бойындағы кемшілік қыз-жігіт боп жүргенде білінбейді екен, үйленген соң күйеуімнің Құдай сүйер қылығы жоғын түсіндім. Сайраған қызыл тілі болмаса, басқа дымы жоқ. Өзім жерікпін, жейтін тамағымды әперуге ақшасы жоқ, әр күнімді жылаумен өткізетінмін. Бір күні шыдай алмай, іштегі сәбиді түсіріп, ажырасуға бел будым. Дәрі ішіп, жан бітіп қалған шаранадан айырылудың түрлі әрекетін жасасам да баламның көрер жарығы бар екен, аман қалды. Сол кезде оңбай күнә жасағанымды енді түсініп жатырмын. Бәлкім қазір тартып жатқан азабым сол қателігімнің «жемісі» шығар...
Отасқанымызға үш жыл болғанда күйеуімнің кәсібі өрлей бастады. Досымен бірігіп компания ашты, кезінде 200 теңгені таксиге әрең тауып, маған кездесуге келіп жүрген жігіт іскер азаматқа айналды. Жанында өзімнің сіңлімдей боп кеткен хатшысы бар. Серіктестерін үйімізде қонақ етіп күткенде ыдысымды жуып, дастархан жайысып жүретін. «Әпке» деп алдымда иіліп тұратын сол қыз қазір күйеуімнің тоқалы боп отыр.
«Гүлдананың менен аяғы ауыр» деп күйеуім өз кінәсін мойындағанда үйде қалудың реті жоғын түсіндім. Баламды көтеріп, төркінге кеттім. Бірақ артымнан енем, күйеуім, абысындарым қайта-қайта келіп, кешірім сұрай берген соң, енемнің үлкен басын сыйлап, қара шаңыраққа қайта оралдым. «Апа, мен бәріне көндім. Гүлдананы үйге көшіріп әкеліп, босандырып алайық» дедім. Бірақ енем көнбеді, «асымызды ішіп, аяғымызға түкіріп отырған адамды босағамнан аттатпаймын» деп тұрып алды. Болмаған соң тоқал тұратын пәтерге өзім барып, керек-жарағын әперіп, баласын қырқынан шығаруға жәрдемдестім.
Гүлдананы жақсы адам деп оңбай қателесіппін. Ол менің жақсылығымды, оған жасаған жағдайымды әлсіздік деп бағалаған екен, белі қатайып, баласының қылығы шыға бастағаннан күйеуімнің басын айналдырып, өз пәтеріне біржола көшіріп алды.
«Саған не айттым, сауаптың түбі – тесік. Мұндай әйелдер ештеңеден тайынбайды» деп енем де жанымды жеп қойды. Бір күні күйеуім мен Гүлдана үйге келіп, мені баламмен қоса қуып шықты. «Сен маған керек емессің, мен осы үйде Гүлданамен, әке-шешеммен бірге тұрамын, төркініңе кет» деп күйеуім киім-кешегімді жинап беріп, есіктен шығарып жіберді. Ата-енем араға түсіп, менің сөзімді сөйлеп еді, оларды тыңдаған да жоқ.
Күн кешкіріп қалған, дала тастай суық, баламды құшақтап әпкемнің есігін қақтым. «Сол оңбағанға өміріңді қорлатып біттің ғой, өзіңді ойлашы» деп әпкем шыр-пыр болды. «Баяғы жұмысыңа қайта орналастырамын, балаңды бақшаға бер, өз тіршілігіңді жаса» деп басшылармен сөйлесіп, мені жұмысқа кіргізді. Баламды да таныстарын араға салып, бақшаға берді. Обалы не керек, әпкем мен үшін жанын беруге әзір еді. Өзім оны сатып кете салдым...
Үш айдай жап-жақсы өмір сүргенбіз, бір күні күйеуім мен енем келіп тұр. «Айналайын, бізден бір ағаттық кетті. Анау қатын келін болып жарытқан жоқ. Үйден қуып шықтық. Маған сенен басқа келін керек емес, немеремді сағындым, үйге қайт, бізбен бірге жүр» деп. Тағы да сол енемнің маған деген риясыз көңілін жыққым келмей, тәп-тәуір жұмысымнан шығып, әпкемді өкпелетіп, күйеуімнің соңынан кете бардым.
Төрт айдай жап-жақсы өмір сүрдік. Балам да ата-әжесінің жанына келіп, жадырап, мамыражай күй кешіп жүргенбіз. Енді кеше күйеуім ішіп келіп, «Кетші, Гүлнұр. Мен Гүлданасыз өмір сүре алмаймын. «Әйелің үйден кетпесе, мен аттап баспаймын» деп ерегісіп отыр. Сен кетсең біз бақытты өмір сүрер едік» деп тағы да мені үйден қуып отыр.
Кете салайын десем не жұмыс жоқ, не үй жоқ, әпкемнің мені қайта қабылдамасы анық. Не істерімді білмей отырмын, ұлымды қалай бағамын? Қызылордаға кетіп қалайын десем, ата-анамның да жағдайы мәз емес.
Күйеуімнің апталап үйге келмей, келсе де мені көрсе қабағы салбырап, ұлымен ғана сөйлесіп, менің бар-жоғымды ескермейтіні жанымды жеп барады. Ұлым үшін барлығына шыдағым келеді. Бірақ қалай төзіп, осы қиындықты қалай жеңуге болады? Күйеуімді де жақсы көремін. Осы себептен сіздерге хат жаздым. Жол нұсқаңыздаршы, өтінемін...»