​«Рекордтық көрсеткіш»: Париж олимпиадасында шымкенттік 10 спортшы бақ сынайды

0
371


​«Рекордтық көрсеткіш»:  Париж олимпиадасында шымкенттік 10 спортшы бақ сынайды

Төрт жылдықтың басты додасы Париж Олимпиадасына Шымкенттен 10 спортшы барады. Бұл Республика бойынша рекордты көрсеткіш.


Нысана көздеуден Ирина Юнусметова бақ сынамақ. Ол оқ ату спортынан ҚР Ұлттық құрама мүшесі, 2001-жылы Шымкентте дүниеге келген. Спорттық мансабын 2016-жылдан бастаған. Якутияда өткен «Азия балалары – 2016» сайысының 2-орын жүлдегері, «ТМД елдерінің 1-ші ойыны» жарысының 1-орын жүлдегері, 14, 15- Азия чемпионатының 2-орын иегері атанған. Ирина – жасөспірімдер арасындағы әлемдік рекордшы, ҚР чемпионаттары мен халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы және жүлделі орындардың иегері. Әлем кубогын жеңіп алған спортшымыз Париж төрінде де көк туымызды желбіретеді деген сенімдеміз.


Бүкіл ел қызыға тамашалайтын бокстан шымкенттік Сабырхан Махмудов сайысқа түседі. Ол 2001-жылыТүркістан облысына қарасты Төлеби ауданында дүниеге келген. Шымкент қаласында Бокс түрлерінен кәсіби спорт клубында жаттыққан. Жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы, жастар арасында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Сабырхан Махмудов ересектер арасында өткен Әлем чемпионатында да топ жарып, күміс жүлдені иеленген. 2022, 2024 жылдары өткен Азия чемпионатында да өзінің кәсібилігімен көзге түсіп, жеңімпаз атанған. Ал 2023-жылы Ташкентте өткен Әлем чемпионатында қарсыластарын ойсырата жеңіп, жанкүйерлерін қуантқан.



Грек-рим күресінен шымкенттіктер Әлімхан Сыздықовқа сенім артып отыр. Спортшымыз 1994-жылы Шымкентте туған. Әр жылдары Азия чемпионатың, 1-орын, 2-орын, 3- орын иегері атанған. Биылғы жылдың сәуір айында Бішкекте бақ сынап, 130 кило салмақ дәрежесі бойынша Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Грек-рим күресінен еліміздің бірнеше дүркін чемпионы атанған палуанымызға сәттілік серік болады деп сенеміз.



Спорттың көркем гимнастика түрінен Эльжана Таниева бақ сынайды. Спорт академиясында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша 2-курс студентінің осы күнге дейін жеткен жетістіктері аз емес. Ол Азия кубогының алтын жүлдегері, Азия чемпионатының 2 алтын, 1 қола медалінің иегері атанып үлгерген. Әлем Кубогының қола медалін қанжығасына байлаған, Азия чемпионатының 1 алтын, 2 күміс медалін, Ресейде өткен Гран-при жарысының күміс медалін алған. Азия чемпионатында мінсіз өнер көрсетіп, жеңімпаз атанған. Әлем Чемпионатыны финалисі атанған.


Сондай-ақ Париж олимпиадасында байдарка және каноэ есуден Сергей Емельянов, Руфина Искакова, Сергей Токарницкий, семсерлесуден Эльмир Алимжанов пен Сертай Ерлік сынды сайыпқырандар бақ сынайды. Жүзден жүйрік шыққан спортшыларымызға сәттілік тілейміз! Көк туды көкке көтеріп, жеңіспен оралатынына сенім мол.