Әжесінің баласы (Болған оқиға)

0
1 306

Балаларым жаман болса екен дейтін ана бар ма? Ол бізді, әрине, татулыққа шақырады.


Әжесінің баласы (Болған оқиға)

Біздің Әли әжесінің баласы екенін баяғыда танытқан...


Үй Іші болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтыны белгілі. Бір күні аяқ астынан жұбайымыз екеуміз әлде неден керісіңкіреп қалдық. Қызу қанды, қызбалығымыз басылмаған кезіміз. Біріміздің басымыздан біріміз сөз асырмақ емеспіз.


Қолымда енем бар. Біздің естіп болмашыдан шырт ете қалғанымызды кергенде, ол кісінің мырс етіп, жеңіл мысқыл күлкімен күліп алатын әдеті. Сосын қызы мен менің бетіме пәндей қарайды да, өзінің аналық қалыстық сөзін айтады. Сенікі дұрыс, сенікі теріс дейді. Балаларым жаман болса екен дейтін ана бар ма? Ол бізді, әрине, татулыққа шақырады.


Мен әдеттегіше:


— Кәрия, араласпаңыз. Бұл сіз араласатын шаруа емес, — дедім.


Бұрын бұлай десем, енем дереу басылатын да, бұрылып жөніне кететін. Өйткені, біздің керісуіміз қалай тез болса, ауыз жаласуымыз одан да тез екенін ол жақсы біледі.


Үлкен кісі бұл жолы өйтпеді. Бұрылып кете бармады. Семья басы сен болғандықтан бәріне сен жауаптысың дегендей менің бетіме тіке қарап тұрып:


— Анау балаларың болса сөз түсінуге жарап қалды. Солардан ұят емес пе? Осыны көрген олар не үлгі алмақ? — деді.


Балаларың деп отырғаны екі жарым жасар Әли мен бір жарым жасар Мұхтар.


Кәрия, мен айттым ғой сізге, араласпаңыз!


Кейде енемнің де мінезі тіке.


— Е, неге араласпаймын? Араласпайтын мен немене, бөтен біреумін бе? Олай болса, кетем үйіме. Маған десең біріңді бірін жұлып же!


— Кетсеңіз барыңыз. Сіз жоқта да күн көргенбіз.


Енем қап-қара боп түтігіп, дереу жинала бастады. Үйі Семейде, соған кетпек. Ол біздің қолымызға тұнғышымыз Әли туған соң, бір айдан кейін келген болатын. Содан бері осында, қызының қойыңыз дегеніне қолын сермеп тастап кенер болмады.


— Бар! Көп сөйлемей, самолетке билет әкеп бер» Екі жылдан бері отыңмен кіріп, күліңмен шығып, екі балаңды өсіріп аяқтандырдым. Жетеді. Оны біліп, бағалап жатқан сендер барсыңдар ма?


Шешесінің мінезі күрт екенін қызы біледі. Сондықтан қарсы сөйлеп, онша көп дауласпады. Дереу киінді де, барып, келесі күнге таңертеңге самолетке билет алып келді.


— Әли болса, есейіп қалды. Детсадқа бересіңдер ме, үйде бағасыңдар ма, өздерің біліңдер. Ал Мұхтаржанымды сендерге қалдырмаймын, өзіммен бірге әкетем, — деді енем. Біз бұған мақұлмыз. Туғаннан әжесінің бауырында өскен балалар, қай-қайсысы да, ол бар жерде бізді керек қылмайды.


Miнe аэропортта енемді Семейге шығарып салып тұрмыз. Онда оның күйеуге шықпаған және бір қызы, жалғыз бөлме де болса, шалынан қалған қара шаңырақ үйі бар.


Тап-тұйнақтай боп киінген, балпиған Мұхтар енемнің құшағында. Ол ештеңені біліп те қоймайды. Дәл бір дүние жүзін аралауға саяхатқа кетіп бара жатқандай кішкентай қолдарымен бізге хош айтысып, езуін жимай, күлімсірей береді.


Таңертеңгілік уақыт. Әйелім қызметіне кеткен. Менің кеңсем өз үйім. Оңаша қонақ бөлмемде жазу жазып отырмын. Бір кезде ұйықтайтын бөлмеден Әлидің «апа!» деп, дауыстаған үні естілді. Е, оянған екен. Екі баланын да таңертең көздерін тырнап ашып, бізді емес, әжелерін іздейтін әдеті. Мен жазуымды дереу доғарып, Әлиға бардым. Кішкентай қоршаулы төсекшесінде отыр ол. Ұйқысы қанған.


