8 наурыздан басқа күндері әйел күйеуінен не күтеді?

0
733

Сіз бұларды орындап жүрсіз бе?


8 наурыздан басқа күндері әйел күйеуінен не күтеді?

Фото көрнекілік үшін: pinterest.com

8 Наурызда әйелдер күйеуінен гүл мен сыйлық күтеді. Бұл – барша ер адамға белгілі жай. Бірақ күнтізбедегі басқа күндері ше? Әйел заты өмірлік серігінен не күтеді? Мұны әрбір отағасы елей бермейді.


1. Сезім

Әйел күйеуінен күнделікті өмірде кішкентай, бірақ жүрекке жылы тиетін тосынсыйлар мен ілтипаттар күтеді. Алайда көп ер адам үйленген соң әйеліне махаббатын сөзбен де, іспен де көрсетуді доғарады. "Мен романтик" емпспін" деп сылтауратады. Бірақ азық-түлік сатып аларда әйеліне бір шоколад қоса салу, күніне бір рет «Сені жақсы көремін» деген бір ауыз сөзді айту үшін романтик болудың қажеті жоқ.
Әйел күйеуінің жылы сөзіне зәру. Бұл – оның рухани оттегімен тыныстағанындай. Үйдегі, түздегі қат-қабат жұмысты атқарып, бала тәрбиелеп, өзіне күтім жасау үшін әйелге қанат керек. Ал еркектің сезіммен өрілген сқзі – сол қанаттың желі.



2. Құрмет

Құрмет – кез келген адамға ең үлкен сый. Ал әйел үшін бұл ерекше маңызды. Әйелді құрметтеу ақшаны, физикалық күшті қажет етпейді.
Құрметтеу дегеніміз – жанын жаралайтын дөрекі сөз айтпау, еңбегін бағалау, оған көңіл бөлу, өз ойын бөліскенде жақсы тыңдаушы болу.
«Үйде отырған адамға не керек?» деген суық сөзден аулақ болыңыз. Жұрттың көзінше әйеліңізді мақтап, «Сен болмасаң, мен қайтер едім?» деп қоюдан артық ілтипат жоқ. Кафеде есік ашып, табағына ас салып, сусын құйып беру де – құрметтің белгісі.



3. Қаржылай жауапкершілік

Ер адамның ең басты міндеттерінің бірі – отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету. Жұрт ер адамның киіміне қарап – әйелінің тазалығын байқаса, әйелдің сыртқы келбетіне қарап – күйеуінің қаржылық жауапкершілігін бағамдайды.
Әйел ақша сұрағанда «жоқ» деп жер шұқымау үшін қаржылық сауатыңызды арттырыңыз, табысыңызды көбейтуге ұмтылыңыз. Ер адамның күші – оның сөзінде емес, ісінде.
Қаржылық қиындықтар туындаса, «Бәрін реттеймін!» дейтін еркек – әйеліне қорған. Ал «Қайтеміз енді?» деп мойыған ер адам – әйелінің ең үлкен үрейі.



4. Сенімділік

Ер адам тау секілді берік болуы керек – оған сүйенуге қорықпайтындай. Әйел үшін ерінің өзіне сенімділігі – ең үлкен қуат. Ер адам өзін-өзі сенімді ұстауы керек. Бұл оның мінез-құлқынан, адамдармен қарым-қатынасынан, жетістіктерінен және сәтсіздіктерге деген көзқарасынан көрінеді.

Өзіндік сенімділікті өзімшілдікпен немесе нарциссизммен шатастыруға болмайды. Сенімді ер адам қиын жағдайларда сасқалақтамайды және отбасылық мәселе туғанда өзін жоғалтпайды.

Әйел жанындағы ер адамға сенім арта алмаса, оның қасында ешқашан толықтай еркін, бақытты сезіне алмайды. Қанша жерден заманауи, өздігімен өмір сүре алатын мықты әйел болса да, оның жүрегі еріксіз қорған болатын, жанынан табылғанда өзін нәзік сезінуге мүмкіндік беретін ер адамды қалайды.

Есте ұстаңыз күш – тек бұлшық етте емес, мінез бен рухтың беріктігінде. Ашуды күш деп шатастырмау керек: нағыз ер адам – дауылда айбарлы, ал сүйгенінің жанында – сабырлы.



5. Үйдегі қолдау

Үйдегі тірлікте әйелге көмектесуді міндет емес, сүйіспеншілік белгісі, жауапкершілікті бөлісу деп қабылдаңыз. Әйел үлгермей жатыр ма, шайды өзіңіз демдей салыңыз. Таңертең бір шыны кофе дайындау мен бір табақ тамақты жылыту үшін әйелді ұйқысынан оятпай-ақ қойыңыз.

Әйел бәріне үлгеретін «темір адам» емес. Ол да шаршайды, демалғысы келеді. Күйеуінен «Сен демалшы, мен істейін» деген бір ауыз сөзді есту – оның ең үлкен демалысы.



6. Адалдық

Әйел үшін ерінің сенімді серік болғаны маңызды. Алдау мен өтірік айту – әйелдің жүрегіне сызат, көңіліне дақ түсіреді. Көзге шөп салу – отбасы үшін ең ауыр сынақ. Әйел кешіргенмен ұмытпайды.



7. Өзін-өзі дамыту

«Ер адам өзімен жұмыс істемесе, өмірімен де жұмыс істемейді» деген сөз бар. Өмір бойы даму жолында болыңыз.

Әйел күйеуін мақтан тұтқысы келеді. Ер адам рухани және кәсіби тұрғыда дамыса, оның жанындағы әйел де шабыттанады.



8. Тазалық

Еркек үш жерінен иіс шықпауын қадағалау керек: аузы, қолтығы және аяғы. Күнде жұмыстан келген соң шайынуға ерінбеңіз. Аяғыңызды жуғанда шұлығыңызға бір-екі рет сабын үйкеп, шая салу оп-оңай.


Әйелдің ер адамнан күтетіні – осылар ғана. Ал сіз бұларды орындап жүрсіз бе? Бұны білу қиын емес, әйеліңіздің көзіне қараңыз. Онда сізге арналған жауап бар. Оның көзі күлімдеп тұрса – қуаныңыз. Ал мұң көрсеңіз – ашық сөйлесіп, қарым-қатынаспен жұмыс істеу керек.

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Адам жоғалуы туралы: балаға нені үйрету керек?

Ата-енемен БІРГЕ ТҰРУДЫҢ 6 артықшылығы бар