​Биыл Шымкентте 40-қа жуық мектепте құрылыс жүргізіліп жатыр

0
1 067

Сондай-ақ, 30-ға жуық балабақша ашылмақ.


​Биыл Шымкентте 40-қа жуық мектепте құрылыс жүргізіліп жатыр

Шымкент қаласы мегаполис болғалы халық саны да көбеюде. Мұндайда ең бірінші қажеттілік баспана мәселесі болса, екінші ретте балабақша мен білім беру ошақтарының жеткілікті болуы аса маңызды. Осы орайда Шымкентте мектеп пен балабақшалардың жағдайына ERNUR.KZ тілшілері зерттеу жасап көрген болатын.

Жалпы, Шымкент қаласындағы мектептерде үш ауысымда білім беретін мектептер жоқ емес. Бұл мәселені жою әкімдік тарапынан 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу арнайы жоспарға қойылып, қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар, Шымқалада жекеменшік мектептердің саны артып жатыр.

Мәселен, биыл қолданысқа берілуі тиіс 24 мектеп болса, оның 20-сы жеке инвестор есебінен салынып жатыр.

Қалалық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенер болсақ, өткен 2021 жылы 11 064 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілген. Оның ішінде 4 мектеп мемлекеттік, ал 21-і жекеменшік. Нәтижесінде, жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеген.

Ал биылғы жаңа 2022-2023 оқу жылында мемлекеттік бюджет есебінен Шымкеттегі №47 және №46 мектепке 300 орыннан, №38 және №80 мектептердің әрқайсысына 375 орындық қосымша құрылыс салынып, кеңейгелі отыр.

Жеке инвесторлар есебінен салынатын мектептің саны көп. Мегаполистің әр ауданынан ашылғалы отырған жекеменшік мектептер де үш ауысымдық білім ұяларындағы жүктемені азайтпақ. Мәселен, тек Абай ауданы бойынша 250 орындық "Кеменгер", 500 орындық «Мадейра Мерей» ЖШС, 575 орындық "Жас дарын-3", 295 орындық "Жас дарын-4", 200 орындық "Асыл Дарын", 450 орындық "FGS-Болашақ ұрпақ мектебі", 400 орындық "Общеобразовательная школа им. Аблай" жекеменшік бастауыш мектебі, 180 орындық «Зерек» жалпы орта мектебі», 100 орындық «SAMGAU» жекеменшік мектептері ашылғалы отыр.

Ал Әл-Фараби ауданы бойынша 1200 орындық "№1 TALANT" жалпы білім беретін мектеп" ЖШС және 300 орындық OSKAR жекеменшік мектебінде алғашқы қоңырау үніі соғылады деп күтілуде.

Сондай-ақ, жеке инвесторлар есебінен Еңбекші ауданында да 500 орындық "Өнер" және 595 орындық «Alash school» ЖШС жекеменшік мектеп өзінің білім алушыларын күтіп алмақ.

Қаратау ауданында да биылғы жылы ашылатын жекеменшік мектептер саны аз емес. 228 орындық Әлихан Бөкейхан атындағы жекеменшік бастауыш мектебі, 1200 орындық "PARASAT AJ" ЖШС, 500 орындық "Keremet-City", 840 орындық «Alan lnternational school», 300 орындық «Жас-Дарын-5», 240 орындық «Нұртас» интеллектуалды жалпы орта мектебі» ЖШС, 240 орындық "Жас-Қанат" және 300 орындық "Жан-Нұр" сынды жекеменжік мектептер ашылғалы отыр.

Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады деп күтілуде.


Шымкентте балабақшалардың да саны артады. Биылғы жылы мегаполисте 30-ға жуық балабақша ашылып, мектепке дейінгі ұйымдардағы кезек жүктемесі де азаймақ. Бұл республикалық маңызы бар миллионды қала тұрғындары үшін маңызды.

Шымкент қаласы білім басқармасының мәліметінше, өткен 2021 жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту жоспары 86,2% белгіленген. 2021 жылы 22 балабақша ашылып, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту жоспары толығымен орындалған көрінеді.

Ал 2022 жылға қаладағы 577 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 86 811 баланың – 88,9 пайызы ( бұл дегеніміз 77 134 бала) қамтылған. Ендігі жерде 2022 жылға 2-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту жоспарын 100% орындау жоспарланған екен.

Осы орайда балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне сәйкес, 2022 жылға әр балаға 41 197 теңге болып белгіленіп, 35 миллиард 665 миллион теңге қаржы қаралды. Қажеттілікке орай 2 480 орынға лайықталған 28 балабақша ашу жоспарланып отыр.

Айта кету керек, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 577 мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істеп тұр, оның 72-і мемлекеттік және 505-і жекеменшік балабақша.

Еліміздің ертеңгі өрендері, білімді ұрпақ тәрбиелеп, келешекке даңғыл жол салуда атқарылып жатқан жұмыстардың бұл бір саласы ғана. Халыққа қолайлы орта қалыптастыруда Шымкент қаласында жоспарлы түрде іске асатын шаруа көп.