Вице-премьер қазіргі таңда ол қаланың 10%-ын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандықтың жұмысымен танысты.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Шымкенттегі энергиямен қамтамасыз ететін стратегиялық нысандарды аралап, қаланың активімен «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жоспарын іске асыру бойынша кеңес өткізді.
Әкімдіктің мәліметі бойынша, бүгінде 29 км жылу желісі және 330 км электр желісі реконструкцияланды. Қазандықтар жөнделіп, 50 электр трансформаторлары ауыстырылды. Кеңес барысында тек желілердің ғана емес, электр подстанцияларының құрылысы да Ұлттық жобаға енгізілуі ұсынылып, мақұлданды. Осылайша, Шымкентте 400 км-ден астам ескірген электр желілерін ауыстыру және қуаты 125 МВт болатын жаңа «Қызылсу» электр подстанциясының құрылысы қарастырылып жатыр.
Кейін Вице-премьерге әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандықтың жұмысын көрсетіп, қазіргі таңда ол қаланың 10%-ын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырғаны жеткізілді. Жергілікті билік 2027 жылға дейін қолданыстағы 5 қазандыққа қоса жалпы қуаты 120 Гкал болатын 4 қазандық орнатуды жоспарлап отыр, бұл қалаға жылу беру көлемін 20%-ға арттырады (150-ден 530 үйге дейін).
Сонымен қатар, Канат Бозымбаев өңірдегі жалғыз ТЭЦ-3 станциясын аралап, ол қалаға 70% жылу және 30% электр энергиямен қамтамасыз ететінін атап өтті. ТЭЦ-3-тің қалаға дейінгі жылу желісінің жалпы ұзындығы 60 км-ге жуық, ал олардың тозуы 90%-ды құрайды. Осыған байланысты, Ұлттық жобаға осы жылу желілерінің 17 км реконструкциялауын қосу туралы шешім қабылданды.