​Турист медициналық қобдишасы: Ішінде не болуы керек?

0
376

Шетелге өзіңмен қандай дәрі-дәрмектерді апаруға болмайды?


​Турист медициналық қобдишасы: Ішінде не болуы керек?

Медициналық қобдишасыз ұзақ сапарға шығу – ұшақтан парашютпен сақтандыру жабдығынсыз секіру сияқты. Оны қажет етуіңіз де, етпеуіңіз де мүмкін. Алайда өзіңізбен болғаны әрқашан жақсы.

Кей туристер шетелге саяхат, ұзақ сапарға дайындық барысында медқобдиша жабдықтуды ескермейді. Ескерсе де, өзімен бірге қандай дәрі-дәрмек алу керегін білмейді.

Кей елдерде ең қарапайым деген дәрілердің өзі дәрігердің рецептінсіз босатылмайды. Одан бөлек, өзге елде бізге қажетті дәрі-дәрмектің атауы мүлде басқа болуы мүмкін. Бұл керекті медикаментті табуды қиындатады. Одан бөлек, тілдік барьер орнайтыны бар. Әдетте туристік орындарда сауда-саттық, қызмет жасайтындар бірнеше тілде сауатты сөйлемесе де, түсінісе алатындай деңгейде болады. Ал дәріхана қызметкерлері жайлы бұлай айту қиындау.

Әрине, барлық жағдайларды күні бұрын болжау мүмкін емес. Бірақ 80%-ына алдын ала дайындық жасауға болады және бұл жағымсыз жайттарды жеңіл өткеруге көмектеседі.
Сіздерге саяхатқа қажетті дәрі-дәрмектердің толық тізімін ұсынамыз. Бұл тізім тәжірибелі туристер мен дәрігерлердің кеңестері негізінде дайындалған. Қолданыңыз, денсаулығыңызға пайдалы болсын.

№1 дәрі-дәрмектер тізімі

Дәрі-дәрмектерді жинауға кіріспес бұрын, өзіңіз немесе отбасы мүшелеріңіз (сапарға шығатын) үнемі қабылдайтын медициналық препараттарды електен өткізу қажет.
Олардың қажеттілігі туралы дәрігермен кеңесіп, демалыс уақытына қанша дозаның керек болуы мүмкін екенін есептеңіз. Егер дәрі-дәрмектер тек рецепт бойынша берілсе, артық мөлшерде сатып алу мүмкіндігін талқылап көріңіз.
Сонымен қатар, олардың қолданылуы жөнінде дәрігердің кеңестеріне де назар аудару керек. Кейбір медициналық препараттар ұшақта тасымалдауға тыйым салынған. Әр елде кейбір дәрі-дәрмектерді елге әкелуге қатысты арнайы шектеулер бар.


№2 медикаменттер тізімі

Өз денсаулығыңыздың жай-күйіне қарай өмірлік маңызды дәрілерді жинап болғаннан кейин, қалғандарын жинауға кірісуге болады. Стандартты медқобдишада мынадай медикаменттердің болғаны абзал:

  • Дене қызуын түсіретін (парацеамол немесе ибупрофен негізіндегі)
  • Ауырсынуды басатын (тпмалгин, нимесил, спазмалгон, т.с.с.)
  • Суық тиюге қарсы (балаларға және ересектерге арналған)
  • Жөтелге қарсы (құрғақ және қақырықты жөтел түрлеріне)
  • Тамақ ауруына қарсы (бүріккіш және кәмпит түріндегі таблеткалар)
  • Вирусқа қарсы
  • Аллергияға қарсы (бұған дейін ешқандай аллергияңыз болмаса да, ол жақтағы жаңа дүниелерді ағзаңыз қалай қабылдайтынын білмейсіз)
  • Тербеліс кезіндегі жайсыздыққа қарсы (әсіресе, кемемен саяхатқа шысаңыз)
  • Асқазан бұылуына қарсы (смекта, белсендірілген көмір, т.б.)
  • Асқорытуды жақсартатын (бак-сет, нормобакт, линекс, т.с.с.
  • Көз және құлақ тамшылары
  • Сутегі асқын тотығы
  • Таңғыш дәке, мақта, лейкопластырь, су өткізбейтін таңғыш жапсырмалар
  • Жарақатты өңдеу құралдары
  • Күйікке қарсы (пантенол негізіндегі жақса және сықпа майлар)
  • Бұлшықет ауырсынуын басатын жақпамайлар (диклофнеак, фастум-гель, т.с.с.)
  • Жәндіктерден қорғану құралдары (жақпамалар, спрейлер, т.б.)
  • Күннен қорғану құралдары
  • Спиртті ылғал сулықтар

Қызуөлшегіш жайлы да ұмытпаңыз. ОЛ – медқобдишада болуы керек басты қажеттіліктердің бірі. Оның цифрлы, неғұрлым сапалы, дәл және жылдам өлшейтін болғаны жақсы. Қызуөлшегішті міндетті түрде соққыға төзімді тубусқа (қаптама) салу қажет.

Дәрі-дәрмектерді алып өту ережелері

  1. Ең бірінші және ең маңызды ереже: медқобдишаға наркотикалық және психотропты медикамент салмау!
  2. Дәрі-дәрмектердің жарамдылық мерзімін мұқият тексеріңіз. Өтіп кеткен немесе сапар кезінде аяқталатын мерзім болмауға тиіс екені түсінікті.
  3. Қол жүгі сөмкесіне салатын медикаменттердің зауыттық қаптамасы ашылмағаны абзал.
  4. Егер дәрі-дәрмектерді дәрігер тағайындаған болса, рецепт жазып, мөр басылған қағазын да өзіңізбен ала жүрген жөн.
  5. Қол жүгі сөмкесіне антибиотик, ауырсынуды басатын, ұйқы шақыратын, құрамында спирті көп сұйық препараттарды 50 мл көлемінен артық салуға болмайды.
  6. Медқобдишада инсулин болуы үшін сапар алдында диабетик құжатын жасату керек.

Әрине, денсаулыққа қауіп төндіретін әртүрлі жағдайларда қажет болатын дәрі-дәрмектер тізімі мұнымен біте салмайды. Дегенмен, оларды өзіңізбен ала кетсеңіз, демалыс кезінде болуы мүмкін біршама жайсыздықтан сақтандырасыз.

Алайда, «керек-керек» деп тым асыра сілтеп жібермеңіз. Медқобдишаңыз жолсөмкеден де ауыр боп кетпесін. Ыңғайлы, ықшам болуы үшін дәрі-дәрмектердің сыртқы қораптарын алып тастаған жақсы. Оған қоса, дәрілердің шамасы, санына да мұқият болыңыз. Артығымен алудың қажеті жоқ.

Шетел шекарасына қандай медикаменттерді алып кіруге болады, қайсысына рұқсат жоқ екенін бір сөзбен жеткізу қиын. Өйткені, мұндай тыйымдар мен шектеулер әр елде әртүрлі. Нақтысын білу үшін сапарға шықпас бұрын ізденіп, арнайы сайттардан қараған абзал. Немесе елшілік қызметкерінен, дәрігерден кеңес алыңыз. Әлемнің қай түкпірінде жүрсеңіз де, деніңіз сау болсын.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ЕҢ ӘДЕМІ ӘУЕЖАЙ: жолаушылар мен саяхатшылардың таңдауы қайсы?