Сіздің де балаңыз ұрыссыз кітап бетін ашпай ма?
фото: active-mama.com
Мұғалімдер мектепте оқушының сабаққа ынтасын арттыру үшін небір әдіс-тәсіл мен көрнекі құралдарды пайдаланады. Қазіргі заманның білім жүйесінің талаптарына сай білімін жаңартып, «Креативті педагог»курстарынан өтіп жатқандар қаншама. Бірақ сонда да кейбір бала үй жұмысын орындағысы келмейді. Әсіресе, бастауыш сынып жасындағы баланың өздігінен кітап бетін ашуы қиын.
Ата-анасы күнде ұрсып жүріп, кітап оқуға отырғызады. Тіпті шешесі есебіне дейін шығарып берсе де, соны дәптерге көшіріп жазуға келгенде қиғылық салатын балалар бар. Кітапты қолына ұстаған сәтте басы ауыра қалатын бала көп. Таныс жағдай ма?
Не істеу керек?
Иә, көп ата-ана «не істеймін?» дейді. Алдымен сұрақты өзгертуден бастаңыз. «Не істеймін?» деген сұрақтың орнына «Неге балам оқуға қызықпайды?» деген сұрақты қойы, соған жауап іздеңіз. Өйткені әр бала жеке индивид. Себепті анықтасаңыз, салдарымен жұмыс істеу қиын болмас. Ал біз психологтардың барлық балаға арналған кеңесін ұсынамыз.
1 кеңес
Таймменеджмент. Баланың күн тәртібі болуы керек. Уақытты тиімді пайдалануға, бәрінен бұрын үй тапсырмасын орындап тастауға әдеттердіріңіз. Өйткені бала түнде ұйқысы кеп кітап оқымайды. Өзіңіз де кей жұмысты түнге қалдырып, ал түнде «ертең орындаймын» дейсіз ғой.
Таймменеджмент мамандары маңызды шаруаны күннің бірінші жартысында, яғни түскі уақытқа дейін орындауға кеңес береді. Ал бала үшін сабақ пен мұғалімнің берген үй тапсырмасынан басқа маңызды жұмыс жоқ. Бұны балаға түсіндіріп, басқа шаруалардан бұрын үй жұмысын орындауға үйреткен жөн.
Бала мектептен келген соң тамақтанады. Одан кейін белгілі бір уақыт демалуы, ойнауы керек. Одан соң әр пәннен үй тапсырмаларын орындауға отырып, кітап оқуы қажет.
2-кеңес
Жағдай жасау. Үйрету – мұғалімнің жұмысы, ал ата-ана міндеті – баланың оқуына жағдай жасау, қолдау. Балаңыз үй тапсырмасын орындайтын кезде оған жайлылық орнатыңыз. Яғни үй жұмысын орындап отырған баланы оңаша әрі тыныш бөлмеде қалдырыңыз. Әпке-інілерінің оған кедергі жасамауы үшін оларды басқа бөлмеге алып кетіңіз. Өйткені бала түгілі өзіңіз де айналаңызда у-шу боп жатса, қасыңызда біреу сөйлеп отырса кітап оқи алмайсыз.
Бала үй тапсырмасын орындап жатқанда ешнәрсеге алаңдамауы керек. Яғни көңілі де, қарны да тоқ болғаны дұрыс.
3-кеңес
Дайындық. Спортшылар да күнде жаңа жаттығуға кірісер алдында міндетті түрде 5-10 минут аяқ-қолды сермеп, отырып-тұрып жеңіл-желпі жаттығулар орындайды. Тіпті футболистер де ойыннан бұрын дене қыздыру жаттығуларын жасайды. Сол сияқты үй жұмысын орындауға да алдын ала дайындалу маңызды.
Үй тапсырмасын орындаудан 15 минут бұрын танымдық ойын жаттығуларын бірге жасаңыз. Мысалы: жұмбақ жасыру, жаңылтпаш айту, қазақтың ақын-жазушыларының суретін көрсетіп «бұл кім?» деп сұрау, жемістермен немесе конфетпен қосу, азайту амалдарын орындату т.б.
Бұндай ойындар баланың назарын оқуға шоғырландырады, есте сақтау қабілетін шынықтырады. Сондай-ақ ой жаттығуларынан кейін баланың қызығушылығы артып, есеп шығаруы, тақпақ жаттауы, мәтінді көшіріп жазуы оңайлау болады.
4-кеңес
Қайталау. Қайталау – оқу анасы дегенді әркез есте ұстап, балаңыздың қандай тақырыпта жаттығулар орындайтынын көріп шығыңыз. Өйткені кейбір үй тапсырмасы күрделі болуы мүмкін. Бала жаңа тақырыпты түсінбесе де үй жұмысын орындағысы келмейді. Сондықтан сол тақырыпта өзіңіз сәл-пәл ізденіп түсіндіріңіз. Үйге берілген жаттығуларды орындамас бұрын оны бір қайталап, бала есіне түсіруіне көмектесіңіз. Мектепте өткен теорияны үйде практикамен үйлестіре білсеңіз тіптен жақсы.
Есте ұстаңыз, балаға әрқашан ата-анасының қолдауы қажет.
5-кеңес
Мақтау. Оқу үлгерімін қадағалап, әр жақсы баға үшін, оқудағы кішкентай жетістіктері үшін мақтап-мадақтап отырыңыз.
Еске түсіріңізші, балаңыз мектепке дейін қандай еді? Санамақ айтып, тақпақ жаттап, ертегі құрастырып, өз бетінше оқу-білуге құмар емес пе еді?! Ал сіз оны «Жарайсың!», «Ақылдым» деп қолпаштайтынсыз. Үйге қонақ келсе, балаңызға тақпақ айтқызып мақтанатынсыз.
Сол әрекеттеріңізді қайталаңыз.
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз: