Қазақстанда 2010 жылдан бері аяқталмаған су нысандарының құрылысы жалғасады

0
137

Қазіргі уақытта Сүмбе өзеніндегі су алу нысанында және Түркістан облысындағы Қызылқұм магистральдық каналында құрылыс-монтаж жұмыстары қайта басталды.


Қазақстанда 2010 жылдан бері аяқталмаған су нысандарының құрылысы жалғасады

Фото: gov.kz

ERNUR.KZ. Былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті гидротехникалық нысандарды салу және реконструкциялау бойынша ұзақ уақыт аяқталмай қалған жобаларды іске асыруды аяқтау алгоритмін әзірледі, деп жазады inbusiness.kz.

Бұл алгоритмге сәйкес, 2010-2020 жылдары басталған, алайда аяқталмаған 10 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары қайта жанданып, жалғастырылып жатыр. Олардың қатарында Қызылорда және Түркістан облыстарындағы каналдарды реконструкциялау және жаңғыртуға қатысты алты жоба, сондай-ақ Ақмола облысындағы Преображенский гидроторабы мен Сілеті су қоймасын, Абай облысындағы Қусақ өзеніндегі бөгет гидроторабын және Алматы облысындағы Сүмбе өзеніндегі су алу құрылысын реконструкциялау жобалары бар.

Қазіргі уақытта Сүмбе өзеніндегі су алу нысанында және Түркістан облысындағы Қызылқұм магистральдық каналында құрылыс-монтаж жұмыстары қайта басталды. Түркістан облысындағы К-26 және К-28 каналдары бойынша конкурс рәсімдері басталды. Тағы төрт жоба "Мемсараптама" РМК-ның қарауында. Қалған екі жобаға түзету енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау бойынша ұзақ уақыт аяқталмай қалған жобалардың саны екі есеге жуық қысқарды. Егер 2020-2022 жылдары Су шаруашылығы комитетінің теңгерімінде осындай 19 жоба болса, бүгінде олардың саны 10-ға дейін азайды. Қалған жобаларды алдағы екі жыл ішінде аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр", – деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбек Серіков.