Қылмыстың ашылуына көмектескен 19 жастағы шымкенттік марапатталды

0
2 603

Ұрының қашуына бөгет болған Ерсұлтан Оңғарбайға алғыс хатты табыс етілді.


Қылмыстың ашылуына көмектескен 19 жастағы шымкенттік марапатталды

Шымкентте қылмыстың ізін суытпай ашылуына көмектескен 19 жастағы ер азамат марапатталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы ішкі істер органдарына қылмыстарды ашуға көмек көрсеткен, қырағылық пен батылдық танытқан азаматтарға үнемі құрмет көрсетіп, марапаттайды.

Мысалы, 2 қаңтарда Шымкент ҚПД Жедел басқару орталығының “102” каналына жергілікті тұрғынның автокөлігіне белгісіз біреу кіріп, ішіндегі заттарды ұрлағаны бойынша ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына шұғыл жеткен патрульдік полиция полкінің қызметкерлері автокөліктің иесі күдіктінің заңсыз іс-әрекеттің жолын кесіп, оған бой тасалауына жол бермегенін анықтап, күдіктіні полицияға жеткізген.

Шымкент ҚПД ЖПҚБ-ның бастығы Мухтар Бухарбаев Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетовтың тапсырмасымен қырағылық танытқан, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қылмыстың жолын кесуге және қылмыскерді ізін суытпай ұстауға белсенді көмек көрсеткен Ерсұлтан Оңғарбайға алғыс хатты табыс етті.

"2021 жылғы 2 қаңтар күні таңғы уақытта жұмысқа бара жатқан кезде үйден шығып, автокөлігімнің алдына барғанымда, автокөліктің ішінде бөгде адамды байқадым. Күдікті азамат қашуға әрекет жасады. Бірақ мен оған жол бермей, ұрланған айғақты заттарды Абай АПБ-ның жедел-тергеу тобына тапсырдым. Бүгін Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығы маған құрмет көрсетіп, осы еңбегімді жоғары бағалап, алғыс хатпен марапаттады. Жастарды елге адал қызмет етуге, елдің патриоты болуға шақырамын. Болашақта менде полиция қызметкерлері сияқты адамдарға көмектесуді армандаймын", – деді Ерсұлтан Оңғарбай.