​БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

0
79

Қалада соңғы жылдары білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде.


​БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

Жаңа оқу жылы Шымкент қаласындағы білім беру саласы үшін маңызды міндеттер мен жаңа мүмкіндіктер кезеңін бастап отыр.

Биыл шаһардағы 1 386 білім беру ұйымында 405 мыңнан астам оқушы білім алады. Олардың қатарында алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған 29 мыңға жуық бүлдіршін бар.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, әр баланың сапалы білім алып, қабілетін жан-жақты дамытуына, қауіпсіз әрі қолайлы ортада өсуіне жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Бұл бағыт Мемлекет басшысы айқындаған балалардың құқықтарын қорғау және олардың толыққанды дамуына мүмкіндік жасау жөніндегі басымдықтармен сабақтасып жатыр.
Қалада соңғы жылдары білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы екі жыл ішінде 13 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл тағы 6 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 7 білім беру ұйымында қосымша ғимараттар салынды. Бұл жұмыстар білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтып қана қоймай, оқушылар үшін заманауи әрі жайлы оқу ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Білім беру саласына бағытталған қолдау көлемі де ауқымды. Қала бюджетінің үштен бірі осы салаға жұмсалады. Соның нәтижесінде мектептерді жаңғырту, олардың инфрақұрылымын жақсарту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жаңа оқу жылын жаңарған ғимаратта бастаған №46 мектеп-лицейі – осы жұмыстардың нақты нәтижелерінің бірі.
Бөлісу