​Жиен ел болады жайлы болса, желке ас болады, майлы болса...

0
11 226

«Айтайын дегенім, ауырымды жеңілдеткен, көзімді тұмшалап алған уайымнан арылтқан жиенім жайлы еді.


​Жиен ел болады жайлы болса, желке ас болады, майлы болса...

Қазақта «жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деген сөз бар. Әрине, қазақтың нақыл сөздерінің ешқайсысында шындыққа жанасатын дүние жоқ деп айта алмаспыз. Сонда да кейде осындай сөздердің кереғар мағынасы да бар екендігін жоққа шығара алмаймыз.

Көзтаныс бір апаның ылғи да немерелерін жанына ертіп, олардың әрбір қылығына тамсанып, қорғаштап отыратынын көргенде еріксіз риза кейіппен жымиясыз.

Бірде сыр ақтарып, іштегі айтылмаған әңгімесінің түйінін тарқатқанда осындай тағдырдың иесі болар деп ойламаған едім. Өйткені, күйеу баласы болса да ападан жиі хабар алып, сол үйге кіріп-шығып жүргендіктен, ол кісінің ұлы жоқ деген ой мүлдем санама кірмеген. Мен күйеу баласын апаның ұлы екен деп ойлап келген екенмін.


Енді сырына қанық болдым. Апаның айтқаны:

«Айтайын дегенім, ауырымды жеңілдеткен, көзімді тұмшалап алған уайымнан арылтқан жиенім жайлы еді.

Әсіресе, ұл баласы болмаған ата-ананың уайымын да мен жақсы түсінемін. «Кілең қыз бала таптың, маған ұл керек» деп бір ғана себеппен ажырасып жатқан ерлі-зайыптылардың да жанайқайын көрдім, естідім.

Әрине, баланың ұл ма, қыз ба екендігінде тұрған ештеңе жоқ, қазақ болған соң, «артымда тұяқ қалсын, менің ізімді жалғасын, түтінімді сөндірмесін» деп армандайды, тілейді. Дегенмен, пешенесіне ұл жазбаған адамдар айырылысып кетсін деген сөз емес қой бұл.

Аллақалағанына ұл береді, егер қаласа қыз береді. Барлығы да бір Алланың қолында. Айтуын айтқанымызбен, көңілімізді осылай жұбатқанымызбен, біз бұл өмірге бес күндік қонақпыз. Сондықтан, артында ұл перзенті қалмаған адамдарға да аянышпен қараймыз. Әйелдер бұл жайлы түсінеді, қыз болсын, ұл болсын, өмірге бала әкелукүрделі, жауапкершілікті іс.

Жолдасыммен бірге он сегіз жыл өмір сүрдік. Осы уақыт аралығында тату-тәтті, ел қызығарлықтай жанұя болдық деп мақтана аламын. Төрт қыз сүйдім. Әр қызымыз өмірге келген сайын әкелері ерекше қуанатын. «Төрт қызым барда төрт құбылам түгел менің. Ұлым жоқ деген өкінішім де жоқ. Себебі, қыздарыма жақсы тәрбие беріп, құтты жеріне қондырсам, ұлымдай болатын күйе балаларым болса, немерелерімді ойнатып отырсам, арманда кеттім демеймін» деп айтып отыратын. Менің көңіліме қарап солай дейді ғой дейтін едім, бірақ, өзінің өмірден ертерек кететінін сезді ме екен, қыздарын өте қатты жақсы көріп, барынша мейірленетін. Әрине, ана ретінде қыздарымның осындай әкесі болғаны үшін бақытты едім. Бірақ, өзі армандағандай тым құрыса үлкен қызымыздың тұрмыс құрғанын, ана атанғанын көре алмай кетті.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Төрт қызымды да құтты орнына қондырған анамын.
Қыздан туған немерені жиен деп айтады ғой қазақта. Бірақ, мен «жиен» деуге аузым бармайды. Өйткені, жиендерім демеймін, немерем деймін. Басқалар сөгіп жатса да, олар мен үшін баламнан артық.

Қартайған шағымда қолымды жылы суға малып, бағып-қағып отырған да сол үлкен қызымның баласы. Үлкен немерем. «Апатайым, мен сізді бәрінен артық жақсы көремін. Қалағаныңызды айтыңыз, мен барлығын орындаймын» деп қуантады. Ендігі арманым, жақсы келін түсірсем, шөбере сүйсем бақытты әжемін» деп жүзі бал-бұл жанған қарт ананың арманына жетуін тіледім.

Жазып алған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:

АБЫСЫНның татулығы ЕНЕге де байланысты екен

ӨГЕЙлігін танытқан адамды ӨМІР де ӨГЕЙсітеді