ӨМІРІН ОҚҚА АЙЫРБАСТАҒАН ЕР ЖҮРЕК ӘЙЕЛ

0
359

Оның тағдыры – тарих сабағы, ерлік пен табандылықтың айғағы.


ӨМІРІН ОҚҚА АЙЫРБАСТАҒАН ЕР ЖҮРЕК ӘЙЕЛ

Майдан даласында мәңгілік ерлік ізін қалдырған жан аз емес. Тарих беттерінде аты алтын әріптермен жазылмағанымен, ұрпағы үшін қасықтай қаны қалғанша жаумен алысқан адамның бірі – Нина Мосунова. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау заманында ер азаматтармен бір сапта жүріп, от кешкен батыр. Ал бейбіт күнде адал еңбекпен елге қызмет еткен абзал жан.

Нина Егоровна 1924 жылы 9 наурызда Татарстан Республикасының Урустамак ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан ол 1939 жылы мектеп бітіріп, ауыл шаруашылығында жұмыс істей бастайды. Бір жылдан соң-ақ шошқа фермасының меңгерушісі қызметіне тағайындалып, жауапкершілікті жастайынан арқалаған.
1942 жылдың қазан айында, небәрі 18 жастағы өрімдей қыз Отанды қорғау үшін өз еркімен әскерге аттанады. Казань қаласында телеграфист мамандығын меңгеріп, кейін Горький қаласында қызмет етеді. Алайда тылдағы жұмыс оны қанағаттандырмады. Сөйтіп отқа түссе де ел мен жерді қорғауды мақсат еткен ол жауынгерлермен бірге майдан шебіне баруға бел байлайды.
1943 жылы Можайск маңындағы қанды шайқастарда пулеметші ретінде жауға қарсы тұрған. Кейін 36-шы әскери бөлімнің «Зенит» бригадасына ауысып, радистер бөлімінің командирі қызметін атқарады. Байланысшы ретінде жауынгерлердің өміріне жауапты болу – үлкен батылдық пен жылдамдықты, ептілікті талап ететін. Бұл жауапты міндетті Нина Егоровна ерлерше атқарып, от пен оқтың ортасында шынықты.
Жеңіс туының желбіреуіне жан аямай күрескен ерлігі ескеріліп «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталады. Бұл оның майдандағы ерен еңбегінің жарқын дәлелі болса керек. Кеңес одағының батыры Александр Матросовтың «Өлсем – менің орнымды басқалар басады. Тірі қалсам – тағы да күресемін» деген өмірлік ұстанымы Нина Егоровна үшін де өмірлік қағидаға айналған. Оның майдан даласында ерлермен тең иық тіресіп, рациямен бағыт беріп, оқ жауып жатқанда да тапсырманы бұлжытпай орындаған.
Соғыс аяқталған соң, 1945 жылы Башқұртстанның Октябрьск қаласына ауысып, бейбіт еңбекке араласады. Кассир болып жұмыс істеп, ел экономикасын қалпына келтіріп, аяқтан тұруға атсалысты. 1948 жылы Қазақстанның топырағына, соның ішінде Шымкент қаласына қоныс аударып, осы жерде өмірінің елеулі бөлігін өткізеді. Алғашында кітапханада жұмыс істесе, кейін «КазЮгвзрывпром» мекемесінде хатшы-машинист ретінде ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, маңдай терін төкті.
Бүгінде Нина Мосунованың артында қалған ізгі жолы ұрпақтар жүрегінде өмір сүріп келеді. Бір ұлынан тараған екі немересі мен бес шөбересі – оның өмір жолының жалғасы ғана емес, халқына, Отанына деген сүйіспеншіліктің көрінісі.
Расында да, Нина Егоровна – тек соғыс ардагері емес, бейбіт өмірде де еңбекпен шыңдалған тұлға. Оның тағдыры – тарих сабағы, ерлік пен табандылықтың айғағы. Өйткені Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең қасіретті әрі қаһармандық жылдарға толы кезең. Бұл соғысқа қатысқан әрбір адамның тағдыры бір-бір романдай. Мысалы соғыс жылдары пулеметші, радист, байланысшы ретінде майдан даласында ерлікпен шайқасқан Нина Егоровнаның өмір жолы – сол кездегі мыңдаған ару қыздардың бейнесін, олардың Отан үшін от кешкен батырлығын көрсетеді.
Бөлісу