Баланы қаржылық сауаттылыққа үйрететін 8 қадам

0
354

​Балаңыз судент болғанда достарына алданып, әртүрлі несие алып жүрмес үшін осы бастан ақшамен қатынасын реттеңіз.


Баланы қаржылық сауаттылыққа үйрететін 8 қадам

көрнекілік фото: ашық дереккөзден алынды

Ата-аналардың көбісі студент ұлының онлайн қаржылық ұйымдардан ақша алып, онысының пайызы өсіп кеткенін, студент қызының стипендиясын пайдасыз нәрселерге жұмсайтынын айтып шағымданады. Ал психологтар баланы кішкентайынан қаржылық сауаттылыққа үйретсе, бұндай мәселелерден аулақ болатынын айтады.

Осы орайда біз баланы қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеудің бірқатар тәсілін ұсынғанды жөн санадық. Бұл тәсілдер балаға болашақта ақшаны дұрыс басқаруға және қаржылық шешімдерді саналы түрде қабылдауға көмектеседі.



1. Ақшаның құндылығын түсіндіру

Мысал: Баламен бірге дүкенге барыңыз. Әр түрлі тауарлардың бағасын салыстырып, не үшін бір заттың арзанырақ, ал екіншісінің қымбатырақ екенін талқылаңыз. Мысалы, "Бұл сүттің бағасы арзан, себебі ол жеңілдікке ие, ал бұл – танымал брендтің өнімі, сондықтан қымбат".



2. Жеке жинаққа үйрету

Мысал: Баланың атына арнайы жинақ шоты ашыңыз немесе үйде ақша жинауға арналған банка қойыңыз. Әр апта сайын оған ақшаны бөліп жинауға үйретіңіз: мысалы, ойыншық алу үшін қажетті соманы жоспарлап жинау.



3. Ақшаны мақсатқа сай жоспарлау

Мысал: Егер бала ойыншық немесе кітап алғысы келсе, оған қажетті соманы есептеп, күнделікті жинау мөлшерін анықтауға көмектесіңіз. "Егер сен күн сайын 500 теңге жинасаң, екі аптада бұл ойыншыққа ақшаң жетеді" деп түсіндіріңіз.



4. Ақшаны есеппен жұмсау

Мысал: Баламен бірге ойын ретінде бюджет жасаңыз. Оған 1000 теңге беріңіз және дүкенде сол ақшаға өз қалаған үш затты сатып алуды ұсыныңыз. Бірақ шектеулі ақшаны қалай дұрыс жұмсауға болатынын өзіне шешуге мүмкіндік беріңіз.



5. Ақшаның еңбекпен байланысын көрсету

Мысал: Балаңызға үйдегі қарапайым жұмыстарды орындағаны үшін тиын төлеу жүйесін жасаңыз. Мысалы, егер ол гүлдерді суарса немесе бөлмесін жинаса, оған 50 теңге беріңіз. Бұл ақшаның еңбектен келетінін түсінуге көмектеседі.



6. Ақша мен уақыттың байланысын ұқтыру

Мысал: Егер бала қымбат зат алғысы келсе, ол үшін қанша уақыт еңбектену керек екенін түсіндіріңіз. Мысалы: "Бұл велосипедтің құны 30 мың теңге, бұл әкеңнің осындай соманы табуы үшін үш күн жұмыс істеуі керек деген сөз".



7. Шығындар мен кірістерді жазуға дағдыландыру

Мысал: Балаға жеке "ақша күнделігін" арнап, оған ақша кірісін және шығынын жазып отыруды ұсыныңыз. Бұл оған қаржылық есеп жүргізуді үйретеді.

Отбасылық бюджетті жоспарлау кезінде баланы да қосыңыз. Бір айдағы табыс пен шығынды көрсетіңіз және артық ақшаны қалай үнемдеуге болатынын бірге талқылаңыз.



8. Қаржылық шешімдердің салдарын көрсету

Мысал: Егер бала бірден барлық ақшасын жұмсаса, келесі қажеттілігін сатып ала алмайтынын көрсетіңіз. Бұл оған ақшаны бірден жұмсамау керектігін түсіндіреді.



Неше жастан бастап қаржылық сауаттылыққа үйрету керек?

Баланы қаржылық сауаттылыққа үйретуді ерте жастан, шамамен 3-5 жастан бастауға болады. Әр жас кезеңінде ақшаны түсіну деңгейі әр түрлі, сондықтан сабақтарды баланың даму ерекшеліктеріне сай ұйымдастыру маңызды.

3-5 жас: Ақшаны тану және оның мағынасын түсіну. Бұл жаста балалар ақшаның зат сатып алу үшін қажет екенін түсіне бастайды.

6-8 жас: Ақшаны жинау және жоспарлау. Бұл кезеңде балалар логикалық ойлау мен қарапайым есептеуді үйренеді.

9-12 жас: Қаржыны басқару. Бұл жаста балалар ақшаға қатысты өз шешімдерін қабылдауға дайын болады.

13-15 жас: Қаржылық жауапкершілік. Жасөспірімдер өз еркіндігін сезіне бастайды, сондықтан қаржылық жауапкершілік дағдыларын дамыту маңызды.

16 жастан бастап: Қаржылық тәуелсіздікке дайындық. Бұл кезеңде жасөспірімдерді ересек өмірге дайындау керек. Ақыл тоқтатқан бұл жаста не үйретуге болады: Банк карталарын пайдалану, шот ашу және оның жұмыс істеу принциптерін түсіндіру. Қарапайым инвестиция немесе пайыздық табыс туралы айтып беру. Қарыздың қауіптілігі мен қаржылық міндеттемелер туралы түсіндіру.

Ең бастысы, әр жас кезеңінде ақпаратты қарапайым және қызықты түрде жеткізу қажет.

Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Өзіңнің ең жақсы нұсқаң болуға 8 қадам

Мақсатыңызға жылдам жетуге көмектеседі: ҮШ тәсіл