Сыр мен құпияны КІМДЕРГЕ айтуға болмайды?

0
3 324

​Ал сіз өзгенің сырын сақтай аласыз ба?


Сыр мен құпияны КІМДЕРГЕ айтуға болмайды?

фото: mtdata.ru

Ақын Жандарбек Бұлғақовтың: «...Құпияны сақтайды үш-ақ адам, егер оның екеуі өлген болса» деп айтқаны бар еді бір айтыста. Рас. Алайда сырды ешкім іште сақтай алмайтынын білсек те, оны басқаға айтқымыз кеп тұрады.

Өз сырыңды ашқан, өзгенің «Ешкімге айтпа» дегенін шашқан дұрыс па, бұрыс па?


Алдымен сыр деген не, оны кімдерге айтуға болмайтынын анықтап алайық. Жалпы, сыр деп адамның «көз тиеді» деген жақсы жаңалығын және «сөз тиеді» деп қорқатын жағдайын, мәселесін айналасындағылардан жасыруы. Біреудің жасырғанын жасыру психологиялық тұрғыда ауыр жүк. Оны сақтай алатыныңызға сенбесеңіз, дұрысы тыңдамаңыз. Сонда реніштен, ренжітуден аулақ боласыз.

Негізі адамдардың 90 пайызы сыр сақтай алмайды. Өйткені адамның табиғатына ақпаратты, білгенін, білімін бөлісу тән. Сондықтан да адам білгенін ғана емес, естігенін де өзгеге айтады. Бұл көп адамда автоматты түрде жүзеге асады.

Жалпы, көбіне адам өзінің де, өзгенің де құпиясын байқамай айтып қояды екен. Өкінеді, келесіде аузына абай болуға тырысады. Ал мынандай адамдар қаншама рет басына таяқ тисе де біреудің сырын ішіне сыйдыра алмайды.



1. Аузында сөз тұрмайтын адамдар болады. «Ашық ауыз» деп атайды бұндайларды. Олар өз мәселелерін, үйіндегі отбасы мүшелерінің кемшіліктерін, бауырларының өміріндегі қиындықтарын, ата-анасының ауруын бәрін-бәрін жасырмай таныс-білістеріне айта береді. Тіпті тақырып ауанына қарай енесінің басында неше кредиті бар екенін, ағасы мен жеңгесінің ұрысып қалғанын, қазір бөлек тұрып жатқанын да айтады. Жақын адамдарының үйіндегі мәселелерін жайып салатын адам ешкімнің сырын сақтай алмайды. Бұл оның мінезі.


2. «Көп сөйлейтін адамның аузында сөз тұрмайды, демек аз сөйлейтін адам сыр сақтай алады» десеңіз, қателесесіз. Психологтардың зерттеуінше, өзгемен тез тіл табысып кете алмайтын, көп ортасында үндемей отыратындар керісінше әлдекімнің сырын ашуға, құпияны айтуға бейім келеді екен. Өйткені оның айтарға басқа әңгімесі жоқ. Сондықтан естіген өсек сөзді, біреудің ауруын, тағдырын, көршісінің ішіп келген күні әйелін ұрып-соғатынын, абысынының көрген құқайын айтады. Бірақ олар өзгенің құпиясын сақтай алмағанымен, өзінікін көрге алып кетуге даяр.


3. Досы, танысы көп адам да сыр сақтауда әлсіз. Әр ұжымда бір белсенді, достық қарым-қатынас орнатуда бір «жұлдыз» болады. Ол күнде барлық әріптесімен әңгіме-дүкен құрып, сәлем-сауқат сұрасып үлгереді. Сол сияқты оқуды бітіргеніне 10-20 жыл өтсе де сыныптастарымен, группаластарымен байланыс орнатып, бәрінің басын қосып жүретіндер де бар.

Осындай типтегі адамдар бір әріптесінің (немесе сыныптас) сөзін екіншісіне сөз арасында байқамай айтып қоятынын жантану мамандары зерттеп дәлелдеген.


