Кездесуге 300-ге жуық аудан тұрғыны қатысты.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қаратау ауданы тұрғындарымен есепті кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кездесуге қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары, 300-ге жуық аудан тұрғыны қатысты.
"Ашық диалог" форматында өткен кездесу барысында қала әкімі тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап беріп, алдағы жоспарлармен таныстырды. Көтерілген проблемалық мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітілетінін түсіндіріп өтті.
1 - ші жартыжылдықта Қаратау ауданы тұрғындарымен 63 кездесу өтіп, онда 328 мәселе көтерілген. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 139 мәселе шешілген, 189 орындалуда. Оның ішінде 71 мәселе алдағы екі жыл көлемінде шешімін табады. Шешімін тапқан әрбір мәселе «қоғамдық бақылау» кеңесімен расталып отырды.
266 мыңнан аса халқы бар ауданда шешілмеген түйткілді мәселелердің әлі де көп екеніне тоқталған М.Әйтенов, жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.
Қала әкімінің Қаратау ауданы тұрғындарымен өткен есепті кездесуінде аудан әкімі Р.Мүлкеманов негізгі көрсеткіштерді атап, жоспарлармен таныстырды.
Қаратау ауданында 12 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды.
Оның бірі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы – 23 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 1500 жұмыс орнын құрумен 21 жоба іске аспақ.
Екіншісі – «Агроиндустриалды аймақ» өндірістік жылыжай кешені - 11 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 369 жұмыс орнын құрумен 14 жоба жүзеге асады.
Жиын барысында аудан әкімі Р.Мүлкеманов ауданның инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу барысы туралы да айтты.
2023 жылы ауыз сумен қамтуды 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Осы мақсатта биыл Нұртас су жинақтағыш магистралды құбырының құрылысы аяқталады. Ал Қайнарбұлақ және Асар-2 елдімекенінде құрылыс жүргізіліп, келер жылы пайдалануға беріледі.
Достық пен Асар-2 тұрғындары сапалы электр желісіне қол жеткізеді. Тассай шағын ауданында құрылыс жұмыстары осы жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Нәтижесінде биыл ауданды электрмен қамту 97 пайызды құрамақ.