Әйтпесе, қиналып қалуыңыз әбден мүмкін.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Биыл ислам дініндегі ең қасиетті саналатын Рамазан айы сәуір айымен тұспа-тұс келіп отыр. Егер сіз осы уақытта мұсылмандар мекендейтін елдерге саяхат жасауды жоспарласаңыз, осы мақаладағы кеңестер пайдалы болады. Себебі БАӘ, Тунис, Марокко, Индонезия және Египет сынды елдерде Рамазан айында жергілікті тұрғындардың өмірі өзгереді. Тиісінше туристер бұл елдерді жаңа қырынан тануға мүмкіндік алады. Сонымен біз сіздерге қандай кеңес ұсынамыз?
Негіздермен танысыңыз
Рамазан – Исламдағы бес парыздың бірі. Ораза ұстаған мұсылмандар таң атқаннан күн батқанға дейін тамақтану мен су ішуден, темекі шегуден және жыныстық қатынастан бас тартады. Күн батқаннан кейін кешкі намаз оқылып ауызашар басталады. Сосын, белгіленген уақыт бойынша сәресі ішіліп, ауыз қайтадан бекітіледі. Бірақ Рамазан түнда тамақтанып, күндізгі уақытта демалу емес. Күні бойы еңбек етіп, мол жақсылық жасайтын ай.
Алдын ала жоспарлаңыз
Негізі қасиетті Рамазан айы басқа мерекелерге қарағанда саяхаттауға ыңғайлы уақыт емес. Өйткені бұл уақытта көптеген мекемелер мен ұйымдар қысқартылған кесте бойынша жұмыс істейді. Сондықтан қонақүй брондау, билет сатып алу және турларға тапсырыс беру сынды жұмыстар қиындап, алдын ала әрекет жасауды талап етеді. Сондай-ақ, қалай және қайда тамақтану туралы да алдын-ала ойластыруға тура келеді. Мейрамханаларға үстелге алдын-ала тапсырыс берген жөн. Тіпті болмаса, тамақты өзіңізбен алып кетесіз. Әйтпесе, ауыз ашатын жер таппай қалуыңыз ғажап емес.
Күн режимін өзгертіңіз
Қасиетті Рамазан айында мұсылмандардың барлық іс-шаралары түнгі уақытта өтеді. Олар елдерге қарай аздап өзгеруі мүмкін. Бірақ барлық мұсылман елдерінде ауызашар (ифтар) күн батқаннан кейін басталады. Түнде мұсылмандар туыстарымен, достарымен көрісіп, сөйлесіп, содан кейін таңғы сәресіге дейін тағы бір тамақ ішеді. Мәселен, Рамазан айында Мароккодағы көшелердің әр бұрышына жарық орнатылып, музыка ойнап, түрлі тәттілер таратылады. Түркияда да дәл солай ораза ұстағандар кешкі асты жиылып ішеді. Сондай-ақ, жергілікті саябақтар мен көшелерде азық-түлікті тегін таратуға немесе оны арзан бағамен сатуға субсидия береді екен. Ал, Біріккен Араб Әмірліктерінде бұл мерекенің сән-салтанатпен өтетіні айтпаса да түсінікті. Ол елде түнде адамдар жиналатын кез келген жер танымал орынға айналып кетеді. Қысқасы, Рамазан айында саяхаттайтындар түнгі серуендерге дайын болғаны абзал.
Жергілікті заңдар және әдет-ғұрыптармен танысыңыз
Қай бағытқа саяхаттайтын болсаңыз да ең алдымен сол елдегі заң және жергілікті халықтың ырым-тыйымдарымен танысып алу қажет. Өйткені, кейбір елдерде туристерге арналған шектеулер аз болса, басқаларында көбірек болуы мүмкін. Мысалы кейбір елдердегі мұсылмандар әдет-ғұрыпқа қатал болып, Рамазан айында өзге дін өкілдерімен бір дастарханға отырмайды. Енді біреулерінде өздеріне қосылмаған мұсылмандарға арналған тыйымдар болуы мүмкін. Тіпті, кейбір мұсылман елдерінде исламға жат қылығыңыз үшін айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Сондықтан, әсіресе Рамазан айында мұсылмандар еліне саяхаттайтын болсаңыз, жергілікті заңдар және әдет-ғұрыптармен танысып алыңыз.
Рамазан ырғағына еніңіз
Рамазан дәстүрлі түрде ерекше қонақжайлылық пен жомарттық айы болып саналады. Сондықтан шетелде жүрген сізге тәттілер мен тағамдар ұсынса, мерекелік кештер мен отбасылық жиындарға шақырса, бас тартпаңыз. Сонымен қоса, шамаңыз жетсе қай жерде жүрсеңіз де жақсылыққа, қайырымдылыққа жақын болыңыз. Әрине, өзге елдің уақытына, салт-дәстүрлеріне бірден бой үйрету оңайға соқпауы мүмкін. Алайда, айналаңыздағылармен бір толқында өмір сүрсеңіз, демалысыңыздың қызықты әрі пайдалы болып өтетіні анық.
Сондай-ақ, қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы. Сондықтан қай елде болсаңыз да инстаграм, твиттер сияқты әлеуметтік желілерге кіріп #iftar және тура осылай жүрген қаланың атауын жазсаңыз, ауыз ашуға қолайлы мейрамхана, асханалардың тізімі, мекен-жайы, байланыс нөмірі, жалпы қажетті мәліметтердің барлығына қол жеткізе аласыз.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Қазақстанда жаңа жыл басталды! Басқа елдер қашан қарсы алады?