Мектепте 11 жыл оқысаң да түсінбегеніңді өмір сабағы 1 жылда, тіпті кейде бір-ақ күнде жақсылап ұқтырады. Неге? Мұғалім дауыстап айтып, қайталап түсіндірсе де ұқпайсың. Ал өмір-ұстаз сөйлемейді, бірақ, сабақты оңай түсіндіреді. Мүмкін, мұғалімдер өмір-ұстаздың методикасын қолдану керек шығар. Тым болмаса, оқушыға түсіну қиын болған сабақты өмірден мысал келтіріп түсіндірген дұрыс-ау?!
Мектепте 11 жыл оқысаң да түсінбегеніңді өмір сабағы 1 жылда, тіпті кейді бір-ақ күнде жақсылап ұқтырады. Неге? Мұғалім дауыстап айтып, қайталап түсіндірсе де ұқпайсың. Ал өмір-ұстаз сөйлемейді, бірақ, сабақты оңай түсіндіреді. Мүмкін, мұғалімдер өмір-ұстаздың методикасын қолдану керек шығар. Тым болмаса, оқушыға түсіну қиын болған сабақты өмірден мысал келтіріп түсіндірген дұрыс-ау?!
ФИЗИКА
Оқушы кезімде физикадан «Жарық. Жарықтың жылдамдығы», «Жарықтың сынуы» тақырыптарын түсіну маған өте қиын болған. Мұғалім жарық – қуаттың бір түрі екенін, оның түзу сызық бойымен қозғалатындығын, жарық жолында бір зат кездессе, сол заттың көлеңкесі пайда болатынын түсіндірген. Менің түсінбегенім, көлеңкенің жарықта ғана көрініп, ал қараңғыда көрінбейтіні. Бұл жөнінде мұғалімнен сұрағанымда, апай сәл күмілжіп тұрды да, «Көлеңке – бұл жарық көзіне қарама-қарсы жақта пайда болатын қараңғы аймақ» деп қысқа қайырды. Жауапқа қанағаттанбағанмын. Физикадағы сабақта қойған сол сұрағыма 17 жылдан кейін жауап таптым. Бірақ, бұл кезде көп қателік жіберіп үлгерген едім.
Мұғалім былай түсіндіргенде ғой: Оқушы «Апай, көлеңке тек жарықта көріне ме? Неге? Оның адамға не пайдасы бар?» деп сұрады. Осы кезде мұғалім оқушыларды мектеп ауласына шығарып, күн көзіне тұрғызып, әрқайсысына өз көлеңкелерін көрсетті. Сосын «Көлеңке жарыққа қарама-қарсы жақтарыңда пайда болды. Жарық жерде ұзақ жол жүрсең де ол қасыңнан қалмайды. Ал, кешке және қараңғы жерде неге көлеңкенің көрінбейтінін мысалмен түсіндірейін. Көлеңкені әрдайым қасыңда жүрген дос-құрбы, тамыр-таныс және туған-туысқаныңа ұқсатуға болады. Дұрысы, жақын адамың. Жақын адамдарың жарқын, жарық күндері жаныңда жүреді, ал басыңа бір іс түссе осы адамдарды таба алмайсың. Қиындық – қараңғылық. Түнде бөлменің жарығын жақшы, көлеңкең пайда болады, жарықты сөндірші көлеңкең жоғалады. Демек, көлеңкеге сенім артуға болмайды, пайдасы жоқ. Бірақ, зияны да жоқ, жүре берсін қасыңда. Дұрысы, көлеңкеңнің болуы табиғи заңдылық, бірақ оған сену, одан көмек күту – қателік. Сондай-ақ, ол мен қиналғанда жәрдемдеспеді деп ренжу – келте ойлау. Тек өз күшіңе, өзіңе ғана сен» деп түсіндірді.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
Физика пәніндегі «Жарық. Көлеңке» туралы тақырыптар өтілетін күні немесе сол аптадағы «қазақ әдебиеті» пәнінен Абай Құнанбаевтың:
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап...» деп басталатын және «Көлеңке басын ұзартып» деп аталатын өлеңдері жаттауға берілсе, бір пән екінші пәннің күрделі тақырыбын меңгеруді жеңілдетер еді. Және оқушы есейгенде өмір жолында көп шатаспас, алданбас еді...
