​«Өзімді зорлаған адамның немересін оқытып жүрмін»: астаналық әйел ешкімге айтпаған жан сырын жайып салды

0
4 051

«Оқушымды көрсем қарадай ашуым келеді»


​«Өзімді зорлаған адамның немересін оқытып жүрмін»: астаналық әйел ешкімге айтпаған жан сырын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жетімдіктің тауқыметін бір кісідей тартқан жанмын. Тағдырдың маған дайындаған азабы әжептеуір көп екен. Сонда да мойымай, ішімдікке салынбай, жаман жолға түспей, көтере білдім. Соңында Құдай маған зор бақыт сыйлады», - дейді Мадина есімді оқырманымыз.


Мадина бүгінде екі ұлдың анасы. Өзінен отыз жас үлкен кісіге тұрмысқа шығып, бай-қуатты өмір сүріп отыр. Ол ERNUR.KZ тілшісіне өз өмірінен сыр шертті.


«Анам мені екі айлығымда балалар үйіне өткізіп жіберген екен. Ол жақтағы көрген қиындықтарымның бәрін тізбектеп, түсіндіріп отырудың қажеті жоқ шығар. Көппен бірге әупірімдеп жетілдік. Мектепті бітірген соң мұғалімдікке оқуға түстім. Сабақты жақсы оқитынмын, соның арқасында грант бұйырды. Жатақханадан да жайлы орын тиді.

Бірінші курсты бітіретін жылы студенттермен жаңа жыл кешін ұйымдастыратын болдық. Бәрі әлгі кешке әдемі көйлек алып, шаштарын сәндеп, барынша сыланып баратын болды. Ал менің олай сұлулануға ақшам жетпейтін. Вахтада отыратын апаймен әңгімелесіп отырып өз арманымды айтып едім, ол маған «қосымша жұмыс істеп, ақша тапқың келе ме» деп ұсыныс білдірді. Алыс туысы боп келетін інісінің үйін жинап, кірін жуып беру керек екен. «Қорықпа, ақысын толығымен төлейді, ары кетсе бір-екі күнде бітіріп келесің» деп қызықтырған соң, қуана-қуана келістім.


Апай айтқан мекен-жайға таңғы ондар шамасында бардым. Барсам отыздан асқан, ол кезде маған егделеу көрінген бір еркек есікті ашты. Үйін кешке дейін тазалап, айнадай қылып жуып-шайып бердім. Ол маған келісілген он мың теңгені ұстатты. «Қайда асығасың, жуынып ал» деген, оның мына сөзінен біртүрлі сескеніп қалдым. «Жоқ, рахмет, асығыспын» деп кетіп бара жатыр едім, қолымнан күштеп кіргізді де, мені зорлады. Небәрі он сегіз жастағы қызбын ғой, әлгі оңбағанның кесірінен аппақ арым тапталып, қорыққаннан дірілдеп, жылап жата бердім. Оңбаған адам лас тірлігін тындырып болған соң «Тұрып киін де, жөніңе кет. Сендер жетімдер тек осындай іспен ақша табасыңдар!» деп жекіріп, үйінен қуып шықты. «Алла жазаңды берсін!» деп қарғағаннан басқа қолымнан ештеңе келмеді.


Жатақханаға келген соң жігерім құм болып жатып қалдым. Қарғыс атқыр жаңа жылға көйлек алам деп жаным оңбай жараланды. Болған жағдайды вахтадағы апайға да айтпадым, неге айтпағанымды әлі түсінбеймін.


Қысқасы, мен екі айдан кейін жүкті екенімді білдім. Денсаулығым сыр беріп, қайта-қайта ауруханаға түсіп қалған соң оқудың да мәнісі кетті. Ал ішім білініп, айналамдағы қыздар аяғымның ауырлағанын білгенде университет әкімшілігі жатақханадан шығарып жіберді.


Сол кездегі көрген азабымды айтпай-ақ қояйын. Аяғым ауыр, қалада не таныс, не тамыр жоқ, қоқыстан тамақ іздеп, тентіреп кеттім. Екі ай жертөледе БОМЖ-дармен бірге тұрдым. Олар менің жағдайымды түсініп, күнде кешкісін жейтін азығымды әкеп беретін. Сол үйдің үшінші қабатында бір кісі өмір сүретін, әлгі кісі қашан көрсең терезеден далаға қарап тұратын. Әсіресе мені көргенде көзін алмай, жанарымен қарсы алып, шығарып салатын. Бір күні сол кісі мені өз үйіне қонаққа шақырды. «Қарағым, түріңе қарасам, ішімдік ішетін адам емессің, әлі БОМЖ болмағаның көрініп тұр. Басыңа не күн туды, бәрін жасырмай айтып бер» деп сырымды суыртпақтап, сұрап алды. Ол кісіге еңіреп отырып бәрін жайып салдым. «Мен жалғыз тұрамын. Бір ұлым Шымкент жақтың қызын алған, сол жақта тұрады. Қаласаң менімен бірге тұр. Үйімді жинап, кірімді жуып отырсаң, саған ақша төлеймін, тамағың тегін» деп қамқорлық көрсетті.


Солай мен кішкентайымды өмірге әкелдім, қамқор ағай менің балама әкесіндей мейірімін төгіп, далаға шығарып ойнатып, бірте-бірте менің жүрегімді жаулап, ақырында үйленуге ұсыныс жасады. Қазір біздің екі ұлымыз бар. Жолдасымның қамқорлығының арқасында оқуымды қайта жалғастырып, жоғары білім алдым. Қазір мектепте, бастауыш сыныбына сабақ беремін.


Басы қатты болған өмірімнің соңы тәуір болды. Табысым да, мені сыйлайтын жолдасым да бар. Бірақ таяуда өмірім күрт өзгеріп сала берді. Биыл бірінші сыныптың балаларын алғам. Арасындағы бір оқушымның атасы баяғы мені зорлаған полицей екен. Жиналысқа келіп, мені танымағандай кейіп танытып кетті. Содан бері көңіл-күйім жоқ, әлгі баланы көрсем атасының озбырлығы еске түсіп, қарадай ашуым шығады. Бұл нәрсеге баланың түк кінәсі жоғын білемін, бірақ ақылым бағынбай барады. Не істерімді білмеймін...»