​МӘМС: Науқас сұраған қызметке жоқ деуге болмайды

0
1 235

Сақтандыру жүйесі бойынша науқастарға көрсетілетін қызметтерге ешқандай кедергі жоқ.


​МӘМС: Науқас сұраған қызметке жоқ деуге болмайды

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров Шымкенттегі медицина ұйымы басшыларымен өткен кездесуде науқас сұраған қандай да медициналық қызмет көрсетілуі тиіс екендігін мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров және министрліктің инвистициялық саясат департаментінің директоры Аслан Кинаятов бастаған аймақтың штаб мүшелері көрсетіліп жатқан медициналық қызметтердің жан-жақтылығын, толықтығын қарау мақсатында Шымкент қаласындағы бірқатар медициналық мекемелерді аралап шықты. Жұмыс топ өкілдері қаладағы сегізінші және он үшінші емханаларды аралап, тіркеу бөлімінің жұмысы арқылы пациенттердің мәртебесін және сақтандырылғаны жөнінде ақпаратты тексеріп көрді. Сондай-ақ емханада медициналық қызмет көрсететін бейінді мамандардың жұмыс кестесін бақылады.

Нақтырақ айтқанда,жұмыс тобы науқастар үшін бейінді мамандар қызметінің қаншалықты қолжетімді екенін бірыңғай КМИС жүйесі арқылы тексерді. Мұнан соң Камалжан Талғатұлы бастаған жұмыс тобы кардиологиялық орталықтың жұмысымен танысты.

Кардиологиялық орталықтың директоры Ермағанбет Қуатбаевтың сөзінше, сақтандыру жүйесі бойынша орталыққа шұғыл жағдайда жеткізілетін пациенттерге көмек көрсетуде ешқандай кедергілер жоқ. Себебі жаңа жүйе бойынша науқастарға жедел көмек көрсету бұрынғыша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңбері негізінде көрсетіледі.

"Ағымдағы жылдың бірінші сәуіріне дейін кез-келген пациенттің мәртебесі шартты түрде сақтандырылған. Сондықтан медицина мамандары науқастарға бас тартпауы тиіс. Қандай жағдай болмасын пациенттің пайдасына шешілуі тиіс. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры әрдайым көмектесуге дайын. Сондай-ақ 1406 нөмірі арқылы тәулік бойы сақтандыру қорының колл орталығына хабарласуға болады. Медициналық ұйымдарды аралау кезінде емханалардың жаңа жүйе бойынша жұмыс істеуге дайын екендеріне көз жеткіздік. Барлық мамандардың жұмысына алғысымды білдіремін", - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Талғатұлы аймақтық штаб мүшелерінің қатысуымен қалалық әкімдікте өткен жиында.

Айта кетейік, биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғалы Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы көлемі 35 пайызға артып отыр. Нәтижесінде науқастарға қол жетімді медициналық қызметтер саны көбейген. Биыл қаладағы медициналық ұйымдарда реабилитациялық қызмет көрсететін 600-ден аса төсек орынға ашылды. Оңалту емін жүргізетін ұйымдардың басым бөлігі қала тұрғындарына тәулік бойы медициналық қызмет көрсетеді.

Шымкент қаласы бойынша денсаулық сақтау басқармасына қарасты 7 ұйымда бірыңғай жүйе арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ситуациялық орталық ашылған. Осының арқасында мамандар денсаулық сақтау саласындағы мәселердің шешілуін дер кезінде қамтасыз етеді. Сонымен қатар, қаладағы медициналық ұйымдарда пациенттерді электронды денсаулық куәлігімен қамтамасыз ету 100 пайызды құрап отыр.