Мүгедектігі бар азаматтарды қоғам өміріне белсенді тарту және олардың еңбекпен қамтылуына мүмкіндік жасау — бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Шымкент қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы осы бағытта ауқымды және жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Мекеме негізгі назарды мүгедектігі бар жандардың өмір сапасын жақсартуға, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға және еңбек нарығына толыққанды араласуына бағыттап отыр.
Атап айтқанда, Еңбек мобильділігі орталығы мүгедектігі бар азаматтарға кәсіптік оқыту курстарын ұйымдастыру, жұмыс орындарына жолдау, арнайы бағдарламалар арқылы жұмысқа орналастыру сияқты кешенді қолдау шараларын іске асыруда. Сонымен қатар, жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастық орнатып, мүгедектігі бар адамдар үшін бейімделген жұмыс орындарын құру жұмыстары да белсенді жүргізіліп келеді.
Мысалы, Орталықта 2025 жылға 1 120 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған болатын.
Осы жылдың 22 сәуіріндегі мәліметке сәйкес, орталық арқылы 314 адам жұмыспен қамтудың түрлі белсенді шараларына тартылды.
Солардың бірі, Шымкент қаласының тұрғыны Хасан Қазақбаев мүгедектігі бар тұлға ретінде жұмыспен қамтылды. Бүгінде ол Еңбек мобильділігі орталығының Қаратау ауданы бойынша мансап орталығының жолдамасымен аудан әкімдігіне қарасты “Каратау” КММ -де қоршаған ортаның тазалығына жауапты қызметкер болып жүр.
Әріптестері Хасан ағайдың ұқыптылығы мен өз жұмысын аса жауапкершілікпен орындайтынын айтады.
Айта кетейік, мегаполисте мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың Қаулысына сәйкес, қала аумағындағы 60 мекемеде 200 жұмыс орнына квота белгіленген. Бүгінгі таңда 31 азамат осы квота шеңберінде жұмысқа жолданып отыр.
Еңбек мобильділігі орталығы алдағы уақытта да мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсарту және еңбек нарығына тарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырмақ.