Сауда орындарын аралап көрген әкім кәсіпкерге қауіпсіздік мәселесі бойынша бірнеше ескерту айтты.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы базарлардың санитарлық тазалығы мен өртке қарсы талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында бірқатар базарлардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қала басшысы ең алдымен автобөлшектер саудалайтын «Шымкент-Тұлпар» базарында болды. Заманауи үлгіде бой көтерген ірі сауда орнында қауіпсіздік жүйесі талапқа сай орнатылған. Тұтынушылар мен сатушыларға таза, ыңғайлы жағдай жасалған ірі сауда орталығының жұмысына қала басшысы оң бағасын берді.
Мұнан кейін, қала шетінен жаңадан салынған «Сандыбаев» мал базарын көрді. Аумағы 10 гектарды алып жатқан базардың құрылыс жұмыстары біткен. Карантин жағдайы аяқталса, шаруалар мен қала тұрғындарын қабылдауға әзір. Мұнда ірі қара мен қой, жылқы малдарын сататын бөлек-бөлек секциялар қаралған. Асхана, намазхана мен зертханасы, мал дәріханасы да бар. Базар иесі Дәуренбек Сандыбаев көлемі 4 гектар болатын бұрынғы мал базарының орнына шаһарды айналып өтетін жүк көліктеріне арнап логистикалық орталық ашуды ұсынды. Кәсіпкер жаңа нысанның эскиздік жобасын да дайындап қойыпты. Мұрат Әйтенов, жобаны жан-жақты зерделеу қажеттігін, барлық талаптарға сай болса бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Бұдан соң қала әкімі «Қапланбек» базарына барды. Ондағы сауда орындарын аралап көрген әкім кәсіпкерге қауіпсіздік мәселесі бойынша бірнеше ескерту айтты.
Сапары барысында қала басшысы қайта құру жұмыстары жүріп жатқан «Көмеш-бұлақ» базарында болды. Құрылыс жұмыстары аяқталмай, базар жұмысын бастап жіберген сауда орталығының иесіне әкім ескерту берді. Сондай-ақ, кәсіпкердің қайта құру жұмыстарына жауапты мекемелерден рұқсаты болмай шықты.
Сондықтан заң аясында айыппұл салынатын болады. Өз кезегінде, кәсіпкер орын алған олқылықтардың орнын жоюға уәде етті.