«Lux Shoes»: Шымкенттік аяқ киім өндірісі жаңа желіні іске қосты

0
692

Фабрика 120 жұп және 150 жұп резеңке табанын дайындауға қауқарлы.


«Lux Shoes»: Шымкенттік аяқ киім өндірісі жаңа желіні іске қосты

Шымкенттік аяқ киім өндірісі жаңа желіні іске қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ел экономикасының күші – отандық өнімде. Шымкенттік «Lux Shoes» фабрикасы заман талабына сай итальяндық технология бойынша, түркиялық «FANTES» және «COMELZ» маркалы құрылғылармен аяқ киім тігеді.

2018 жылдан бері нарықта отандық өндіріске үлес қосып келе жатқан компания жақында аяқ киім тігудің жаңа желісін іске қосты. Яғни, «Lux Shoes» БК» ЖШС-нің аяқ киім табандары өндірісі Шымкент қаласының «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Фабрика 120 жұп және 150 жұп резеңке табанын дайындауға қауқарлы. Отандық аяқ киім өндірісіне маманданған кәсіпорын 2018 жылдың тамызында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жұмысын бастаған. Жобаның инвестиция көлемі – 693 миллион теңге. Фабрикада 45 адам жұмыс істейді. Аяқ киімнің барлық түрлері таза былғарыдан жасалған және сапалылығымен ерекшеленеді.

Өз кезегінде, арнайы экономикалық аймақтың дайын инфрақұрылым түріндегі жеңілдіктері мен преферациялары, жерге, мүлікке салықтардан, корпоративтік табыс салығынан босату, импорттық ҚҚС-тан босату, импортталатын шикізат пен жабдыққа кедендік баждар кәсіпорынның тұрақты дамуына және нарықты отандық өндірістің бәсекеге қабілетті өнімдерімен толтыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Shymkent Qagazy» ЖШС жылына 3 млн картон қорабын және 10 мың тонна крафт қағазын шығаруда. Қазір шымкенттік тауарлар еліміздің барлық аймақтарына жөнелтілуде. Макулатура автоматтандырылған қондырғылардың көмегімен өңделеді. Осыдан үш жыл бұрын іске қосылған кәсіпорын өнімдеріне сұраныс артып отыр. Алдағы уақытта серіктестік жаңа бағыттарды іске қосып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлауда. Бұл желілер жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Оңтүстік» АЭА-да аймақтағы жалғыз 3 және 5 қабатты гофрленген картон өндіруші «KazbioLife» ЖШС кәсіпорны орналасқан. Өндірістік қуаты жылына 60 миллион шаршы метр гофрленген картон және картоннан қаптама қораптарын құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорын өндірісті кеңейту мақсатында екінші жобасын іске асыруда.