— Оу, Әлижан, қайырлы таң!


Сені кім шақырды? Апам келмей, сенің келуің қалай дегендей Әли маған өңі бұзыла қарап, тағы да!


— Ан – а - а! — деді.


— Апаң жоқ, жаным. Тұра ғой, тұр. Тамағыңды іш. Апаң кеше Мұхтар екеуі Семейге кетпеді ме? Біраз күн болады келеді. Ал мен бүгін сені зоопаркке алып барам. Онда тұмсығы мынадай не бар... піл бар, көресін...


Бұл сөздердің бірі де Әлидің құлағына кірмеді. Өңі одан өрмен бұзылып, жылауға айналды. Пыш-пыш етіп, мұрнынан да береке кете бастады,


Тамақты әйтеуір ішкен болды.


Бірдеңені шындап жазғысы келген жазушы бошалаған сиыр тәрізді, — оңаша болғанды, ешкім мазаламауын қалайды. Әлиге ойна деп үйдегі бар ойыншықты алдына жайып салып, жазу столына кайта келіп отырдым. Ойнау қайда. Әлекең дәліздегі үлкен есіктің алдына ары қарап тұрып алып, «Апа! Ап – а - а!» деп, жылап, әндетуге кірісті.


Жазу жайына қалды. Әлиді жұбатпақ болам, жалынам, Түсіндіріп айтқан болам. Түсінбейді. Ұрсам. Бір сәтке томсырайып, тынышталады. Сосын, мен бөлмеге кайта кіріп, қаламды қолыма қайта алған кезде әніне тағы басады:


— Апа! Ап – а - а!


Түске дейінгі уақыт осымен өтті. Эли не ойнамайды, не жатпайды. Сырт есіктің алдында, бағанағы бір орында, көз жасы алты тарам болып, әжесін іздеп, тек жылағанды біледі.


Ұру обал, кішкентай. Әжесін ойлап, елжіреп, жасы алты тарам боп, жылауының өзі соншалық сүйкімді.


Түске дейін отырып, тук те жаза алмадым.


Ертең де, бүрсігүні де осылай болатыны, Әли маған енді мына үйде ештеңе де жаздырмайтыны даусыз еді.


Жазбақ түгіл, жөндеп демалып көр!


Ыза болдым. Ашық тұрған есіктен Әлиге:


— Доғар! — деп, бір ақырып, дәлізге шықтым. Аэропорт кассасына телефон соқтым:


— Жасыңыз мың болсын, айыңызшы. Осы дәл бүгін Семейге ұшатын самолет бар ма? Билет табыла ма? Маған өте тығыз қажет еді.


Қазір суық күз. Жаздыгүнгідей жолаушылар ағылып жататын кез емес.


— Қазір, — деп, кассадағы қыз сәл күмілжіді де: — Бар, — деді.


Ой қуанғаным!


— Сағат нешеде ұшады? Қарындас, көп жасаңыз! Сіз маған бір билет қалдырасыз ба? Қазір, осы жарты сағатта-ақ жетіп барам.


Тыз етіп, такси келе қалды. «Бізді іздеме. Біз Семейге кеттік» деген бір жапырақ қағазды ас ішетін столдың үстінде қалдырып, Әли екеуміз аэропортқа тартып жөнелдік.


Семей. Ет комбинатына таяу үш қабат өзіме таныс сары үй. Таныс есік. Әлиді есік ашылғанда бірден көрінетіндей етіп тұрғыздым да, өзім былай таман қалқаға тұрып, қоңырауды бастым.


— Бұ кім?


Дауыс енемдікі.


Сөйткенше болмай, есік ашылып кетті. Екі білегін түрінген, алжапқыш киген енем қарсы алдында екі құлағы қалқиып аспаннан түсе қалғандай боп, өзіне маңқия қарап тұрған Әлиді көрді. Кеше ғана сонау алыста, Алматыда қалдырған сүйікті немересі.


— Әли! Әлижан!


— Апа!


Екеуі бірін бірі бір ғасыр көріспегендей құшақтары айқаса кетті.


Біздің Әли әжесінің баласы екенін міне осылай танытқан. Ол осы күні де, соқтауылдай жігіт болғанына қарамай, бізбен сәл ренжіссе, Семейге апама кетем деп, қорқытады. Мінезі әжесіне тартқан бір беткей: кетсе, кетіп те қалуы әбден мүмкін.


Бердібек Соқпақбаев.