Колледж студенттері жастар кәсіпкерлігі, жеңілдетілген несие беру жөнінде өз сауалдарын қойды.
Шымкент қаласында ҚР Президентінің Жолдауы аясында М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжі жастарымен «New public management» тақырыбында кездесу өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, қалалық мәслихат депутаты Бақыт Қыдырбаев Мемлекет басшысының Жолдауындағы басым бағыттарға тоқталып, оны іске асыру мәселелерін талқылады.
Спикерлер жаңа экономикалық саясат, жастар кәсіпкерлігін дамыту, әлеуметтік саланың әлеуетін көтеру, адами капиталды дамыту, саяси реформаларды жан-жақты түсіндіріп берді.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел дамуының алдағы басым бағыттарын нақтылап берді. Адами капиталды дамытуға жеткілікті қолдау көрсетілуде. Қазір білім, медицина саласында жаңа технологиялар енгізіліп, бәсекелестік артып келеді. Бәсекелестік заманында білім алып, өз салаларыңның үздік маманы болуларың керек, – деді Ж.Бектаева.
Мәслихат депутаты Б.Қыдырбаев ендігі кезекте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстанып, жастарды Әділетті Қазақстанды құруға өз үлестерін қосуға шақырды.
Колледж студенттері жастар кәсіпкерлігі, жеңілдетілген несие беру жөнінде өз сауалдарын қойды.
Сонымен қоса, ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауы ҮЕҰ мен ҚХА мүшелері арасында насихатталды.
— Мемлекет басшысы жыл басынан бері екі мәрте, яғни наурыз және қыркүйек айында халыққа Жолдау жолдады. Алғашқы құжатта Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы негізгі бағыттарға тоқталды. Референдум өткізіп, Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу арқылы әділетті, әрі ашық қоғам қалыптастыруды қолға алды. Тіптен, өзгерісті өзінен бастады десек артық емес. Яғни, Президенттің туыстары жоғары лауазымды мемлекеттік қызметке тағайындалмайтын болды. Ал, қыркүйектегі құжатта білім, медицина мен әлеуметтік салаға басымдық берілді. Мемлекет басшысы «Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек» дей келе, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды, - деді Сұлтанғали Қуандық.
Сонымен қатар, жиын барысында үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ширатып, қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында да атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Кездесу қонақтары өзара пікір алмасты.