Балаларға арналған өлеңдер. Еділбек ДҮЙСЕН

0
1 319


Балаларға арналған өлеңдер. Еділбек ДҮЙСЕН

САНАМАҚ


Бір дегенім – бірлік,

Берекелі тірлік.


Екі дегенім – елім,

Туып-өскен жерім.


Үш дегенім – үміт,

Жалқаулықты ұмыт.


Төрт дегенім –тілің,

Тілді ұмытпай жүрің.


Бес дегенім –бабам,

Содан үлгі алам.


Алты дегенім –арман,

Мақсатқа жет, қарман.


Жеті дегенім –жалау,

Көтеріп, алға қарау.


Сегіз дегенім –сенім,

Сенген досым менің.


Тоғыз дегенім –толғау,

Жүректен жыр жолдау.


Он дегенім –Отан,

Отанды сүй, ботам!


ҚАРАСУЫҚ

Күзгі күн. Қарасуық.

Жабырқау, дала сұлық.

Сұрапыл ұйтқып соқты,

Жынды жел аласұрып.


Суық, салт құрғандай-ды,

Қарып-ақ тұр маңдайды.

Денемді тітіркентіп,

Жыландай сумаңдайды.


Көрсетіп сонда, қылық,

Шымшиды қол батырып.

Ызғары-ау түсер қыстың,

Тастапты тоң қатырып.


Торғайлар мұңы ішінде,

Үрпиіп, бүрісуде.

Тығылған ықтасынға,

Сияқты тірі сүлде.


Билепті желік көкті,

Бар кәрін, төніп, төкті.

Жерімді жүрегіммен,

Жылытқым келіп кетті...


ҮЗІЛГЕН ЖАПЫРАҚ

Сары-ала айналам,

Отырмын. Бау іші.

Құстардың сайраған,

Тым сирек дауысы.


Бойжеткен-теректе,

Жалғыз тал жапырақ.

Желменен желөкпе,

Тұр байғұс қалтырап...


Ұшырып құлатты,

Құйын кеп сорына.

Көбелек сияқты,

Қонды кеп қолыма.


Қалайша жайланам,

Жатыр ол бүрісіп.

Жасыл шақ жайнаған,

Жалт етті-ау жылысып.


Мұратын күн ұғып,

Тұратын биікте.

Бір күні жұлынып,

Түсерін біліп пе?!


Көңілім қалғандай,

Сұрланған жүзіңнен.

Жапырақ-армандай,

Үміттей үзілген.


Тағдырдың мазағы,

Қас-қағым, қазір-ау.

Жапырақ ажалы-

Бұтақтан ажырау!


Бұл жай, сыр толғайды,

Алатын сабақты ұқ.

Кеткендер оңбайды,

Тамырын талақ қып.


АҚ ҚЫС АЙШЫҚТАРЫ

Түсіп дүние түр-түрге,

Кештіреді күй қызық.

Жер-сұлуға бір түнде,

Кетті ақ көйлек кигізіп.


Аймалап күн ақ маңдай,

Сансыз сәуле шарқ ұрад.

Қар бетінде жатқандай,

Ақ моншақтар жарқырап.


Аңшылар жүр қуанып,

Күтті мұны қанша олар?!

Болатындай бұл анық,

Қызғылықты «Қан сонар».


Тып-тынық күн...ой, Алла-ай,

Үнсіз қанша жата алар.

Жосылған із жоғалмай,

Арманыңа апарар.


Сиқыр күшті танытты-ау,

Қолын оның көрмедім.

Тереземе салыпты-ау,

Қырауменен өрнегін.


Бүгін ғажап мүлде күй,

Қарап тұрмын ауладан.

Қардан «телпек» киген үй,

Дәу балмұздақ аумаған.


Кіршігі жоқ ақ ұлпа-

Ақ тілегім, арымдай.

Келе берші, сағынта,

Қатыгез боп, тарылмай.


Шат-шадыман шақтарды-ай,

Көбелек-қар қонғай көп.

Тұрғандай қыс: «Ақ қардай,

Жаның таза болғай»-деп!


«СҮЛГІ»

Ағын сулар көп ақты,

Нөсер құйып өтті де.

Кемпірқосақ жолақты,

Көкжиекті кетті іле.


Бергендей бір далаға әр,

Сан бояулар құбылып.

Мәз-мейрам боп балалар,

Жанымда жүр жүгіріп.


-Аяқ салған алапқа,

Анау тұрған не?-деп ем.

Қарық қылып жауапқа,

Тақ-тақ етті Төлеген.


-Арқа ысқылап көргенмін,

Тұр ғой үйде үлгісі.

Шомылғанда, ол, жердің-

Сүртінетін сүлгісі!


ЖАЗҒЫ ТҮН

Жұлдызды көрпесін жайды түн,

Толықсып туыпты, ай бүтін.

Сағына сүйеді самалы,

Жаныма тиеді жайлы тым.


Сан баурар, жазғы түн сәнімен,

Сұлулық, өмірдің мәні ме ең!?

Кең далам тынығып жатқандай,

Маужырап, шегіртке әнінен.


Тамсанам, кепкендей тандырым,

Аңсаған, жеткендей таң нұрым.

Самсаған көктегі жұлдыздай,

Жанса ғой, жарқырап ән-жырым!


Бір сәтте айналып балғынға,

Арманға арбалып қалдым ба?!

Батпан мұң ғайып боп бойдағы,

Шаттандым, шалқалап шалғынға.


Дүние-, жайнап тұр,-бал бітім,

Жұлдызды көрпесін жайды түн.

Шуақты, көңілім сияқты

Сынбапты...Қарашы, ай бүтін...


ҰЯ

«Ұя» деген,төгілген,

Қандай шуақ сөз еді.

Өнебойы өрілген,

Мейірім-ау, өзегі.


Жүрек шіркін тулады,

Қарлығашты көргенде.

Үйректейін судағы,

Ойым сүңгіп тереңге.


Қағып сүйір қанатын,

Көк жүзінде зырлайды.

Балапанын салатын,

Ұя жасап, тынбайды.


Мәпелеген ата-ана,

Көз алдымда тұрады.

Көңіл тербеп жата ма,

Туған үйдің тұрағы.


Сол ғой ұям, ып-ыстық,

Сонда өсіппін мына мен.

Тербететін, тыныштық,

Әдемі еді бұл әлем...


Талай жандар тыңдаған,

Ұя-ұлы тақырып.

Ой-санамды шыңдаған,

Мектеп-ұя, шақырып.


Өмір атты, жыры мың,

Ұлы жолға аттандым.

Қос ұяның ұлымын,

Борышымды ақтармын.


Осы атаудан нұр сезгем,

Үйімді аңсап жүр едім.

«Ұя» деген бір сөзден,

Жылып кетті-ау жүрегім!


Еділбек Медетұлы Дүйсенов - ақын. 1998 жылы 30 мамырда Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданында дүниеге келген. Топтама өлеңдері мен аударма мақалалары ұжымдық жинақтарға, республикалық баспасөз беттерінде жарық көріп жүр.

Бөлісу