Жиынға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия, мемлекеттік органдар және ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Шымкент қаласында Көші-қон жөніндегі жаһандық шарттың жұмысын жандандыру, БҰҰ Көші-қон желісінің елімізде сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Қазақстандағы көші-қон процестерінің заманауи бағыттары» тақырыбындағы жиынға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия, мемлекеттік органдар, ҮЕҰ өкілдері қатысып, пікір алмасты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ильяс Испанов Қазақстан Республикасының көші-қон сяасатының мақсаттары мен міндеттеріне жан-жақты тоқталып, негізгі бағыттарда атқарылған жұмыстарды баяндады. Қазіргі таңда білікті кадрларды даярлау, жаңа технологияларды енгізу, шетелге шыққан азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері өзекті.
БҰҰ Бас ассамблеясы халықаралық көші-қон саласындағы ынтымақтастықтың негізінде Көші-қон жөніндегі жаһандық шартты мақұлдаған еді. Бұл орайда көші-қон саясатын жетілдіру, мигранттар үшін жеңілдіктер қарастыру, мәселелерді барынша азайту көзделген.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов қалада бұл салада жүзеге асқан жұмыстардан хабардар етті.
– Соңғы жылдары Шымкент қаласына келуші шетелдіктердің саны артып отыр. Биыл 1000-нан астам адам қалаға көшіп келді. Қандастарды бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Бүгінде шетелдік жұмыс күшін тарту өзекті мәселенің бірі. Бізде мұнай-газ, жалпы техникалық салаларда мамандар жетіспейді. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді Ғ.Мәуленқұлов.
Сондай-ақ, іс-шарада «Қоғамдық пікір» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Айгүл Мәжитова қауіпсіз, реттелген және заңды көші-қонды қамтамасыз ету мақсатында халықарлық серіктестікті және жаһандық ынтымақтастықты нығайту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Бірқатар зерттеу жұмыстарының қорытындыларымен таныстырды.
«Сана сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» ҚБ директоры Шахноза Хасанова, Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссиясының өкілдері баяндама жасады.