Шымкент әкімі тұрғындарды бірге күресуге шақырды.
Шымкент қаласында"Қоғамдық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру: қоғаммен байланыс" тақырыбында қалалық форум өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкент қаласы ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысы бойынша ұйымдастырылған бұл жиынға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, «NUR OTAN» партиясы қалалық және аудандық филиалдарының өкілдері, Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары мен студенттері, мектептер мен гимназиялардың директорлары қатысты.
Форум барысында Алғашқы сөзді алған қала әкімі Ерлан Қуанышұлы Қала тұрғындарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті бірге жүргізуге шақырды.
"Сыбайлас жемқорлық қазіргі қоғамның дерті. Оны мына жерде жоқ демейміз, барлық жерде бар. Бірақ бұл жеке бір мекемелер ғана күресетін мәселе емес, барлығымыз жұмыла атсалысуымыз керек. Мен барлық Шымкент қаласының тұрғындарын осы бір дертпен бірге күресуге шақырамын", - деді Ерлан Айтаханов.
Сонымен қатар, іс-шара аясында «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында бейнероликтер ұсынылып, Шымкент қаласында мерзімді басылымдар журналистері арасында өткізілген үздік журналистік жұмыстар, бейнероликтер, жоғары оқу орындары студенттері арасында өткізілген пікірсайыс және эссе, колледж студенттері арасындағы брейн-ринг байқауларының жеңімпаздарын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында нәтижелі жұмыс атқарған мемлекеттік органдарды марапаттау рәсімі өтті.
Ал, форумның соңында 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған концерттік бағдарлама көрсетілді.