ДӘМДӘСTOUR: Шымкентте дәстүрге айналған фестиваль өтті

0
302


ДӘМДӘСTOUR: Шымкентте дәстүрге айналған фестиваль өтті

Шымкент қаласында «ДәмДәсTour» фестивалі биыл да өз жалғасын тауып, мегаполистегі Әл-Фараби алаңында гастрономиялық мереке өтті.

Фестивальға 50-ден астам тамақтандыру орны қатысып, өздерінің дәмді әрі ерекше тағамдарын ұсынды. Шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, аспаздардың тағамдарымен, қолөнер шеберлерінің бұйымдарымен танысты.

Фестиваль кезінде салмағы 24 келі шығатын тандыр самсаның дайындалып, көпшілік дәм татты. Бұл еліміздегі алғаш рет жасалған ең үлкен самса. Бұл туралы Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Бақытжан Сәбитұлы айтты.
- Бүгін бұрын-соңды болмаған рекорд орнатылып жатыр. Алып самсаны пісірген Шымкент - гастрономияның астанасы екенін тағы бір дәлелдеп отыр,- дейді ол.
Ал, алып самсаны әзірлеген «Камал ата» асүйінің бас аспазы Немат Нархожаев. Бұл тағамды әзірлеу үшін 2 апта дайындалғанын және оңай болмағанын айтады.
- Құрамы және пісіру тәртібін еш өзгерткеніміз жоқ. Тек көлемін ұлғайттық. Қиын болғанын жасырмаймын. Алғашында үй жағдайында 17 келі самса әзірледік. Өте сәтті шықты. Ал көпшілікке ұсынған тандыр самса 24 келі шықты, - дейді бас аспаз.
Фестивальде тек тағам ғана емес, сонымен қатар ерекше мотоспорттық шаралар да өтті. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа қалалардан мотобайкерлер Шымкентке арнайы келіп, өздерінің ерекше мотошеруін және мотошоуын ұйымдастырды. Бұл шараға 100-ден астам мотобайкер қатысып, қала көшелерімен өздерінің мотоциклдерімен сәнді шеру жасады.
Жиын барысында қала тұрғындары мен қонақтары, эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасын тамашалады. Ал жиын соңында болған кәсіби отшашу мен алау көрінісі қала тұрғындарына әсерлі сәттер сыйлады.
Бөлісу