4. Әр ортада, отбасында, әулетте ешкім елей бермейтін адам болатыны да белгілі. Көбіне оның отбасылық статусына немесе білім, тұрмыс дәрежесіне қарай басқалары менсінбейді. Міне, осы елеусіз қалатын адам жұрттың жасырған құпиясын, кемшілігін біліп, көріп қойса, өзгелерге әдемілеп айтуға құмар. Өзгелердің назарын, көңілін аудару үшін ол осындай қадамға барады екен. Бұндай адамдар басқаның қызығушылығын өзіне арттыру үшін қызық әңгіме табайын деген мақсатта әдейі айналасындағылардың, тіпті әнші, актерлердің сырын, құпиясын іздеп жүреді дейді психологтар.


5. Дос, құрбы, туысқан арасында отбасылық немесе жеке өмір туралы бүге-шүгесіне дейін білгісі кеп сұрақ қоятындар табылады. «Жақсы», «Шүкір, жұрт қатарлы өмір сүріп жатырмыз» деп қысқа қайырсаңыз да, сұрақты түрлендіріп қойып, үйіңіздің неше бөлмесі бар екенін, жалақыңыздың қанша екенін біліп алады ол. Осылай тәптіштеп сұрайтындар өзгенің құпиясын мүлде сақтай алмайды.


6. «Пәленшенің келіні кетіп қалыпты», «Түгеншенің қалада екінші әйелі бар екен» деген сияқты ешкім сұрамаса да өсек тасып жүретіндерге де ешқандай сырды айтуға болмайды. Олар тек ауыл-аймақтағы жаңалықтарды емес, әлемде болып жатқан оқиғаларды, саяси өзгерістерді де жұрт сұрамаса да білгішсініп айта береді. Бұндай адамға өзіңіздің ғана емес, өзге туралы басқа біреуден естігеніңізді де айтпаңыз. Ол әдейі айтпайды, жай айналасына «білгіш» боп көрінгісі келеді.



Байқасаңыз, ешкім біреудің сырын жаман оймен айтпайды. «Саған ғана айтып жатырмын» деген құпияңызды да әдейі жайып салмайды. Сондықтан ешкімге ренжудің қажеті жоқ.

Белгілі француз драматургы Марсель Паньоль «Құпия – бұл ешкімге айтпайтын сыр емес, екі адамның оңашада отырып сыбырлап айтатын әңгімесі» деген екен. Бұл біреуге айтқан сырыңыз құпия емес, ол оны келесі біреуге міндетті түрде айтады дегенді білдіреді. Бұл әбден зерттеліп, дәлелденген. Олай болса, ешкім білмеуі тиіс құпияңызды ішіңізде сақтай біліңіз. Ал айттыңыз ба, кейін «Сырымды шашты» деп ешкімге ренжімеңіз. Өйткені сіздің ішіңізге сыймаған сөз басқаның да ішіне сыймайды.


Міне, психологтардың зерттеуі осындай. Осы орайда «біреудің сырын айту дұрыс па?» деген сұраққа келсек, әрине бұрыс. Бұл басыңызды дау-дамайға, пәлеге қалдырады. Өзгенің құпиясын іште сақтау да дұрыс емес. Бұл жан тыныштығына, еркіндігіңізге, жүйкеңізге кері әсер етеді. Сондықтан біреу сізге «Ешкімге айтпа...» деп әңгімесін бастағанда «Сыр сақтай алмаймын» деп ескертіңіз немесе «Айтпа, мен сандық емеспін ғой біреудің құпиясын ішіме тығы қоятын» деп тыңдамауға тырысыңыз. Өйткені өзгенің сырын, құпиясын білгеннен ешқандай пайда жоқ, тек зияны бар.


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Арманыңызды «орындайтын» СУПЕР техника


Күткеніңіз БОЛМАЙ ҚАЛДЫ, не ІСТЕУ КЕРЕК?