ҚАЗАҚ ТІЛІ
Бір күні қазақ тілі пәнінің мұғалімі «Егер мен мұғалім болсам» деген тақырыпта шығарма жазып келуге тапсырма берді. Не жазғаным есімде жоқ, бірақ, сыныптағы бір баланың шығармасы әлі есімде. Оның шығармасы «Егер, мен мұғалім болсам мектеп бағдарламасынан физика, химия, геометрия пәндерін алып тастар едім» деп басталады. Мұғалім «Неге?» дегенде, сыныптасым мүдірместен «Мысалы, косинус, синус, тангенс, котангенстің біздің өмір сүруімізге қандай пайдасы бар? Жарық дифракциясының маған не керегі бар? Ал, қазақ тіліндегі басыңқы, бағыныңқы сөйлемдер туралы қанша оқысам да түк миыма кірер емес. Мейлі, тіл сабақтары мен математиканы ғана қалдыруға болады» деді. Сыныптағы оқушылардың бәрі оны қолдап шулай жөнелдік. Расында, көпшілігіміз кейбір тақырыптарды түсінбеген күйі мектепті бітіргенбіз.
Басыңқы сөйлем демекші, осы тақырыптағы бағыныңқы сөйлемнің жеке тұрып неге өз алдына сөйлем бола алмайтынын мен де түсінбегенмін. Мектеп қабырғасында өткен «Сабақтас құрмаластың құрамындағы бірінші сөйлем баяндауышы тиянақсыз тұлғада келетіндіктен, ол өз бетімен жеке тұрып сөйлем бола алмайтынын, келесі жай сөйлемге бағына байланысатынын» арада 10 жыл өткен соң ғана түсінгенмін. Мектепте бірнеше апта бойы қайталасам да жаттай алмаған осы ереже бір жақын құрбым күйеуіне бағынғысы келмей, оның талаптарына көндіге алмай ажырасып кеткен күні өмір бойы ұмытылмастай «жатталып» қалып еді.
Мұғалім былай түсіндіргенде ғой: «Басыңқы сөйлем – отбасындағы еркек, ал бағыныңқы сөйлем– әйел. Бағыныңқы сөйлем өз алдына тиянақты ойды білдіре алмайтыны секілді, әйел отбасында еріне бағынғанда ғана оның бақыты баянды болады. Дәл сол секілді, тиянақты ойды білдіре алмайтын бағыныңқы сөйлем басыңқы сөйлемге бағынып байланысқанда ғана мағыналы сөйлем пайда болады. Бағыныңқы сөйлем мен басыңқы сөйлем арасындағы байланыс жалғаулықтар, жалғаулық сөздер, интонациямен беріледі. Яғни, мұндағы жалғаулықтар, жалғаулық сөздер – бұл балалар, немерелер» деп түсіндірсе, ережені ұғу, жаттау әлдеқайда оңай болар еді. Сондай-ақ, босаға аттаған қыздар «Адам түгілі сөйлемдер де бір-біріне бағынады. Әйтпесе, сөйлемде мағына болмайды» деп, күйеуіне бағынып өмір сүруге, ерін тыңдауға үйренер ме еді деп ойлаймын. Сонда ажырасып жатқандар саны әлдеқайда аз болар еді-ау?!
Жаза берсем, мұндай мысалдарды әр пән бойынша келтіруге болады. Өйткені, кезінде бізге қажетсіз боп көрінген мектептегі сабақтардың маңыздылығын енді түсініп жатырмын. Кейде «Осыны неге мектепте үйретпеген? Егер, мен мұғалім болсам...» деп ойланамын.
Ал, оқырман, сіз мұғалім болсаңыз, сабақ өту, тақырыпты түсіндіруде қандай методиканы қолданар едіңіз? Осы уақытқа дейін өмірдің ұқтырған басты сабағын айтып бере аласыз ба? Өмірлік сабағыңызбен бөлісіңіз, жастар ой түйсін!
Жазира СМАҒҰЛОВА