«Қан тапсырып, өзгеге өмір сыйла!»: Шымкентте ауқымды қайырымдылық акциясы өтіп жатыр

0
2 069

Аталған қайырымдылық іс-шарасы 2 күн бойы өтеді.


«Қан тапсырып, өзгеге өмір сыйла!»: Шымкентте ауқымды қайырымдылық акциясы өтіп жатыр

Шымкентте ҚМДБ-ның қалалық өкілдігінің ұйымдастыруымен 2 күндік қайырымдылық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қалалық қан тапсыру орталығында ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Қан тапсырып, өзгеге өмір сыйла!» атты қайырымдылық шарасы жүріп жатыр. Тиісінше, аталған іс-шараға өз үлесін қосуға келіп, кезекте тұрған адамдардың саны өте көп. Шымкент қаласы бойынша өкіл имамның орынбасы Естеміров Мұхамеджанның айтуынша, бүгінгі акция барысында қаладағы 105 мешіттен 200-ге жуық имам мен 100-ге тарта жамағат қан тапсырады деп жоспарланған екен.

«Бұл акцияны жыл сайын бірнеше рет ұйымдастырамыз. Біріншіден қан тапсыру – Пайғамбарымыздың сүннеті болса, екіншіден өзге адамдар мен әркімнің өз өміріне, денсаулығына өте пайдалы. Сондықтан әр адам осы шараға қатысып, қан тапсырса өте игі іс болар еді», - дейді Мұхамеджан Естеміров.

Сондай-ақ, қан тапсыру орталығының қызметкері Үсенова Сандуғаштың сөзіне сүйенсек, мұндай акциялардың өтуі қан жоғалтқан адамдарды қанмен қамтамасыз етуге үлкен көмек болады екен. Одан бөлек, донор болуға келген адамдар алдын ала анализ тапсыратындықтан, өз денсаулығы жайында да толық ақпарат біле алады.

Сонымен қатар, Ұлжан Егембердиева есімді 3 жылдан бері қан тапсырып келе жатқан қала тұрғыны бұл акцияың пайдасы мол екенін жеткізді.

«Мен осы орталыққа келіп, өзгелердің өмірі үшін тұрақты түрде қан тапсырып жүрмін. Оның үстіне қан тапсыру өз организмім үшін де пайдалы. Қан тапсырып болғаннан кейін, өзімді өте жақсы сезінемін және әріптестерімді, көршілерімді донор болуға әрдайым шақырып жүремін», - дейді бүгін де донор болуға келіп отырған қала тұрғыны Ұлжан Егембердиева.

Айта кетейік, бүгін сағат 15.00-ге дейін өтетін іс-шараға үлгере алмағандар, ертең, яғни 26 қыркүйек күні Шымкент қалалық қан тапсыру орталығына сағат 9.00-15.00 аралығында келіп, донор атана алады.