Мына 7 қауіпсіздік ережесін балаңызға көбейту кестесі секілді жаттатқызыңыз.
Фото: https://cdn.culture.ru/images/56a6d21c-e275-5652-8...
Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 1500 адам із-түзсіз жоғалады екен. Олардың басым бөлігі – оқушы жастағы балалар. Бұл ақпарат кез келген ананы ойландырары анық. Сақтықта қорлық жоқ, балаңызды қорғау үшін мынандай 7 ережені үнемі айтып отырыңыз.
1. Жеке ақпаратты таратпау
Балаларды жеке ақпаратты (аты-жөні, мекенжайы, мектеп атауы, телефон нөмірі) бөтен адамдармен бөліспеуге үйретіңіз. Әлеуметтік желілерде жеке ақпаратты жариялауға болмайтынын түсіндіріңіз. Егер бала интернетте бейтаныс адаммен сөйлессе, ата-анасына хабарлауы керектігін айтып отырыңыз.
2. Бөтен адамдармен сөйлеспеу
Адам ұрлаушылар көбіне баланы оңашалап алу үшін оларды әңгімеге тартады. Сондықтан балаға бөтен адамдармен сөйлеспеу, олардың ұсыныстарына келіспеу және кез келген күдікті жағдайда жақын жердегі ересектерден көмек сұрау керектігін түсіндіріңіз.
Балалар ешқашан "ата-анаң жіберді" деген адамға ермеуі керек. Бейтаныс адамның берген сыйлығы мен тәттілерін қабылдамау керектігін де айтыңыз. Егер бөтен адам баланы алып кетпек болса, айқайлап, жұрттың назарын аударуды үйретіңіз.
3. Қауіпті жағдайда айқайлау
Балаға қауіпті сезген кезде айқайлап, көмек сұрауды үйретіңіз. Қоғамдық орындарда немесе полиция бөлімшесінде көмек сұраудан ұялмау керек екенін түсіндіріңіз. Егер қауіпті жағдай туындаса, тез арада жақын маңдағы дүкен, дәріхана, мектеп немесе адамдар көп жүретін орындарға бару керектігін айтыңыз.
4. Ата-ананың және "102" нөмірін жатқа білу
Бала сенімді адамдарды (полиция қызметкерлері, мектеп қызметкерлері, көршілер) тануы қажет. Сонымен қатар, баланың телефонында ата-анасының, жақын туыстарының нөмірлері сақталғанына көз жеткізіңіз. Бала отбасы мүшелерінің телефон нөмірлерін және полиция нөмірін 102-ні жаттап алуы керек.
5. Жалғыз жүрмеу
• Бала мектептен үйге жалғыз қайтпауы тиіс, әрдайым топпен немесе сенімді ересекпен жүруі керек.
• Кешке жалғыз көшеге шықпауы қажет.
• Бөтен адамның көлігіне мінбеуі керек.
• "Мысық, күшік көрсетем" деп шақырған адамнан қашып кетуі тиіс.
• Айналадағы ескерту белгілеріне ("Қауіпті аймақ", "Кіруге тыйым салынады") назар аударуы қажет.
• Егер бала өзін аңдып жүрген адамды байқаса, дереу сенімді ересекке немесе полицияға хабарлауы керек.
6. Қайда жүргенін ата-анаға хабарлау
Баланың қайда, кіммен жүргенін және қай уақытта үйге келетіні туралы алдын ала келісіп алыңыз. Оған телефонды әрдайым өзімен алып жүруді және ата-анасына орналасқан жерін хабарлап отыруды үйретіңіз.
Ата-аналар баланың қозғалысын бақылау үшін GPS-бақылау құралдарын пайдалана алады. Телефонына "Отбасы қауіпсіздігі" секілді қосымшаларды орнату арқылы оның жүрген жерін тексеруге болады.
7. Өзін-өзі қорғау әдістерін үйрену
• Баланы өзін-өзі қорғаудың қарапайым әдістеріне үйретіңіз (мысалы, қауіпті жағдайда қолын сермеу, жұлқынып шығу, өткір дауыспен көмек сұрау).
• Қандай да бір шабуыл немесе бейтаныс адамның ыңғайсыз әрекеті байқалса, сенімді адамдарға айтуға үйретіңіз.
• Өзін қауіпсіз сезінбеген жағдайда тез арада қоғамдық орынға бару керектігін түсіндіріңіз.
Міне, осы ережелерді әр бала білуі тиіс. Бұл ретте мұғалімдер арнайы тренингтер өткізіп, ата-аналар үйде түрлі ойындар арқылы қауіпсіздік ережелерін үйретсе, өте тиімді болады.
Дайындаған: Ж. Смағұлова,
ERNUR.KZ
Тағы да оқыңыз: