​«ОҢТҮСТІК» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА 2 МЫҢНАН АСА АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

0
514

Биыл жоба құны 0,56 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске қосып, 110 адам тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған.


​«ОҢТҮСТІК» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫНДА 2 МЫҢНАН АСА АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАН

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған аймақ мемлекет басшысының тапсырмасымен мақтаны қайта өңдеу өндiрiстерін, тоқыма және тігін өнеркәсiбiн дамыту мақсатында құрылған. Бүгінде өндірістік бағыттары кеңейтіліп, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, жиһаз шығарушылар, фармацевтика, машина жасау және химия өнеркәсібі салалары жолға қойылған.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы жоба құны 130,52 млрд теңгені құрайтын 62 жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде, 3 745 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда жалпы жоба құнының ішінде инвестиция сомасы 58,4 млрд теңгені құрайтын 35 жоба іске асырылып, 2 085 жұмыс орны ашылды. Ал 2010 жылдан бастап 2023 жылдың III тоқсанына дейін «Оңтүстік» АЭА-ның қатысушы кәсіпорындары өндірген тауар көлемі 175,7 млрд теңгені құрап, өнімнің жартысы (80,79 млрд теңге) 23 елге экспортталды.
Биыл жоба құны 0,56 млрд теңгені құрайтын 3 жобаны іске қосып, 110 адам тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Алдағы уақытта өндірістік кәсіпорындардың ауқымы кеңейіп, 2026 жылы инвестиция сомасы 72,12 млрд теңгеге жетеді. Нәтижесінде 27 жоба іске асып, 1 660 жұмыс орны ашылады.
Қала әкімі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының жұмысымен танысу барысында кілем және кілем бұйымдары мен полипропиленді жіп өндіруші «Бал Текстиль» ЖШС және шұлық шығаратын «Әлем-БТ» ЖШС фабрикаларын аралады.
Елімізде халықаралық деңгейдегі тұңғыш кілем тоқыма фабрикасы «Бал Текстиль» ЖШС-тың жалпы жоба құны 11,263 млрд теңгені құрайды. Ашылған уақыттан бүгінге дейін 44,2 млрд теңге сомасында тауар өндірді. Ал ішкі нарықта кеңінен танымал шұлық шығаратын «Әлем-БТ» ЖШС кәсіпорнының инвестиция көлемі – 1,8 млрд теңге. Қазіргі уақытта өнім көлемі 6,68 млрд теңгеге жеткен.
Қала әкімі мемлекеттік қолдау аясында АЭА-ның экспорттау қабілетін арттыра түсу керектігін жеткізді.