Көпшілік ортасында ҚЫСЫЛУ мен ҚЫЗАРУДАН құтқаратын төрт әдіс

0
3 178

Орта жасқа келсеңіз де көпшілік алдында өзіңізді еркін ұстай алмайсыз ба?


Көпшілік ортасында ҚЫСЫЛУ мен ҚЫЗАРУДАН құтқаратын төрт әдіс

фото: assets-global.website-files.com

Көпшілік ортасында ешкімнің сізбен шаруасы болмаса да қысылып-қымтырылып, қызарып отырасыз ба? Туған күнде, той-томалақта ортаға шығып тілек айтқанда ше, аяғыңыз, даусыңызға дейін дірілдеп, сасқалақтайсыз ба? Жиналыстарда өз ойыңызды айтуға ұяласыз ба?

Бұл өзіңізге сенімсіздіктің және бұлшықеттердегі блоктардың белгісі дейді психологтар. Сонымен қатар көп ортасында сөйлеу тәжірибесінің жоқтығы да себеп болады.



Не істеу керек?

1. Ең алдымен «қысылу», «қымтырылу» деген сөздердің мағынасына бойлап көрейікші. Бұл қысу, қысым деген сөздерден шыққан. Тура мағынада қабылдап, бірінші қысып тұратын киім және тар, жүріп-тұру ыңғайсыз аяқ киім киюден бас тартқаныңыз абзал.

Киім ішінде өзіңізді еркін сезінуіңіз керек. Ал бұндай еркіндікті үйден бастаған жөн. Үйде кең, ыңғайлы әрі таза киім киіңіз. Дәл сол сияқты той-томалаққа барарда дискомфорт сезінбейтін киім киген дұрыс-ақ.

«Мәдениет театрдан, ал театр гардеробтан басталады» деген сөз бар емес пе, сол сияқты психологиялық және физикалық «қысылу» киімнен басталады. Өзгеге емес өзіңізге ұнайтын киімдерді ғана сатып алып, таңдап, киіп үйреніңіз. Бұл өзіңізді еркін сезінуге ғана емес, сонымен бірге біртіндеп өз ой-пікіріңіздің қалыптасуына да көмектеседі.



2. Бұлшықеттердегі блоктар көп ортасында өзіңізді еркін ұстауға бөгет болады. Блоктарды жоймасаңыз, тіпті жүйкеге қысым түсіріп, көпшілік алдында сөйлегенде тек дауысты емес, ауыз, қол, көз жүйкелерін дірілдетуге көшеді. Сондықтан бұлшықеттерді босаңсытатын жаттығулар жасауды күн тәртібіне енгізгеніңіз жөн болады.

Бұлардың қатарына йоганың гомукхасана, адхо мукха шванасана, бхунджангасана және шавасана жаттығулары, кез келген тыныс алу жаттығуы жатады. Тым болмағанда күнде ұйқы алдында шавасананы жасауды әдетке айналдырыңызшы. Бұл йога жаттығуы ең оңайы және бұлшықетті, ойды түгелдей босаңсытады.



3. Адам өзін-өзі кінәлай берсе, әр сәтсіздік үшін жазғырып, үнемі өзіне өзі ұрсып жүретін әдеті болса да – қалың ортада өзін еркін ұстай алмайды. Өйткені оның санасындағы өзіне тағар кінәсі, айыбы, жіберген қателіктері автоматты түрде оны «басып» тұрады. Ал жылдар бойы адамның өзіне өзі таққан кінәсі мен әр қателігі үшін жазғырғанын тек кешіру техникасы арқылы жоюға болады екен.

«Мен өзімді ... кешіремін» техникасы: Дәл қазір орындаңызшы. Алдымен өзіңіздің жағымсыз әдеттеріңізді кешіріңіз. Мысалы: «Мен өзімді көп ұйықтағаным үшін кешіремін» т.б.

Сосын жіберген қателіктеріңіз үшін кешіріңіз. Мысалы: «Мен өзімді несие алғаным үшін кешіремін», «Мен өзімді алданып қалғаным үшін кешіремін», «Мен өзімді тұрмысқа шығарда дұрыс таңдау жасамағаным үшін кешіремін» т.б.

Бұдан бөлек ойыңызға келген кез келген нәрсені айтып, өзіңізді кешіре беріңіз. Мысалы: «Мен жұрттың қыздары сияқты пысық болмағаным үшін өзімді кешіремін», «Мен 40-қа келсем де түк бітірмегенімді кешіремін», «Өзіме өзім күтім жасай алмағанымды кешіремін», «Ойланбастан қажетсіз заттарды сатып ала бергенімді кешіремін», «Үнемі кешігіп жүретінімді кешіремін», «Осы уақытқа дейін өзімді емес, өзгелерді көп ойлағанымды кешіремін», «Денсаулығыма көңіл аудармағанымды кешіремін» т.б.

Бір сөйлем ғана айтып өзіңізді кешіруге де, екі-үш абзацтан тұратын сөйлеммен де, қаласаңыз кейбір оқиғаны еске алып, дауыстап баяндап отырып кешірсеңіз де болады.

Осы техниканы күнде қолыңыз қалт ете қалғанда орындаңыз. Дауыстап айту міндетті. Оңашада айтыңыз. Қоқыс төгуге жалғыз өзіңіз шыққанда айтыңыз. Дүкенге бара жатып айтыңыз. «Өзімді кешірдім» деп айта беріңіз. Өзіңізден қысылу, қымтырылуды байқаған сәтте іштей айтсаңыз да болады.

Бұл кешіру техникасының әсері керемет. Психологиялық блоктарды бұзып жаныңызға еркіндік сыйлайды. Бұлшықеттердегі блоктарды да босатады. Нәтижеге жету үшін күнде бір рет (5-7 минут) орындау қажет.



4. «Артықшылықтар кемшіліктерден артық» деген психологиялық техниканың да пайдасы зор. Бұл жаттығу айна алдында орындалады. Күніне бірнеше рет айнаға қарайсыз ғой, сол кезде өзіңізге комплимент айтасыз, мақтайсыз.

Мысалы: «Бүгін мен ерекше көңілдімін», «Көздерім от шашып тұр ғой», «Еріндерім әдемі», «Маған күлген күшті жарасады», «Сұлуым» т.б. сөздерді айнаға қараған сайын айту уақыт та алмайды, қол да байламайды.

Бұл техника өзіңізге деген сенімділікті арттырады. Өзіңізді жақсы көре бастайсыз. Өзіңізден кемшілік іздеуді доғарасыз. Керісінше «мен ешкімнен кем емеспін» деп басыңызды көтеріп жүретін боласыз. Сондай-ақ өзіңіздегі артықшылықтарыңызды бағалап, көп ортасында жасандылықтан аулақ боласыз. Сондай-ақ өзіңіз ғана емес, өзгелер де сізге комплимент айта бастайды.


Бастапқыда төртеуін де орындаңыз. Бір айдан соң-ақ өзгерісті байқайсыз. Содан кейін тек өзіңізге ұнағанын ғана орындап жүруге болады. Көп ортасында сөйлеп, өз ой-пікіріңізді айтып үйренудің де пайдасы бар.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

АРМАНҒА ТЕЗ ЖЕТКІЗЕТІН үш техника

Ерлі-зайыптылардың арасындағы сезімді "өлтіретін" 6 жағдай