Шымкент қаласында 344 жеке үйірме мен орталық жұмыс істеуде. Алайда бұл көрсеткіштің өсуі – бәсекелестік ортаның қалыптасуына негіз болады.
Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері және салалық басқарма басшыларының қатысуымен қосымша білім беруге бірыңғай мемлекеттік тапсырыс (ваучерлік қаржыландыру) енгізу мәселелері бойынша кеңейтілген жиын өтті.
Кездесу барысында ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу аясындағы өзекті мәселелер мен болашақта туындайтын сын-қатерлер талқыланды. Әкім орынбасары Сәрсен Абайұлы жүйені жүзеге асыру барысында анықталған бірқатар заңбұзушылықтарды, атап айтқанда, бір педагогтың бірнеше үйірмеде қатар жұмыс істеуі және бір баланың жетіге дейін үйірмеге тіркелуі сияқты жағдайларды ашық жария етті.
– Қосымша білім беру саласына бөлінетін қаражат көлемі айтарлықтай ұлғайды. Атап айтқанда, жеке өнім жеткізушілер үшін бір балаға арналған ай сайынғы қаржыландыру мөлшері – 15 000 теңге, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін – 22 500 теңге, ал мүгедектігі бар балалар үшін – 30 000 теңгені құрайды. Бұл бағытқа жыл сайын шамамен 10 миллиард теңге бөлінеді. Мұндай ауқымды қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуы – басты талап. Сол себепті біз сапалы қызмет көрсететін өнім жеткізушілерге қолдау көрсетеміз. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 344 жеке үйірме мен орталық жұмыс істеуде. Алайда бұл көрсеткіштің өсуі – бәсекелестік ортаның қалыптасуына негіз болады. Қызмет сапасы мен қолайлы жағдай жасауда бәсекеге қабілетті ұйымдар ғана нарықта қалады. Ал таңдауды ата-аналар мен балалардың өздері жасайды, – деді Сәрсен Құранбек.
Кездесу қорытындысы бойынша, ваучерлік қаржыландыруды іске асыруда ашықтықты, сапаны және заңдылықты қамтамасыз етуге бағытталған нақты ұсыныстар қарастырылып, алдағы іс-шаралар жоспары нақтыланды.