Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.
Шымкентте медбике тұрғынға коронавирусқа қарсы екпе егілгені туралы жалған тіркеу жүргізген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі мәлімдеді.
12-шілде күні Шымкент қаласы Полиция департаментіне қаладағы емхана қызметкерінің Қаратау ауданының тұрғындарына COVID-19 екпесі егілгені туралы жалған анықтама жасап жүргендігі жөнінде ақпарат келіп түскен.
Хабарлама бойынша Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қалалық емханалардың бірінде медбикенің жергілікті тұрғынға COVID-19 екпесі егілгенін растайтын жалған тіркеу жүргізгенін анықтады.
Аталған жайт ҚР ҚК 385-бабының 1-бөлігі (Құқықтар беретiн немесе мiндеттерден босататын куәлiктi немесе өзге де ресми құжатты қолдан жасау не мұндай құжатты өткiзу) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне тіркелді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.
Айта кеткен жөн, бұл қылмысты жасаған азамат екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.