Бұл өте қажет. Ал, бұны білмесеңіз, бүкіл өміріңіздің мән-мағынасыз зырлап өте шыққанын аңғармай да қаласыз.
Қуанғыңыз келгенімен, шынайы күле алмайсыз ба? Отбасы, бала-шаға, қызмет, баспанаңыз болса да, өзіңізді бақытсыз сезінесіз бе? Ешнәрсеге көңіліңіз толмай ма? Үнемі бір нәрсе жетпей тұрған сияқты түйіле ме? Бұл жан ауруының бір түрі. Емі бар!
Әлемдегі жантану мамандары бұл ауруды емдеуде түрлі психологиялық әдістерді қолданады. Дегенмен, бәрінің айтары қазақтың «қанағат» деген сөзіне саяды. Өмірдегі қуанышты сәттерді көріп, өзінің де, өзгенің де бойындағы жақсы қасиеттерді бағалай білу үшін адамға ең бірінші қанағат қасиеті керек екен. «Жоқ» деп түнере беретін адамның бар нәрселерге шүкір деуіне, тағдырына налып отыратындардың жақсылыққа алғыс айтуды үйренуіне де ең алдымен қанағат ете білуі қажет.
Ал, қанағатты білмесеңіз, жүз жасасаңыз да өмірдің бақытын, тәттісін, ләззатын ешқашан сезе алмайсыз.
МЫСАЛ: Сансыз нөкері бар жас император қаланы аралап келе жатты. Халық қоғадай жапырылып:
- Император жасасын! - деп ұрандатуда. Қазынашы императордың жолын тосқан қалың жұртқа алтын теңге шашуда. Алтын теңгеге таласқандар бір-бірінің жағасын жыртып жатыр.
Күзетшінің бірі императорға қарай жүріп келе жатқан үсті-басы алба-жұлба, жалаң аяқ монахты байқап қалып, қылышын қынабынан суырды. Қылышын енді көтере бергені сол еді, императордың:
- Тоқта! - деген ащы дауысын естіді.
Ары қарайғы оқиға жұртты аса таң қалдырды. Тұлпардан қарғып түскен жас император монахқа жүгіріп барды да, тізерлеп отыра қалып, оның жыртық-жыртық шапанының етегін сүйді. Бүкіл ел жағасын ұстап таң қалды. Тек біраздан соң ғана олар бұл монахтың үлкен император екенін ұқты. Бұдан бірнеше жыл бұрын ол тақтан бас тартып, билікті жас баласына беріп, өзі өмірдің ақиқатын іздеп, ел кезіп кеткен болатын.
- Әке, келуіңізбен! - деді жас император.
- Балам, мен әлі келген жоқпын. Мен ақиқатты әлі таппадым. Енді жер шарының солтүстік жағына жол жүріп барамын.
- Әке, қатты жүдепсіз ғой. Ат әкеліңдер!
- Жо-жоқ, қажеті жоқ. Мен кедейшілікпен ғұмыр кешуге ант ішкенмін. Ал, әкеңе көмектескің келсе, онда мына ыдысқа нан алуға жетерлік қана тиын-тебен сал. Әкеңе одан артық ешнәрсе керек емес.
Әкесі қайыр сұрауға арналған, кір-кір кішкентай бір ыдысты тосты.
- Қазынашы! Бір қап алтын әкел, - деп әмір етті жас император.
- Балам, осы ыдысқа салған садақаны ғана аламын. Қап арқалап жүруге шамам келмейді, - деді қарт әке.
Қазынашы оның қолындағы ыдысқа алтын сала бастады. Бірақ кішкентай ыдыс толар емес. Қазынашының көзі алақандай болды. Әлгі ыдысқа екінші қап алтынды құя бастады, алайда ыдыс толмады. Қазынашы ішіне үңіліп қарап еді, ыдыс бос. Ал жас император:
- Сал, сала түс! - деп айқайлады.
Үшінші, төртінші... қап алтын салынды, ыдыс сол күйі бос күйінде қала берді. Әр қап алтын салынған сайын, нөкерлердің ғана емес, жас императордың да таңырқауы күшейе түсті.
- Толмайтын бұл ыдысты қайдан алдыңыз, әке?!
- Балам, әкеңнің қандай жағдайға тап болғанын көрдің ғой. Шамаң келсе мені бүгін тамақтандыр.
Ыдысты қолына алып, ары-бері айналдыра қарап шыққан жас император ашуланып:
- Қазынашы. Толтыр! - деп бұйырды. Қазынашы:
- Әміршім, алақандай бұл ыдыс 30 қап алтынды жұтты ғой, - деп еді, жас император:
- Сен менің бұйрығыма қарсы кеп тұрсың ба? Мына жексұрын ыдыс толмайынша бұл жерден қозғалмаймыз! - деп айқайлады.
Сол-ақ екен, қызметшілер қап-қап алтынды тасумен болды. Алтынды қаптап салып жатыр, бірақ ыдыс сол баяғы бос күйінше қала берді. Қырқыншы қап алтын салынғанда жас император тағы да ыдысты қолына ұстап, әрлі-берлі қарап шықты да:
- Бұл не деген сайтан алғыр ыдыс? Қырық атқа тиелген алтын түгел салынды, ал бұл ыдыс әлі бос! Неге? Қырық қап алтынға «тоймаған» ыдыс меніңше бәрібір толмайды. Болды, жетер, тоқтатыңдар! Бұл не ыдыс, әке?
Жас императордың әмірінен соң қызметшілер ыдысқа алтын салуды тоқтатты.
- Балам, мен бақыттымын, сенің маған қарағанда әлдеқайда ақылды да болжағыш болғанын үшін бақыттымын. Сен қырқыншы қапта тоқтадың. Қырық қап алтынға толмаған ыдысқа қанша алтын салсаң да толмайтынын түсіндің. Ал мен болсам осыны түсіну үшін бүкіл өмірімді сарп еттім, жарты әлемді шарладым. Бүкіл байлығымды осы ыдысқа салдым. Бірақ, ыдыс сол бос күйінше қалды. Себебі бұл – менің тілегімнен, нәпсімнен жасалған ыдыс. Бұл – тілек ыдысы...
Бұндай ыдыс сізде де бар, менде де бар. Тілек, қалау және нәпсіңізге «тоқта» деп айта білмесеңіз, қолыңыздағы бұндай ыдысыңызды өмір бойы толтыра алмайсыз. Мысалдағы қарт императордың қателігін қайталамаңыз!
Бір сәт тоқтап, жан-жағыңызға қарап, өзіңізге есеп беруді үйреніңіз. Керемет нәрсені емес керек нәрсені «алыңыз». Сонда ғана бақытты, қуанышты, тәттіні сезе аласыз.
(Суреттер ашық дерекөздерден алынды)
Ж. СМАҒҰЛОВА
Тағы да оқыңыз:
ЕҢ қымбат жандарға қаншалықты УАҚЫТ пен КӨҢІЛ бөліп жүрсіз?
ЕРКЕК қырыққа келгенше есі кірмесе – ҚАСІРЕТ