Шымкент қаласы әкімдігінің және 13 мердігерлік ұйымның 553 маманы 3 ауысыммен тәулік бойы жұмыс істеп жатыр
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Арыстағы Шымкент секторының құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Арыс қаласында жүргізіліп жатқан қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысуға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек келді. Осыған орай, Шымкент қаласына бекітілген №10 секторда жүріп жатқан жөндеу және құрылыс жұмыстары бойынша Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баяндама жасап:
«Залалды бағалау және жою үшін Шымкент қаласы әкімдігінің және 13 мердігерлік ұйымның 553 маманы жұмылдырылып, 3 кезекте тәулік бойы жұмыс істеуде. Сараптама нәтижесінде анықталған сектордағы 652 тұрғын үйдің 604-інде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, ал 32 үйдің апатты болуы және толық өртенуі себебінен орындарына жаңа үйлер салынады. Қазіргі уақытта 161 үйде жөндеу жұмыстары аяқталған. 1 тамызға дейін барлық үйлердің шатырлары мен терезелері қалпына келтіріледі. Ал 15 тамызға дейін ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын аяқтаймыз», - деді.
Ғ.Әбдірахымовтың баяндауынша, Шымкентке тиесілі секторда екі айдың ішінде жөндеуге келмейтін үйлердің орнына салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысы толығымен аяқталады. Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан жұмыстардың, әр үйдің құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапалы болуы қала әкімінің қатаң назарында болады.