Іс-шараның мақсаты спорт арқылы балаларды тәртіпке, төзімділікке және өзіне сенімді болуға баулу жолдарын талқылау, сондай-ақ бала денсаулығын сақтау мен жеке гигиеналық дағдыларды қалыптастырудың маңызын түсіндіру болды.
AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Спорт арқылы бала тәрбиесі: тәртіп, жігер, құрмет» және «Бала гигиенасы денсаулық кепілі» атты екі өзекті тақырыпты қамтыған тағылымды кездесу болып өтті. Іс-шараға қатысушылар бала тәрбиесінің ең маңызды екі бағыты – физикалық және гигиеналық дамудың өмірлік маңызын талқылады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – спорт арқылы балаларды тәртіпке, төзімділікке және өзіне сенімді болуға баулудың тиімді жолдарын талқылау болды. Сонымен қатар, бала денсаулығын сақтау, аурудың алдын алу және қарапайым жеке гигиеналық дағдыларды қалыптастырудың маңызын түсіндіруге баса назар аударылды.
Кездесуге партияның Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева, Қазақстан гимнастика федерациясының президенті, қалалық мәслихат депутаты, танымал спортшы Әлия Юсупова, сондай-ақ дәрігер және бала гигиенасы жөніндегі сарапшы Дария Төкқұлыева қатысты. Жиынға білім беру және медицина саласының бірқатар өкілдері де белсенді қатысты.
Жиынды ашқан Наргиза Керімбаева спорттың бала тәрбиесіндегі орнын ерекше атап өтті:
– Бала бойындағы тәртіп пен төзімділік — оның ертеңгі азаматтық ұстанымының бастауы. Спорт – бұл тек дене шынықтыру емес, ол ерік-жігер мен мінездің шыңдалатын нағыз мектебі. Сондықтан әрбір ата-ана бұл мәселеге ерекше мән беруі керек. Спорттық тәртіп балаға өмірдегі кез келген қиындыққа төтеп беруді үйретеді, – деді ол.
Өз сөзінде гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова спорттың бала психологиясына және тұлғалық дамуына тигізетін оң ықпалын кеңінен түсіндірді: – Бала спортпен айналысқанда, ол ең алдымен өзін жеңуге, нақты мақсат қоюға және сол нәтижеге жетуге тырысуды үйренеді. Бұл қасиеттер оған өмір бойы серік болады. Мен әр ата-ана өз баласының бойында спортқа деген қызығушылықты ерте жастан қалыптастыруы тиіс деп санаймын. Денесі шыныққан, ойы дамыған бала – қоғамның сенімді тірегі бола алады. Қазіргі кезде жас ата-аналардың осы қағиданы ұстануы, сала маманы ретінде мені қатты қуантады, – деді Әлия Юсупова.
Ал тәжірибелі дәрігер Дария Төкқұлыева бала гигиенасы мен аурулардың алдын алу тақырыбында терең ой бөлісті:
– Бала денсаулығының негізі – тазалық пен дұрыс дағдыларда жатыр. Қарапайым қол жуу, тіс тазалау, дұрыс тамақтану сияқты әрекеттер көптеген инфекциялық және басқа да аурулардың алдын алады. Денсаулық – ең үлкен құндылық, сондықтан оны сақтау мәдениетін балаға кішкентайынан, ойын түрінде үйретуіміз қажет. Гигиеналық білім беру – бұл болашақ ұрпақтың саулығына салынған инвестиция, – деп түйіндеді маман.
Кездесу қорытындысында қатысушылар бала тәрбиесіндегі спорт пен денсаулық мәдениетінің өзара байланысы туралы ортақ пікірге келді. AMANAT партиясы Әйелдер қанатының бұл бастамасы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға және ата-аналардың білімін арттыруға зор үлес қосты.


