Қазыны бұқтырып, консервілеп сатып отыр

0
2 651

Оңтүстік өңіріндегі сиыр мен жылқы етін бұқтырып, консервілейтін жалғыз цех Тұрлан экспедициясы маңында орналасқан. Бүгінде бұл өнім Өзбекстанға экспортқа шығарылады. Ресейге экспорттау жағы да қарастырылып жатыр.


Қазыны бұқтырып, консервілеп сатып отыр

Оңтүстік өңіріндегі сиыр мен жылқы етін бұқтырып, консервілейтін жалғыз цех Тұрлан экспедициясы маңында орналасқан. Бүгінде бұл өнім Өзбекстанға экспортқа шығарылады. Ресейге экспорттау жағы да қарастырылып жатыр.

Ашылғанына екі жылдан асқан шымкенттік кәсіпорында консервіленген сиыр, жылқы еті, сондай-ақ күріш пен арпа ботқасы да шығып жатыр. Бұқтырылған еттің 8 атауы тіркелген. Бағасы өзге бәсекелестерден 15 пайызға арзан.

Халықтың үлкен сұранысына ие болған табиғи өнімді өндірісін Монғолиядан қоныс аударған қандасымыз Жәнібек Қанатхан ашқан. Бүкіл технология Ресейден әкелінген. Өз мамандығы тіс дәрігері болса да, Жәнібек ерінбестен технолог мамандығын меңгеріп, жаңа бизнестің іргетасын қалады.


«Өнімнің түрі көбейіп жатыр. Қазіргі таңда бұқтырылған еттен бөлек сиыр етімен бұқтырылған күріш, арпа ботқасын дайындап шығарамыз. Балық етін бұқтыру технологиясын да игердік. Экологиялық таза өнім шығару үшін барлық талап толық орындалуы тиіс. Тамақ өнеркәсібі болғандықтан біз малды бордақылаудан бастап оны консервілеуге дейінгі процессті мұқият қадағалаймыз. Сондықтан өз өнімімізге кепілдік береміз» дейді Жәнібек.

Мемлекет тарапынан несие, субсидия алмай, өз кәсібін дөңгеленткен кәсіпкер бүгінде 100-ге жуық жерлесімізді тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы жұмысшылардың жалақысы - 70 мыңнан 150 мың теңгеге дейін. Бір ауысымда 28 адам еңбек етеді. Өндіріс ошағы үздіксіз жұмыс істейді.

Бүгінде серіктестік жылқы етін де бұқтырып, консервілеуде. Жәнібектің айтуынша бұқтырылған жылқы етіне сұраныс, әсіресе, оңтүстік өңірінде жоғары. Оның технологиясы күрделірек. Қазыны жасап алғаннан кейін оларды 0 градуста кептіріп, сақтайды. Содан кейін бұқтырып, құтыларға салынады.

Серіктестікте тәулігіне бес мың құтыға жуық ет бұқтырылады. Яғни, бір ауысымда 1,5 тонна ет өңделеді. Толық қуатына көшсе, 3 тоннаға дейін ет консервісін дайындай алады. Ең бастысы, кәсіпорын қалдықтарды да кәдеге жаратуды қолға алған. Тағам қалдығынан ит пен мысықтарға арналған консервіленген өнім шығарылады. Өнім таза табиғи қоспалармен өңделеді. Жасанды және химиялық қоспаларды мүлде қолданбайды екен. Себебі, халал стандарты енгізілген.

Қазір ет Төлеби ауданындағы шаруа қожалығынан жеткізіледі. Өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін кәсіпорын өз бордақылау алаңын ашпақ. Әрине, бұл тиімді жобаны жүзеге асыру үшін қомақты қаржы қажет. Алайда, жұмысыңды бастамас бұрын нарықты талдап, әрекет етсең, алынбайтын қамал жоқ дейді іскер кәсіпкер.