14 наурыз – Көрісу Амал мерекесі Шымкентте кең көлемде аталып өтті.
Наурыз мейрамының бастауы саналатын бұл күн қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық дәстүрлерімізді дәріптей отырып, ерекше көңіл-күй сыйлады.
Астана алаңында Мәдениет және өнер саласының өкілдері «Көрісу» рәсімін өткізіп, қала тұрғындарына ақжарма тілектерін арнады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері Ордабасы ауданында бас қосып, ұлттық дәстүріміз «Көрісу» жоралғысын жаңғыртты. «Шәмші» аллеясында өткен шарада екі өңірдің өнерпаздары мен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері ізгі тілектерін арнап, соңы мерекелік концертке ұласты.
Шаһарымыздың ең ірі сауда орталықтарында да мерекелік шаралар легі жалғасын тапты. Қоғамдық көліктерде әуежай мен теміржол вокзалында жолаушыларды ән-шашумен қарсы алған өнер ұжымдары, көрісу жоралғысын жасады.
Айта кету керек, мерекелік іс-шаралар 14-23 наурыз аралығында «Наурызнама» онкүндігі аясында қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік бағдарламаларды ұсынуды жалғастырады.